Жаңалықтар

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына бір қадам жақын тұр

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына бір қадам жақын тұр
Фото: gov.kz 14.12.2023 14:25 733

Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіндегі кезекті тур ойынын өткізеді. Жерлестеріміз бұл жолы елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Нидерланд құрамасымен шеберлік байқасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іріктеу кезеңінде біздің жігіттер Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге «А» тобында өнер көрсетіп жатыр. Төрт турдан кейін Қазақстан футзалшылары 12 ұпаймен топта көш бастап тұрса, Нидерланд құрамасы 1 ұпаймен төртінші орында келеді. Айта кетейік, ұлттық құрама еуропалық рейтингте – 4-ші, әлемдік рейтингте – 7-орынға жайғасқан.

Жауапты матч қарсаңында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың жаттығуына қатысып, футзалшыларға қолдау білдірді. Ал құраманың бас бапкері Кака алдағы матчқа жігіттердің дайындығы жоғары деңгейде, жауынгерлік көңіл-күйде екенін айтты.

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың бірі саналады. Өткен әлем чемпионатында Қазақстан 4-орынға ие болса, 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде біздің жігіттер қола жүлдегер атанған еді. Алдағы матчта ұлттық құрамаға тек жеңіс тілеймін! Өз алаңымыздағы дәл осы бәсекеде келесі жылғы әлем чемпионатына жолдама аламыз деген сенімдемін», - деді Ермек Маржықпаев.

Футзалдан әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңі 14-20 желтоқсан аралығында екі матчпен аяқталады. Осы матчтардың бірінде Қазақстан құрамасы жеңіске жететін болса, 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Ташкентте (Өзбекстан) өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші орынмен тікелей жолдама алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға