Жаңалықтар

Ғалымдар фосфор қалдығын қайта өңдеудің тиімді технологиясын ұсынды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Ғалымдар фосфор қалдығын қайта өңдеудің тиімді технологиясын ұсынды
Фото: gov.kz 18.01.2023 19:46 812

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары «Қазфосфат» ЖШС-нің «Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан» шығатын қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалын өндірудің тиімді жолын ұсынып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оқу ордасының зертханасында жүргізілген зерттеулердің қорытындысына қарай жоба жасалған. Осы жоба жүзеге асса, онда қоршаған ортаға залалын тигізіп жатқан қалдықтардан құтылып қана қоймай, өңір бюджетіне мол табыс түсетін болады.

Дулати университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев зауыттан шығып жатқан қалдықтарды 1,5 мың градуста қыздырып-өңдеп залалсыздандыру қажет екенін айтады. Бұл процесс екі этапта жүргізіледі. Әр кезеңнің сақталуы тиіс технологиясы мен талаптары бар. Себебі, химиялық реакцияларды жасауда артық асып, кем түсуге болмайды.

«Ғалымдардың бірлескен жұмыс нәтижесінде қалдықты 2 этапта қыздырып, фторсыздандырып, құрғақ гипс алудың жаңа технологиясы жасалды. Оны әрі қарай өңдеп, цемент өндіре аламыз. Осы жобаны өндіріске енгізсек, пайдасы көп», – дейді университеттің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев.

Департамент директорының сөзіне сүйенсек, фосфогипсті 1 мың градуста өңдеу кезінде 98,1 пайыз таза гипс алады екен. Одан жоғары температурада 1,5 мың градуста әк аламыз. Алынған өнімнің 77 пайызын, оған 4 пайыз көмір коксын, 19 пайыз саз қосса, портландцементін алуға болады. Оны ұнтақтап, тұтынушының сұранысына сай әрі қарай М-400, М-600 цемент үлгісін жасауға да мүмкіндік мол көрінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға