Жаңалықтар

Гарвардқа оқуға түскен Әсел Амангелді: Мектептегі білім жүйесін жақсартқым келеді

Гарвардқа оқуға түскен Әсел Амангелді: Мектептегі білім жүйесін жақсартқым келеді
Фото: instagram.com/asselya.a 17.07.2023 13:40 8980

Білім – күш. Осы сөзді іс жүзінде дәлелдеп жүрген жастарымыз жетерлік. Олар талмай еңбектеніп, биік белестерді бағындыруда. Бүгінгі кейіпкеріміз Әсел Амангелді де жолында кездескен қиындықтарға қарамай, мектепті үздік аяқтап, университетте өзінің басым қабілеттерін айқындай білген. Ата-анасынан бірдей айырылып қалғанда да мойымай, олардың «білімдінің заманы келеді» деген сөзін ұстаным еткен. Әсел әлемнің ең үздік білім ордасы АҚШ-тағы Гарвард университетіне түсті. Ол шетелде білім алып, сол арқылы Қазақстан мектептеріндегі білім жүйесін жақсартуды мақсат етеді. Қазіргі таңда кейіпкеріміздің ағылшын үйрететін мектебінде 400-ден аса студент білім алады. Әселден жан-жақты даму мен мықты орта табудың қыр-сырын сұрап білдік.

 El.kz: Ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Туған жеріңіз, қай мектепте оқыдыңыз?

Әсел Амангелді: Мен Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының тумасымын. Арыс – кішкентай ғана қала, ауыл сияқты деп айтуға да болады. Онда 8-сыныпқа дейін М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында оқыдым. Ал 2013 жылы Шымкент қаласында жаңадан ашылған физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) оқуға түстім.

El.kz: Назарбаев университетіне қалай және қандай мамандыққа түстіңіз?

Әсел Амангелді: НЗМ-ге оқуға қабылданған сәттен бастап, менің өмірім толығымен өзгерді. Бұған дейін де сабақты жақсы оқып, түрлі олимпиадаларға қатысып жүрсем де, Арыстағы мектебім НЗМ беретін мүмкіндіктерді бере алмас еді деп ойлаймын. Жаңа мектептің академиялық атфосферасын сезініп, озық технологиялар мен әдістемелерді, дамитын мықты ортаны көріп, мектепті бітіргеннен соң еліміздің бас қаласында орналасқан Назарбаев университетіне оқуға түсемін деп мақсат қойдым. Бірақ ол кезде шетелдегі университеттерге оқуға түсемін деп айтуға қорқатын едім. Себебі ол қолымнан келмейтіндей көрінетін.  НЗМ-де өте жақсы оқыдым. 8 үздік түлектің бірі болдым. Мектепте мақсат етіп қойған Назарбаев университетіне түсу үшін ағылшын деңгейін анықтайтын халықаралық IELTS тестін (International English Language Testing System) және Назарбаев университетіне түсушілерге арналған NUET (Nazarbayev University Entrance Test) емтихан тапсыру керек. Әрине, оны ойдағыдай тапсыру оңай емес еді. Бірақ тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде мен Назарбаев университетінен оқуға шақырту алдым. Алғашқы жылы Foundation (даярлық жылы) бағдарламасын оқыдым. Кейін математика мамандығы бойынша бірінші курсқа оқуға түстім. Университетте оқып жүрген кезде, негізгі мамандығым математика болса да, бізге қосымша физика, IT секілді қосымша  сабақтар оқуға мүмкіндік болды. Бірнеше саланы оқи келе маған кәсіпкерлік саласы ұнайтынын түсіндім. Сол сәттен бастап, мен сабақтан бос уақытта қаладағы білім орталықтарында ағылшын тілінен сабақ беруді бастадым. Ағылшын тілін өзім үйренгендіктен, тәжірибе мен білімімді бөліскім келді. Ал 3 курста «Lingvo.Edu» деп аталатын жеке мектебімді аштым. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ағылшын тілін үйрену бойынша блог жүргізе бастадым. Бұл мектепті ашып, көптеген адамдарға ағылшын тілін үйренуге кішкене болсын үлесімді қосқанымды сезінген соң, білім саласы менің өмірлік салам екенін түсіндім. 

El.kz: Американың ежелден келе жатқан оқу ордасы, әлемнің ең үздік университеті Гарвардқа қалай түстіңіз?

Әсел Амангелді: Әлгінде айтқанымдай алғашында Арыстағы шағын мектепте білім алдым. Кейін Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Астанадағы Назарбаев университетінде шетелден келген мықты профессорлардан сабақ алып, олардың білім жүйесіндегі ерекшеліктер мен мүмкіндіктерінің айырмашылығын байқап, шағын қалалар мен ауылдағы мектептердегі білім жүйесін жақсартқым келді. Әрі өзіме  мақсат етіп қойдым. «Lingvo.Edu» мектебімді ашқан кезде де шетелдік әріптестерімнен үйренген Қазақстанда әлі қолданылмаған әдістерді қолдана бастадым. Тіл үйренушілердің біз енгізген әдістерге берген бағасы мен кері байланысы жоғары деңгейде екенін айтқым келеді. Түрлі әдістерді тәжірибеден өткізіп, кәсіпкерлік саласында өзімді, білімімді одан әрі жетілдіргім келді. Ол үшін, әрине, әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірінен білім алу қажеттігі туындады. Мен қалаған «Education Leadership, Organizations, and Entrepreneurship»  білім бағдарламасы тек Гарвард университетінде болды. Бұл бағдарламада мен өзіме қажет барлық білімді таба аламын. Ол қаржы, білім саласындағы реформалар мен жаңа идеялар, креативті шешімдер және тағы басқа бағыттарды қамтыған. Қайда оқығым келетінін шештім, бірақ әлі де осы университетке оқуға тапсыруға батылдық жетпеді. Себебі, алғашында «бұл әлемдегі ең үздік университет Гарвард қой» деген қорқыныш болды. Көп ойландым. Соңында оқуға тапсыруға шешім қабылдадым.

Ең алдымен, TOEFL (Test of English as a Foreign Language) тестін тапсырдым. Гарвардқа түсу үшін 120 ұпайдан кем дегенде 110 ұпай жинау қажет. Келесі кезең – ұсыным хаттар. Назарбаев университетінде маған сабақ берген, мені жақсы танитын профессорлар мен туралы ұсыным хаттар жазып берді. Ең маңызды құжаттардың бірі – мотивациялық хат. Хатта осы уақытқа дейін не істедім, қандай жетістіктерім бар, неге Гарвард және неге дәл осы білім бағдарламасына оқуға түскім келетіні туралы жаздым. Сондай-ақ түйіндемені жібердім. Құжаттарды тапсыру қыста бітті, ал Гарвардқа оқуға түскенімді наурыз айында білдім.  

El.kz: Оқуыңыз қашан басталады?

Әсел Амангелді: Америкада оқуым 2023 жылдың қыркүйегінде басталуы керек еді. Алайда менің жүктілігіме байланысты университет әкімшілігінен оқуды бір жылға кейін жылжытуын сұрадым. Көп жағдайда Гарвард университеті оқу мерзімін жылжытуға рұқсат бермейді. Ойымда кішкентай баламен шетелде оқу қалай болады екен деген қорқыныш пайда бола бастады. Университет әкімшілігіне барлық мән-жайды түсіндіріп, тиісті дәлелдеме құжаттарды қоса жібердім. Олар менің жағдайыма қарап, оқуды бір жылға кейін жылжытуға мүмкіндік берді. Осы себепті оқуым 2024 жылғы қыркүйекте басталады.

Бүгінде ағылшын тілін үйрету бойынша бірнеше жылдық тәжірибем мен жеке мектебім бар. Еліміздегі, оның ішінде ауылдардағы мектептердің білім жүйесін жақсарту нұсқаларын біліп тұрсам да, оның қаншалықты жүзеге асуы мүмкін екендігіне білімім жеткіліксіз. Оның орнын толтыру үшін әлемдегі үздік университеттің біріне оқуға түстім. Оқуды сәтті аяқтаған соң, Қазақстанға келіп, мектептер ашу – негізгі мақсаттарымның бірі.

El.kz: Өзіңіздің тіл үйрететін мектебіңіз туралы айтып берсеңіз.

 Әсел Амангелді: Қазіргі уақытта 400-ге жуық студент ағылшын тілін оқып жатыр. Менің ойымша, бұл - жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл нәтижеге жету үшін көп еңбек еттім. Аз-аздан студенттерді оқыттым, олармен жұмыс істеу барысында көптеген тәсілдерді үйрендім, сол тәсілдерді сабақтарымда қолдандым. Соңғы 2 жылды толықтай курсымның сәтті шығуына арнадым. Бүгінде тіл үйренушілердің кері байланысына сүйенетін болсақ, біздің мектебіміздің әдіс-тәсілдері эффективті екенін көруге болады. Ресей, Қырғызстан, Украина және басқа да алыс-жақын шетелдерден студенттеріміз бар. Сабақ арнайы платформада өтеді. Әрбір сабақ тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым дағдыларын қамтиды. Сондай-ақ тіл үйренудің қызықты болуы үшін түрлі геймификациялық әдістер қолданылған.

El.kz: Қазір біздің қоғамда ағылшын тілін үйренгісі келетіндер көп.  маманы ретінде қандай кеңес айтасыз?

Әсел Амангелді: Ағылшын тілін үйрену – үлкен процесс. Оның қаншалықты ұзақ немесе қысқа болатыны адамның өзіне байланысты. Әрбір адамның үйрену темпі болады. Бірақ бүгінде адамның назарын бір нәрседе ұзақ ұстап тұру қиын болғандықтан, сабақтарды интенсивті түрде үйретуге тырысамыз. Ағылшын тілін үйрену үшін күнделікті 1 сағат арнау керек. Егер бос уақытыңыз болмаса, онда басқа маңызды емес шаруаларды кейінге қалдырып, ағылшын үйренуге уақыт табу қажет. Ең маңыздысы – уақыт табу. Көп адамдар ағылшын тілін үйренгісі келеді, бірақ бос уақыт таба алмайды. Бос уақыт таптыңыз делік. Енді келесі кезекте ағылшын тілін үйренудің эффективті жолдарын табу қажет. Мысалы, ағылшын тіліндегі подкастты тыңдап қана қоймай, «listening, reading, listening» әдісін қолданып көріңіз. Яғни, бірінші подкастты тыңдайсыз, одан соң оның мәтінін оқып шығасыз, кейін подкастты қайта тыңдайсыз. Бұл арқылы жаңа сөздерді үйренесіз, олардың қалай айтылатынын естисіз. Тағы бір кеңес – тіл үйрену кезінде ортаңызды мүмкіндігінше ағылшын тілімен тығыз байланыстырыңыз. Телефонның тілін ағылшынға ауыстырыңыз, ағылшын тілді блогерлерді қараңыз, мақалаларды оқыңыз, сериал бастаңыз, ас бөлмесінде тамақ істеп жүргенде азық-түліктерді ағылшын тілінде айтып жүріңіз.

El.kz:  Бала күніңізден білімге құштар болып өскеніңізді байқадым. Бүгінгі таңда оның нәтижесін көріп те жүрсіз. Білімді болуға ата-анаңыздың берген тәрбиесі әсер еткені анық. Ол кісілер туралы айтып берсеңіз. Әкеңіз бен анаңыз қандай жандар еді? Жұмысы мен өмірлік мақсаттары қандай болды?

Әсел Амангелді: Өкінішке қарай, 2020 жылы ата-анамның екеуі де қайтыс болды. Әкемнің жасы 50-де, ал анам енді 50-ге толайын деп жатыр еді. Ата-анам Арыста қарапайым жұмыс істегенімен, екеуі де жоғары білімі бар және бастысы балаларына приоритет қоя білетін жандар еді. Әкем полиция майоры болды. Зейнетке де сол жақтан шықты. Өз ісіне адал, білімді, тиянақты еді. 40 жасында зейнетке шыққаннан соң, халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсырып, байқау сынақтарынан сүрінбей өтіп, орталықтың басшысы болып жұмысқа орналасты. Әкемнің әріптестері оны басшы ретінде емес, дос, аға ретінде құрметтейтінін айтатын. Әкем кез келген ортаға біліммен емес, мінезіңмен ғана сыйысасын деп айтатын. Біздің үйде білім мен тәрбие алуымызға көбіне анам жауапты болды. Анам Арыс қаласының теміржол станциясында инженер-бухгалтер болып қызмет атқарды. Анам да білімді, көзі ашық кісі. Ағылшын тілін үйрену керек деген нәрсе көптің ойында болмаған кезде, анамыз бізді оқысын деп ағылшын тілінде журналдар мен кітаптарды сатып алатын. Әпкемнің жасөспірім шағында жұмыстан Дейл Карнегидің психологиялық кітаптарын басып шығарып, оқуға әкеліп беретін. Ауылда көптеген ата-аналар балаларын сабақтан себепсіз қалдырып, үйдің жұмысына жұмсайтын немесе қонаққа баратын. Менің әкем білімділердің уақыты келе жатыр деп үнемі айтатын. «Қызым оқы, білім ал» деп жол көрсететін. Ата-анам біздің білім алуымызға және тәрбиемізге өте үлкен мән берді. Ойлап қарасам, біздің осылай білім алуымыз үшін ата-анамыз көп нәрсені құрбандыққа шалды. Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскеннен соң, мектептегі мұғалімдер біздің жазғы уақытта IELTS-қа дайындалуымызды сұрайтын. 2013-2014 жылдары IELTS-қа дайындалу курсы 60 мың теңге еді. Қазіргі бағамен есептесек, шамамен 300 мың теңгедей. Ата-анама дайындық туралы айтқанымда бірден менің курсқа еш кедергісіз қатысуыма жағдай жасап берді. Ата-анамның бұл әрекеті – олардың білімге деген маңыздылықтың қаншалықты жоғары қоятынын көрсетеді. Мені кейде ата-анам неге өздері үшін өмір сүрмеді деген сұрақтар мазалайды. Олар бар өмірін балаларына арнады. Өздеріне ақша жұмсау, достарымен уақыт өткізу дегендер болмайтын. Балаларым үшін деп өмір сүріп, өкінішке қарай, балаларым деп өмірден өтті. Артында ұрпақтары қалды және балаларына білім мен тәрбиені беріп кетті. Мен ата-анама алғыс білдіремін және әрдайым қарыздар екенімді ұмытпаймын.

El.kz: Жеке тұлғаның дамуы дегенді қалай түсінесіз? Қазіргі жастар қай жағынан дамуы керек деп ойлайсыз?

Әсел Амангелді: Жеке тұлға жан-жақты дамуы тиіс деп есептеймін. Атап айтқанда, тек білім алу емес, рухани, мәдени және тағы басқа бағыттар бойынша дамуы маңызды. Қазір әлем өте қарқынды түрде дамуда, өзгерістер күн сайын болып жатыр. Бұрынғыдай бір мамандықты оқып, тек сонымен жұмыс істеу бүгінде жеткіліксіз. Қазір икемді болу қажет. Тұрақты жұмыс істеп жүрсеңіз де қосымша біліктілікті арттыратын курстарды оқу керек. Қосымша өзіңізге ұнайтын тілдерді де меңгеруге болады. Біліктілігіңіз бен қабілеттеріңізді үнемі арттырып, жұмыс орнын ауыстырып тұру маңызды. Әлем өзгеріп жатыр. Сол өзгерістерге дайын болатын және тез бейімделе алатын жастар әрдайым сұраныста болады. Икемділік – ең маңызды қабілет.

El.kz:  Орта – қашан да маңызды. Өз ортаңыз сіздің дамуыңызға қалай әсер етті? Жақсы ортаны қалай табамыз?

Әсел Амангелді: Назарбаев университетіне оқуға түскен кезде мен мықты ортаға келгенімді сезіндім. Күрделі сынақ байқауларынан сүрінбей өтіп, мыңнан оза шапқандардың мықты екені сөзсіз. Бірі шетелдегі ең үздік оқу орнына оқуға түсіп жатыр, енді бірі ірі халықаралық компанияларда тағылымдамадан өтіп жатыр. Осыларды көрген кезде сен де шетте қалмай, әрекет етуге тырысасың. Егер сіздің қазіргі ортаңыз сіздің дамуыңызға оң әсер етпейтін болса, онда оны өзгертуге тырысу керек. Кем дегенде сізді қоршаған адамдар сізді әрдайым қолдауға дайын болуы керек. Бір істі бастайтыныңызды айтсаңыз, бірден «Иә ол сенің қолынан келеді, бастап көр», - деп айтатын достарыңның болуы маңызды.

Жақсы ортаның табу үшін сондай жақсы жерлерге бару керек. Менің Гарвард университетіне түсуімнің тағы бір себебі білім саласында әлемді өзгертетін, үлкен бизнес жобалар жасайтын мықтылардың ортасына түскім келеді. Олармен тілдесіп, не ойлайтынын, қалай жасайтынын білгім келеді.  

El.kz:  Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға