Жаңалықтар

Францияда қазақ мәдениетінің күндері өтеді

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі мәлім етті
Францияда қазақ мәдениетінің күндері өтеді
Фото: gov.kz 15.02.2023 19:07 809

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс мырзамен кездесті. Кездесуде екі мемлекет арасындағы мәдени және спорт саласындағы ынтымақтастық пен алдағы жобаларды талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Қараша айында қос мемлекет басшыларының кездесуінде 2025-2026 жылдары Францияда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгін біз Луврда қазақ өнерінің көрмесін, сондай-ақ артистеріміз бен шығармашылық ұжымдарымыздың қатысуымен Парижде ауқымды концерт өткізу мүмкіндігін талқыладық. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін құнды тәжірибе болады деп санаймын.

Өз кезегінде Канесс мырза Француз киноиндустриясы Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты. Мысалы, Францияның киномектептері біздің студенттер оқи алатын және олармен тәжірибе алатын бағдарлама әзірлеуге дайын. Ал француз кинопрокатшылары біздің кинотеатрлармен тікелей ынтымақтастық орнатуға ниет білдіруде", - деп жазды министр.

Министрдің дерегінше, Францияда өтетін Олимпиадаға орай елшілік қазірдің өзінде төртжылдықтың басты спорттық іс-шарасына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр.

"Мысалы, 14 наурызда Олимпиада басталардан 500 күн бұрын Алматыда балалар арасындағы «Әлем айналасындағы эстафета» халықаралық жарысының кезеңі өтеді. Сондай-ақ, Елші Алматыда дзюдошылар мен каратэшілердің демонстрациялық қойылымдарын, паралимпиадашылардың қатысуымен өтетін іс-шараны және брейкданс бойынша турнирді ұйымдастыруға ниет білдірді.

Осы орайда мәдениет, туризм және спорт саласындағы бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да күшейтілетінін атап өткім келеді" , - деп жазды Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға