Жаңалықтар

Футбол туралы шынайы кино түсіргім келеді - Ермек Тұрсынов

Футбол туралы шынайы кино түсіргім келеді - Ермек Тұрсынов
Фото: instagram.com/tursunov_ermek 17.01.2024 11:00 8820

Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновты «Келін», «Шал» деген фильмдері арқылы таниды. Ал негізі ол киноға келмес бұрын футболшы болған. Нақтырақ айтқанда футзал ойнаған. Қазақстан құрамасы сапында 2000 жылы Гветемаладағы әлем чемпионатына қатысқан. Футзалдан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен осы шағын футбол жөнінде әңгіме өрбіттік.

El.kz: Өзіңіз жақсы көретін футзалдан Қазақстан құрамасының қазіргі жетістіктері тәп-тәуір. Екі жыл алдында  әлем чемпионатында үздік төрттікке енді. Биыл тағы Өзбекстандағы әлем чемпионатына қатысады. Бұл жетістікті қалай бағалайсыз?

Футбол туралы шынайы кино түсіргім келеді - Ермек Тұрсынов
instagram.com/tursunov_ermek

Ермек Тұрсынов: Қазақстанның әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетуі үлкен жетістік. Әрине, мен басқалармен салыстырғанда көбірек қуанатын шығармын. Өйткені футзалға тікелей қатысым бар. Кезінде Қазақстан ұлттық құрамасында қаншама жыл ойнадым. Бірнеше жыл капитан болдым. Сондықтан бұл нәтижені ерекше бағалаймын.

 El.kz: Кино режиссер Ермек Тұрсынов қазір елге танымал. Ал футзалдан әлем чемпионатында ойнаған Тұрсыновты тек спортты тұрақты қарайтындар білетін шығар. Сондықтан ала допқа алғаш әуестігігіңіз қалай басталды. Осы туралы айтып өтсеңіз?

Ермек Тұрсынов: Барлығы бала кезден басталды ғой. Аулада таңнан кейін кешке дейін доп тебетінбіз. Алматының қасында Бірінші мамыр деген ауыл бар. Мен сонда туып өстім. Стадионымыз ескі болса да, таудың етегінде әдемі көрінетін. Қаншама жарыстарға қатыстық. Одақ тұсында «Былғары доп» секілді турнирлер дүрілдеп тұрды. Алдымен аудан сосын қалада жақсы нәтижелер көрсетіп жүрдік. Ал футболға шыңдап кіріскенім сол студенттік жылдар ғой.

 El.kz: Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі екенсіз. Университеттің үздік ойыншыларының бірі болғаныңызды сізді танитын адамдар үнемі айтып отырады.

 Ермек Тұрсынов: Негізі институтқа түскенде, бірінші курста самбо мен дзюдоға қатыстым. Жақында дүниеден өткен Темірхан Досмұхамедов (экс-Туризм және спорт министрі) сол кезде спорт кафедрасында жаттықтырушы болатын. Ол мені тауып алды. Сол кезде самбодан жастар арасында әлем чемпионы атанған Маден Калиековпен спаррингке шығаратын. Екеуіміз күресетінбіз. Үнемі финалға келгенде соған жеңіліп қала беретінмін. Университеттің құрамасында екінші нөмір болып жүрдім. Жалпы, самбода 57 келіде, дзюдо 60 келіге дейін салмақта күрестім.

 El.kz: Күресіп жүріп, қалай футболшы болып кеттіңіз?

 Ермек Тұрсынов:  Андрей Буирович Чен Ир Сон деген атақты бапкер бар. Биыл туғанына 100 жыл толды. 1966 жылы Англияда өткен әлем чемпионатында Солтүстік Корея құрамасының бапкерлер штабында еңбек еткен кәнігі маман. Айтпақшы, Солтүстік Корея «Тұманды Альбионда» сенсация жасап, ширек финалға дейін жеткен. Оған әрине Андрей Буировичтің қосқан еңбегі зор. Одан кейін Алматының «Қайрат», Өзбекстанның «Политодел», Өскеменнің «Восток» командасын жаттықтырды. Кейін бапкерлерік карьерасын аяқтаған соң, Қазгу-ге келіп, мұғалім болды. Самбода жүргенімде мені футболға тартып үгіттегенде осы кісі. Күресті қой, футбол дұрыс деп айтты. Сөйтіп, университеттің құрамасында ойнадым.

Танымал спорт журналисі Гений Төлегенов, «Жас Қазақ» газетінің редакторы Срайыл Смайылдармен университет қабырғасында бірге ойнадық. Талай жарыстарда топ жардық. Жалпы, өткен ғасырдың 70-80 жылдары біздің Қазгу-дың құрамасына тең келетін ешкім болмады. Бахһұыт Майлыбаев, Әлібек Сәтеков, Алексей Коротченко, Алтынбай Сихымбеков, Озат Байсеркеев, Қанат Разаков, Қадыр Рятов, Талғат Қадыров секілді жігіттер де ойнады. Арамызда біразы кейін кәсіпқой футболшы болып кетті.

1984 жылы Андрей Буирович Чен Ир Сон дүниеден өткен соң, команданы Қасымбек Мәдиев қабылдап алды. Өзі де кезінде ойнаған. Бұрынғы дәстүрді жалғап, жақсы ойнадық.

 El.kz: Ал футзалға қалай келдіңіз?

Футбол туралы шынайы кино түсіргім келеді - Ермек Тұрсынов
Жеке мұрағат

 Ермек Тұрсынов:  Футзал бізге 1994-95 жылдары келді. Ол кезде шағын футбол деп айтатын. Алматыда алғаш рет Қазақстан чемпионаты өткізілді. Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, т.б қалалардан көптеген командалар жиналды. Мен Алматының «Қайнұр» (қазіргі «Қайрат») клубында ойнадым. Басқа командалардан ұсыныстар түссе де, ешқашан ауысқан емеспін. Бірнеше рет Қазақстан чемпионы атандық. Кубокты жеңдік.

Осы ретте айта кететін жайт, Анатолий Ионкин, Павел Черепанов, Вячеслав Маркин секілді беделді бапкерлер бізді жаттықтырды. Футзалшы ретінде қалыптасуыма зор еңбек сіңірді.

 El.kz: 2000 жылы Қазақстан алғаш рет футзалдан Гватемалада өткен чемпионатына қатысты. Сол құрамада өзіңіз болдыңыз. Өзге ойыншылардың есімдерін атай аласыз ба?

Ермек Тұрсынов:  Қазір «Қайраттың» бапкерлер құрамында еңбек ететін Александр Бондарев, кейіннен «Тобыл» футбол клубында директор Талғат Баймұратов, маңғыстаулық Серік Баймұқашев,  Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарған Нұржан  Доскеев, сондай-ақ Сергей Луконин, Рамиль Юсупов, Андрей Линевич, Ғабдулла Хасенов, Болат Ережепов, Ербол Қошанов, Қайрат Тоқсанбаев, қақпада Дмитрий Лакомов тұрды.

Әлем біріншілігінің алдында Тайландта Азия чемпионаты өтті. Сонда алғаш рет финалға дейін жеттік. Шешуші кезеңде сары құрлықтың мықтысы Иранға есе жібердік. Оған дейн ширек финалда алаң қожайындары Тайландтың осал тұсын таптық. Залда 15 мың жанкүйер отырдық. Оңайға соқпады. Барлығы жерлестерін қолдау келген. Жартылай финалда Жапонияны жеңгенбіз.

  El.kz: Өзіңіз алаңда қандай шепте ойнадыңыз?

 Ермек Тұрсынов: Футзалда таза қорғаушы, шабуылшы деген болмайды ғой. Бірақ ойынды арттан бастайтынмын. Сосын қажет кезде шабуылға араласып, гол соғып жүрдім.

 El.kz: Бірнеше жылдан бері танымал кинорежиссерге айналдыңыз. Фильмдеріңізге футболға қатысты эпизодтар жиі кездеседі. Бұл сол спортқа деген сағыныштан ба?

 Ермек Тұрсынов:  Футболдың адамы болғаннан кейін бұл тақырып үнемі жадымда. Әсері болады. Сосын реті келгенде қосып қоямын.

Футбол туралы шынайы кино түсіргім келеді - Ермек Тұрсынов
Жеке мұрағат

 El.kz:Спорт тақырыбына арналған фильмдерге келсек, көбіне шетелдің киноларына қызығамыз. Тіпті, бұл жағынан көршіміз Ресей озып тұр. Данил Козловскийдің өзі «Легенда 17», «Тренер» деген жап-жақсы туындылар түсірді. Ал сіздің бұл тақырыпқа баруыңыз мүмкін бе?

 Ермек Тұрсынов:  Ондай ой бар. Мен тіпті дайын сценарийде жатыр. Қаражат қолбайлау болып тұр. Спорт жөнінде түсіремін деген адамның спортқа жақын болғаны дұрыс. Мен өзім футболдың ішкі асханасын көрген адаммын. Футболдың табиғаты жақын. Сондықтан білемін деп айта аламын. Жасанды емес, шынайы фильм түсіруді қалаймын. Ортаңқол кино түсіруді ұнатпаймын.

Футзалдан әлем чемпионатында төрттікке ілігіп жатырмыз. Ал кезінде далада жыртық доппен бастағанбыз. Талай қиыншылықты көрдік. Соның өзі жеке тарих. Бұл тақырыпта бір киноға сұранып тұр.

 El.kz:Бір жылдары Египетте тұрғаныңыздан хабарым бар. Қазір Мохамед Салах мысырлық футболшы әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды. Сіз барған кездегі Египеттің футболы қандай деңгейде еді?

 Ермек Тұрсынов:  Мен осы футзалдағы карьерамды аяқтаған соң бардым. Бұл 2000 жылдардың бас кезі. Ол жылдары Араб футболы тек ішінде ғана бәсекелес еді. Мұндай әлемдік деңгейдегі жұлдыз жоқ болатын. Кейіннен Еуропаның агенттері тарта бастады. Соның арасында көздері ашылып, кейіннен тенденцияға айналып кетті. Мохамед Салах – соның мысалы.

 El.kz: 90-жылдардағы футзалдағы жалақы қалай болды?

 Ермек Тұрсынов: Көп болмаса да, төледі. Қазіргідей ондай көп ақша болған жоқ қой. Бірақ несібемізді беріп отырды. Сол жылдары қанағат тұтатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға