Футболшының өлімі: «Андорра» қақпашысы алғаш рет мәлімдеме жасады

Футболшының өлімі: «Андорра» қақпашысы алғаш рет мәлімдеме жасады
Фото: X.com / @CDTOficial

Испания футболында болған қайғылы оқиға спорт әлемін дүр сілкіндірді. «Тенерифе» мен «Андорра» командалары арасындағы матч кезінде қақпашы Хесус Овоно мен шабуылшы Хесус де Мигель соқтығысып қалды.

Қақпашының аяғы шабуылшының кеудесіне қатты тиіп, футболшы ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оны алаңда реанимациялауға тырысқанымен, аман алып қалу мүмкін болмады.

30 жастағы Хесус де Мигель 3 қарашада көз жұмды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде «Андорра» қақпашысына қарсы сын мен айыптаулар көбейді. Жағымсыз пікірлерден соң Овоно әлеуметтік желідегі парақшаларын уақытша өшіріп тастауға мәжбүр болды. Кейін ол қайтыс болған футболшыны еске алып, алғаш рет мәлімдеме жасады.

Бұл – өмірімдегі ең ауыр күндер. Не айтарымды білмеймін, болған жайтты әлі де түсіне алар емеспін. Хесустың қазасы жаныма қатты батты. Оны, отбасын және жақындарын ойлап отырмын. Алда шешілуі тиіс көптеген мәселе бар екенін түсінемін. Қандай шешім қабылданса да, құрметпен қабылдаймын. Бірақ дәл қазір Хесус пен бәріміздің басымызға түскен қайғыдан басқа ештеңе ойлай алмаймын. Жаның жәннатта болсын, Хесус, – деп жазды қақпашы.

Испаниялық БАҚ-тың хабарлауынша, егер Овоно абайсызда адам өліміне себеп болды деп танылса, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ақпарат құралдары футболшының соққыдан кейін өздігінен тыныс алғанын, алайда есін жимастан көз жұмғанын жазды.

25 жастағы Хесус Овоно «Андорра» клубымен осыдан бір жарым жыл бұрын келісімшартқа отырған. Кәсіби мансабында 17 матч өткізген. Қайғылы оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде де тарады. Кадрлардан қақпашының допқа қарай ұмтылған сәтте аяғы шабуылшының кеудесіне тигені көрінеді. Соққыдан кейін де Мигельдің жүрегі тоқтап қалғаны хабарланды.

Қайтыс болған шабуылшы мансабында «Интернасьональ де Мадрид», «Фуэнлабрада», «Унион Адарве», «Навалькарнеро», «Унионистас» және «Кастельон» клубтарында ойнаған. Ол біртіндеп шеберлігін шыңдап, гол соғып, командаларының жоғары дивизионға көтерілуіне үлес қосты.

Екі жыл бұрын де Мигель «Кастельон» сапында Испанияның екінші дивизионындағы екінші топтың үздік сұрмергені атанған. Бұрынғы командасы оның қазасына байланысты көңіл айтты.

Бүгінгі қайғы-мұңымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қара жамылған отбасына, туған-туыстарына және осы ауыр қазаны бірге қайғырып қабылдаған Тенерифе тұрғындарына шын жүректен көңіл айтамыз, – делінген клубтың хабарламасында.

Қайғылы оқиғаға әлемдік футбол жұлдыздары да үн қатты. Португалия құрамасы мен Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында ойнайтын Криштиану Роналду испаниялық футболшының қазасына байланысты көңіл айтып, марқұмның отбасына қолдау білдірді.

Бұл – қайғылы жайт. Айтар сөзім жоқ... Отбасына сабыр тілеймін. Жаны жәннатта болсын, – деп жазды Роналду.

Сондай-ақ Лионель Месси, Ламин Ямаль, Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе және басқа да танымал футболшылар марқұмның жақындарына көңіл айтты.

«Тенерифе» – «Андорра» матчында не болды?

Қайғылы жағдай Испания чемпионатының екінші дивизионы аясындағы «Тенерифе» мен «Андорра» арасындағы кездесудің 95-минутында болған. Есеп 2:2 болып тұрған сәтте Хесус де Мигель қақпашымен бетпе-бет шыққан. Қақпашы Хесус Овоно шабуылшыны тоқтатуға ұмтылып, оған тізесімен кеуде тұсынан соққы жасаған.

Қатты соққыдан кейін де Мигель алаңда құлап, орнынан тұра алмады. Дәрігерлер дереу көмекке келіп, футболшыны сол жерде реанимациялауға кірісті. Овоноға қызыл қағаз көрсетілді, ал төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатты.

Келесі күні клуб дәрігерлердің жедел көмек көрсеткеніне қарамастан, футболшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын хабарлады.

Осыдан кейін әлеуметтік желіде Овоноға қарсы жағымсыз пікірлер мен айыптаулар толастамады. Футболшы Instagram парақшасындағы жазбаларының басым бөлігін өшіріп, тек осы оқиғаға қатысты мәлімдемесін қалдырды.

Марқұмның отбасына, достарына, командаластарына және оны жақсы көрген барша жанға қайғыра көңіл айтамын. Футбол мен үшін өмірімнің маңызды бөлігі. Бірақ ешбір ойын, жеңіс немесе бәсеке адам өмірінен қымбат емес. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін. Бұл оқиғаны өмір бойы жүрегімде алып өтемін. Жаның жәннатта болсын, – деп жазды Овоно.

Оқи отырыңыз