Ғашықтар күнінде қандай кино көреміз? Отандық фильмдер топтамасы

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Бүгін, 15 сәуір – махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күні. Мерекелік кешті сүйіктіңізбен ерекше өткізгіңіз келе ме? Ендеше, El.kz интернет-порталы назарларыңызға ғашығыңызбен көруге болатын танымал қазақстандық фильмдер тізімін ұсынады.

«Қыз-жігіт»

Бұл – қазақ киносының алғашқы махаббат тақырыбын көтерген ескі, бірақ мәні терең фильмдерінің бірі. Туынды 1955 жылы жарыққа шыққан.

Жасанды интеллектпен өңделген

Фильм Айдар мен Ғалияның арасындағы сезім туралы. Екеуі бір-бірін жақсы көреді, бірақ болмашы түсініспеушілік олардың арасына сызат түсіреді. Осы сәтті сырттай бақылап жүрген Аңғарбай өз пайдасына пайдаланғысы келеді.

Ғалия рөлін Лидия Ашрапова, Айдарды Кененбай Қожабеков, ал Аңғарбайды Мүлік Сүртібаев сомдайды. Сондай-ақ фильмде Сәбира Майқанова да бой көрсетеді.

Бұл кино махаббатта ең қауіпті нәрсе түсініспеушілік екенін көрсетеді. Кейде бір ауыз сөз айтылмай қалса, үлкен сезімге сызат түсуі мүмкін.

«Махаббат бекеті»

Қазақ киносының классикасына айналған бұл туынды алғашқы махаббаттың шынайы болмысын еш боямасыз көрсетеді. Оқиға мектеп қабырғасынан басталып, Гүлназ, Орал және Жеңіс арасындағы сезім арқылы өрбиді.

Ашық дереккөзден алынды
Фильмнің жалғасы. Ашық дереккөзден алынды

Бастапқыда бәрі қарапайым көрінгенімен, қызғаныш пен бәсеке екі жастың қарым-қатынасына әсер етпей қоймайды. Соған қарамастан уақыт өткен сайын бұл сезімнің жай ғана өткінші емес екені байқалады.

Жылдар өте тағдыр оларды қайта жолықтырады. Алғаш кездескен бекеттегі сол сәт фильмнің ең әсерлі көрінісіне айналған.

Бұл кино – өткенді еске алуға және шынайы сезімнің қадірін түсінуге себеп болатын туынды.  

«Гауһартас»

Қазақ киносының классикасына айналған бұл туындыны режиссер Шәріп Бейсембаев түсірген. Фильмде басты кейіпкер Салтанаттың рөлін Жанна Қуанышева сомдайды. Ал оның жары Тастан бейнесін Әнуар Боранбаев шебер жеткізген. Қайыркен рөлінде Сапарғали Жәкішев ойнайды. Сондай-ақ фильмде Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова секілді қазақ киносының майталмандары да бой көрсетеді.

Ашық дереккөзден алынды

Фильмде ауылға келін болып түскен Салтанаттың тағдыры баяндалады. Жаны нәзік, мейірімді қыз барған үйіне жылулық сыйлайды. Алайда жары Тастанның салқын мінезі оның өмірін күрделендіре түседі. Салтанаттың үнсіз төзімі мен ішкі күйзелісі көрерменге ерекше әсер қалдырады.

«Гауһартас» – махаббаттың тек сезім емес, түсіністік пен қамқорлықтан тұратынын көрсететін, жүрекке жақын туынды.

«Қыз Жібек»

Қазақ киносының алтын қорына енген бұл фильмді режиссер Сұлтан Қожықов түсірген. Туындыда Жібек рөлін Меруерт Өтекешова, Төлегенді Құман Тастанбеков, ал Бекежанды Асанәлі Әшімов сомдайды.

Ашық дереккөзден алынды

Фильм Төлеген мен Жібектің адал әрі таза махаббатын баяндайды. Бірақ олардың бақытына қызғаныш пен бақталастық кедергі келтіріп, оқиға қайғылы аяқталады. Бекежан бейнесінің соншалық шынайы шыққаны сонша, көрермен актерге ренжіген деген әңгіме де бар.

Бұл туынды тек махаббат хикаясы ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әсемдігін, болмысын айқын көрсететін фильм. Табиғаты, киімі, музыкасы – бәрі ерекше әсер қалдырады.

«Тақиялы періште»

Қазақтың ең көңілді әрі ерекше киноларының бірі. Фильмді режиссер Шәкен Айманов түсірген.

Басты кейіпкер Тайлақ – аңғал, жүрегі таза, анасына қатты байланған жігіт. Оны Әлімғазы Райымбеков ойнайды. Анасы Тана рөлінде Әмина Өмірзақова, ал Айша бейнесін Шолпан Алтайбаева сомдайды. Сондай-ақ фильмде Раиса Лунева, Ермек Серкебаев, Әубәкір Ысмайылов сынды өнер майталмандары бар.

Ашық дереккөзден алынды

Оқиға Тайлақтың үйленуіне алаңдаған анасының әрекетінен басталады. Келін іздеп келген Тана ұлының таңдауы Айшаны бірден қабылдай қоймайды. Оның үстіне өткендегі өкпе-наз қайта қозып, жағдай тіпті қызық бола түседі.

Фильм жеңіл әзілмен, жылы диалогтармен өрбиді. Соңында бәрі өз орнын тауып, оқиға қос тоймен аяқталады.

Бұл киноны ғашығыңызбен бірге көрсеңіз, күліп отырып-ақ бір-біріңізге жақындай түсесіздер. Кейде махаббатқа көп драма емес, осындай қарапайым жылылық жетіспей жатады.

«Он и она»

Бұл – жеңіл, бірақ ой қалдыратын романтикалық комедия. Фильмді режиссер Сәкен Жолдас түсірген.

Басты рөлдерде Жандос Айбасов пен Динара Бақтыбаева ойнайды. Сондай-ақ фильмде Жанна Қуанышева, Бақытжан Әлпейісов, Азат Сейтметов секілді актерлер бар.

Евгения Харитонова

Оқиға Алматыда болады. Қарапайым студент жігіттің өмірі өз ағысымен жүріп жатады. Бірақ бір күні оның өміріне ерекше қыз келіп, бәрін астаң-кестең етеді. Мінезі еркін, батыл қыз жігіттің өміріне жаңа бояу, жаңа сезім алып келеді.

Екеуінің арасындағы қарым-қатынас күлкілі де, шынайы сәттерге толы. Бірақ дәл сол сезімге үйрене бастағанда, қыз күтпеген жерден өмірінен жоғалып кетеді.

«Брат или брак»

Бұл – жеңіл әзілге толы, көргенде бірден көңіл көтеретін комедия. Фильмді режиссер Ернар Нұрғалиев түсірген, ал продюсері – Құралай Анарбекова.

Оқиға Айдар мен Гауһардың махаббаты төңірегінде өрбиді. Айдар Гауһарды шын жақсы көреді, бірақ оның жолында қыздың бес бірдей ағасы тұр. Әрқайсысының өз мінезі, өз талабы бар. Айдарға солардың әрқайсысының көңілінен шығу оңайға соқпайды.

Ашық дереккөзден алынды

Айдар рөлінде Дәурен Серғазин, ал Гауһарды Құралай Анарбекова ойнайды. Сондай-ақ фильмде Бауыржан Қаптағай, Нұрлан Сабуров, Тәуекел Мүсілім секілді танымал актерлер бар.

«Бақыт құшағында»

Бұл – Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған жаңа мюзикл фильм. Туындыны режиссер Санат Шапашов түсірген.

Ашық дереккөзден алынды

Фильм толықтай Шәмшінің әндеріне құрылған. Арнайы 13 ән симфониялық оркестрмен қайта жазылып, киноға ерекше атмосфера беріп тұр. Түсірілім Астананың көрікті жерлерінде өткен, ал кейбір сахналарға 200-ден астам адам қатысқан ауқымды көріністер түсірілген.

Оқиға желісі тек музыкамен шектелмейді. Мұнда махаббат, достық, қазіргі қазақ қыздарының өмірі, отбасы құндылықтары қатар өрбиді. Яғни көрермен тек әуен тыңдап қана қоймай, өзіне жақын оқиғаларды да көреді.

Басты рөлдерде Дәурен Серғазин, Әлия Әнуарбек, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева ойнайды.

Бұл фильм – музыка мен махаббатты қатар сезінгісі келетіндерге арналған ерекше туынды.

«Ғашықпын саған»

Бұл – биыл шыққанымен, қысқа уақытта көрерменнің жүрегін жаулаған романтикалық фильм. Режиссері – Думан Еркімбек. Басты рөлдерде Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген ойнайды.

Ашық дереккөзден алынды

Оқиға Алматыға оқуға келген Еңлік пен музыкант Арманның таныстығынан басталады. Кездейсоқ жолыққан екеуі бірте-бірте жақындасып, сезімге беріледі. Бірақ өмірдің шындығы, арман мен жауапкершілік олардың махаббатын сынаққа салады.

Фильмнің ерекшелігі – бүгінгі жастарға жақын, шынайы сюжеті. Кино небәрі үш аптаның ішінде 1 млрд теңге касса жинап, үлкен сұранысқа ие болды.

Оқи отырыңыз