2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында топтық кезеңнің шешуші сәті жақындады. 27 маусымға қараған түні G, H және I топтарындағы соңғы тур ойындары өтіп, плей-офф кезеңіне жолдама алатын командалар толық анықталады. Бұл күні алты тартысты кездесу жанкүйерлер назарында болмақ.
Күннің басты ойыны I тобында өтеді. Франция мен Норвегия алғашқы екі матчта да жеңіске жетіп, 6 ұпайдан жинады. Қос құрама арасындағы кездесу топ жеңімпазын анықтайды. Доп айырмасы бойынша көш бастап тұрған Францияға тең ойын да жеткілікті болса, Норвегия 1-орынға шығу үшін міндетті түрде жеңіске жетуі керек. Сондай-ақ бұл матч Эрлинг Холанд пен Килиан Мбаппе арасындағы жекпе-жек ретінде де ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Осы топтағы екінші кездесуде Сенегал мен Ирак өзара 3-орын үшін таласады. Екі команда да алғашқы екі турда жеңіліп, плей-оффқа тікелей шығу мүмкіндігін жоғалтқанымен, әлем чемпионатын жеңіспен аяқтауға тырысады.
H тобында интрига әлі де сақталып отыр. Испания 4 ұпаймен көш бастап тұр. Соңғы турда олар Уругваймен кездеседі. Оңтүстікамерикалықтар әзірге жеңілмегенімен, екі матчта да тең ойнады. Сондықтан плей-оффқа сенімді шығу үшін Уругвайға жеңіс қажет. Ал Испанияға тең ойын да жеткілікті болуы мүмкін.
Сол топтағы тағы бір кездесуде Кабо-Верде Сауд Арабиясымен ойнайды. Екі матчта да тең нәтиже көрсеткен Кабо-Верде жеңіске жетсе, тарихи жетістікке қол жеткізіп, плей-оффқа шығуға мүмкіндік алады. Сауд Арабиясына болса тек 3 ұпай қажет.
G тобында да шешуші тартыс күтіп тұр. Көш бастап тұрған Мысыр соңғы турда Иранмен кездеседі. Мысыр үшін тең ойынның өзі келесі кезеңге өтуге жеткілікті болуы ықтимал. Ал Иранға міндетті түрде жеңіс керек.
Бельгия мен Жаңа Зеландия арасындағы матч та үлкен маңызға ие. Турнир фавориттерінің бірі саналған бельгиялықтар екі турдан кейін небәрі екі ұпай жинап, қиын жағдайға тап болды. Сондықтан Руди Гарсия шәкірттері плей-оффқа шығу үшін жеңіске жетуге міндетті.
Айта кетейік, өткен түні D, E және F топтарындағы ойындар аяқталды. АҚШ, Германия және Нидерланд өз топтарының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Аустралия, Кот-д'Ивуар, Эквадор, Жапония және Швеция құрамалары да 1/16 финалға жолдама алды.
Енді әлем чемпионатының кезекті ойын күні қалған үш топтағы барлық сұраққа жауап беріп, плей-офф кезеңінің толық құрамын анықтайды.