Жаңалықтар

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 24.07.2023 18:19 1360

«Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Алматы облысының ең көрікті жерлеріне үш күндік фотоэкспедиция ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жолғы фотоэкспедиция дәулескер күйші-сазгер Қожеке Назарұлының 200 жылдық мерейтойына арналып, «Қожеке туып-өскен жер және күйші ұрпақтары мен бүгінгі ізбасарлары» атауымен өтті.

Яғни фотосуретшілер үш күн бойы Қожеке туып-өскен жер Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандарына қарасты қасиетті жерлер (Жалаңаш - Кеңсу - Қарқара - Мыңжылқы - Кеген - Қарасаз - Шәлкөде) мен қараған жанды тамсантпай қоймайтын тұмса табиғаты аясында күйші ұрпақтары мен ізбасарларының қатысуымен түрлі түсірілімдер жасауға мүмкіндік алды.

Жолбасшы болған осы өңірдің тумалары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ұлағатты ұстазы, ғалым, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы мен Алматы ұлттық медицина колледжінің директоры Тасболат Қырғызбайұлы экспедиция өкілдеріне әрбір жердің тарихынан сыр шертіп, тұщымды тілмен түсіндіріп отырды.

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

Фотоэкспедицияға қатысқан фотографтар: Серік Мұқышұлы – әлемдегі үздік 10 фотографтың қатарына енген тұңғыш қазақ, фотосуретші-өнертанушы; Әкбар Үркінбайұлы – халықаралық дәрежедегі тәуелсіз кәсіби фотосуретші; Марат Жүнісбеков (Marabeey) - «ЮНЕСКО-ның фотографы» куәлігі мен төсбелгісінің иегері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ фотографы; Дәурен Мақсұтханұлы - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, El.kz – ақпарат агенттігінің фототілшісі.

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

Сонымен қатар Қожеке Назарұлының ұрпақтарынан: Дәулет Әділханұлы (Қожекенің шөбересі) және күй тартатын ұлы Бейбарыс (Қожекенің шөпшегі), Бағдат Тілеубердіұлы (шөпшек) және күй тартатын ұлы Азамат (Қожекенің туажаты), Мәлік Тілеубердіұлы (шөпшек) де қатысты.

Алыс сапарға атақты күйші Қожеке Назарұлының Дәулет, Бағдат, Мәлік сынды күйші ұрпақтары фотографтарды өз көліктерімен алып жүрді.

20 шілде күні Алматы-Жалаңаш-Кеген-Қарқара бағытымен жүре отырып, Ереуіл төбеге барып Отан үшін опат болғандарға құран бағыштап, атақты Мыңжылқы жайлауында саумал мен қымыздан дәм татып, Қарқара жайлауындағы киіз үйде түнеп, жаз жайлаудың иісін сезінді.

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

21 шілдеде Сарыжаз-Қарасаз-Шәлкөде бағытымен жүріп отырып, Қарасаз ауылындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейімен танысып, Шәлкөде ауылына тоқтап, сол ауылдағы жасы тоқсаннан асқан күйшінің ұрпағын үрім-бұтақтарымен фотосуретке түсірді.

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

22 шілде күні фотоэкспедиция қатысушылары өмірден мезгілсіз өткен осы өңірдің атақты тумасы, кезінде Райымбек, Талғар аудандарының әкімі болып елдің есінде қалған Жолан Омаровты еске алуға арналған республикалық деңгейдегі ұлттық ат спорты ойындарын тамашалады.

Фотографтар Алматы облысының тарихи жерлерін аралады

Ұлттық ат спорты түрлерінен өткен «Жоланның жүйрігі» атты республикалық жарыста 75 шақырымдық супер аламан, 35 шақырымдық аламан бәйге және 20 шақырымдық топ бәйге, 10 шақырымдық құнан бәйге ұйымдастырылып, жеңімпаздарға автокөліктер мен қаржылай қомақты сый-сыяпаттар жасалды. Бұл туралы алда жеке материал берілетін болады.

Осылайша тағылымы мол фотоэкспедиция өз мәресіне жетті. Енді осы шара аясында жинақталған материалдар алдағы уақытта күйші Қожеке Назарұлының республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлық шараларына пайдаланылатын болады. Айта кетейік, атақты күйші Қожеке Назарұлына арналған фотоэкспедиция жайлы «Abai» телеарнасы арнайы деректі фильм әзірлеуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға