Ғалымдар бел ауруына қарсы ең пайдалы спорт түрін анықтады

Ғалымдар бел ауруына қарсы ең пайдалы спорт түрін анықтады
Фото: AI көмегімен жасалды

Белдің созылмалы ауырсынуын азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі анықталды. Аустралиялық ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, аптасына бірнеше рет тұрақты жүзумен айналысу ауырсынуды едәуір азайтып, күнделікті қозғалысты жеңілдетуге көмектеседі. Бұған дейін дәрігерлер мұндай дене белсенділігін жиі ұсынғанымен, оның тиімділігін дәлелдейтін ғылыми дерек жеткіліксіз болған.

Зерттеуге орташа жасы 41-де болатын, кемінде 12 апта бойы белі ауыратын 76 ересек адам қатысты. Олар екі топқа бөлінді.

Бірінші топ сегіз апта бойы жеке әзірленген бағдарлама бойынша жүзумен айналысып, мамандардан онлайн кеңес алып отырған. Ал екінші топқа тек белдің созылмалы ауырсынуы, оның себептері және оны бақылау жолдары туралы ақпараттық сабақтар өткізілген. 

Сонымен қатар барлық қатысушыға созылмалы ауырсыну туралы, қозғалыстың маңызы және қауіпсіз дене белсенділігіне қатысты түсіндірме берілген. 

Зерттеу нені көрсетті?

Сегіз аптадан кейін екі топтың нәтижесінде айтарлықтай айырмашылық байқалған. 

Жүзумен тұрақты айналысқан адамдарда ауырсыну деңгейі мен күнделікті өмірдегі қозғалыс шектеулері бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 50% азайған. Ал бел ауруына байланысты қозғалыс мүмкіндігін бағалайтын арнайы шкала бойынша олардың нәтижесі тек ақпараттық қолдау алған топқа қарағанда шамамен 30% жақсы болған. 

Зерттеуге кәсіби жүзушілер емес, суда еркін жүзе алатын және кемінде 25 метрді тоқтаусыз жүзіп өте алатын адамдар қатысты.

pexels.com
pexels.com

Бірінші топтағы әр қатысушының дене дайындығы мен жүзу дағдысына қарай жеке бағдарлама жасалды. Олар аптасына үш рет, әр жолы 30-45 минуттан жаттықты.

Зерттеу аяқталғаннан кейін де оң нәтиже сақталған. 26 және 52 аптадан соң жүзумен айналысқан қатысушылар белінің бұрынғыдан аз ауыратынын айтқан. Дегенмен уақыт өте келе екі топ арасындағы айырмашылық біршама азайған.

Жүзудің тағы қандай пайдасы бар?

Ғалымдар ауырсыну қарқындылығын, қозғалыс кезіндегі шектеулерді және дене белсенділігінен қорқу деңгейін де бағалаған. Бұл көрсеткіштердің барлығы бойынша жүзумен айналысқан қатысушылардың нәтижесі жоғары болған.

Зерттеу авторларының айтуынша, дене жаттығулары белдің созылмалы ауырсынуын емдеудің негізгі тәсілдерінің бірі саналады. Алайда спорттың барлық түрі бірдей ғылыми тұрғыда зерттелмеген. Осы уақытқа дейін ең сенімді дәлелдер пилатеске қатысты болса, жаңа зерттеу жүзудің де тиімділігі одан кем емес екенін көрсетті.

Қатысушылардың айтуынша, тұрақты жүзу тек ауырсынуды азайтып қана қоймай, өз күшіне деген сенімділікті арттырып, белсенді өмір салтына қайта оралуға көмектескен. Зерттеу аяқталғаннан кейін олардың бір бөлігі жүзуді жалғастырса, енді бір бөлігі басқа дене жаттығуларына көшкен.

Оқи отырыңыз