Жаңалықтар

Футболдан ӘЧ: Франция Аустралияны ірі есеппен ұтты

Аустралияны ірі есеппен ұтқан Франция үш ұпаймен көш бастады
Футболдан ӘЧ: Франция Аустралияны ірі есеппен ұтты
Фото: prosports.kz 23.11.2022 09:02 1242

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобында Франция мен Аустралия құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Франция матчты қарқынды бастағанымен, 9-минутта аустралиялықтар есеп ашып кетті. Оң қанаттан суырылып, алға шыққан Мэтью Леки франциялық қорғаушы Лукас Эрнандесті қапы қалдырып, Крейг Гудвинге дәл пас берді. Оған қоса осы сәтте Л.Эрнандес жарақат алып, орнына туған інісі Тео шықты.

Францияның өршелене алға ұмтылған қимылы өз жемісін берді. 27-минутта Эрнандестен пас алған жартылай қорғаушы Адриен Рабьо таразы басын теңестірді — 1:1. Арада 5 минут өткенде, Адриен Рабьоның пасынан кейін Оливье Жиру Францияны алға шығарды — 2:1. Бұдан соң Килиан Мбаппе оңтайлы сәтті мүлт жіберді. Ал тайм соңына таман аустралиялық Джексон Ирвиннің баспен соққан добы қақпа жақтауынан кері қайтты.

Екінші кезеңде 68-минутта Мбаппе Усман Дембеленің пасын құр жіберген жоқ — 3:1. Арада 3 минут өткенде, сол қанатта жасындай жарқылдаған Килиан Мбаппенің пасынан кейін Оливье Жиру есепті 4:1-ге жеткізді.

Осылайша, D тобында Аустралияны ірі есеппен ұтқан Франция үш ұпаймен көш бастады. Дания мен Тунисте бір-бірден ұпай бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға