Жаңалықтар

Фильм-катастрофа және жанрдың үздіктері туралы

Фильм-катастрофа жанры туралы не білесіз?
Фильм-катастрофа және жанрдың үздіктері туралы
17.10.2017 11:09 3636

Осы аптада Қазақстан прокатына «Геошторм» фильм-катастрофасы шығады. Бұл «Тәуелсіздік күні» (1996) фантастикалық боевигіне сценарий жазған Дин Девлиннің алғашқы толықметраж жұмысы. Осы премьера қарсаңында фильм-катастрофа жанры туралы аздап әңгімелессек.

«Геошторм» фильмінен кадр

Фильм-катастрофа – киноның ауқымды бағыттарының бірі. Әдетте триллер мен драманың айрықша үйлесім табуы арқылы іске асады. Катастрофа себебі ретінде табиғат апаты немесе техногендік сипаттағы апат алынуы мүмкін.

Фильм-катастрофа 1970 жылдардың басында бөлек жанр ретінде қалыптасып, қарқын алды. Ол сәннен қала бастаған пеплум мен нео-вестерннің орнына келді. Аталған жанрдың алғашқы қарлығаштары деп 1970 жылғы «Әуежай» («Airport»), 1972 жылғы ««Посейдон» хикаясы» («The Poseidon Adventure») классикалық кинотаспаларын айтуға болады.

Жалпы бұл жанрдың дәуірлеу кезеңін үшке бөліп қарастыруға болады: 1970, 1990 жылдар және 2000 жылдардың басы.

1990 жылдары компьютерлік эффектілердің жылдам дамуына байланысты фильм-катастрофалар қайтадан танымал бола бастады. 1997 жылғы «Титаник» осы сөзіміздің жарқын мысалы. Картина көп жылдар бойы кино тарихындағы ең кассалы фильм атағын ешкімге бермей келді («Аватарға» дейін). Тоқсаныншы жылдардың «жақұттары» қатарында «Жылдамдық» («Speed»), «Армагеддон» («Armageddon»), «Жойқын әсер» («Deep Impact») фильмдері бар.

«28 күннен кейін...» («28 Days Later...»), «Ертеңнен кейінгі күн» («The Day After Tomorrow»), «Құбылыс» («The Happening»), «Хабардар» («Knowing»), «2012» – жаңа ғасырда бұл жанрдың тағы бір жандануына себеп болған фильмдер. Қазіргі заманның кинотуындыларында катастрофаның қамтылу аумағы белгілі бер жермен шектеліп қалмай, жаһандық сипатқа ие болады. Яғни бұл жерде жанр постапокалиптикамен қиысып, тіпті одан айырмасы болмай қалып жататын да кезі ұшырасады.

«Титаник» - техногендік катастрофа-фильмнің жарқын өкілі

Фильм-катастрофаны бір жанр ретінде жалпы тұрғыда қарастыру – оның мүмкіндіктерін шектеу болып көрінер еді. Бұл жанрдың тармақталған бағыттары жетерлік. Мысалы техногендік катастрофа. Әдетте оқиғасы бір орында өрбиді. Кейіпкерлері белгілі бір апаттың құрбаны болып, аман қалғандары содан құтылуға тырысады (суға батқан кеме, құлаған ұшақ, т.б.). Мысал ретінде «Титаник», «Экипаж», «Посейдон», басқа да кинокартиналарды атауға болады. Тағы бір бағыты – табиғат катаклизмі. Бұндай фильмдердің негізгі тақырыбы – вулканның атқылауы, өрт, құйын, цунами, жануарлардың шабуылы. Бұл бағыттың өзін екі тақырыпқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – бір орында болатын табиғат апаты: «Инферно – Берлин үстіндегі өрт» («Das Inferno - Flammen über Berlin»), «Вулкан» («Volcano»), «Данте шыңы» («Dante's Peak»), «Құйын» («Twister»), «Құстар» («The Birds»). Екінші тақырып – жаһандық табиғат апаты, бұндай фильмдердің оқиғасы да ауқымды болады, келетін қауіп те бүкіл әлемге әсер етеді: «Армагеддон» («Armageddon»), «Ядро» («The Core»), «Жойқын әсер» («Deep Impact»), «28 күннен кейін...» («28 Days Later...»), «Ертеңнен кейінгі күн» («The Day After Tomorrow»), т.б.

IMDb кинобазасының рейтингі бойынша үздік 10 фильм-катастрофа:

1. Титаник / Titanic (1997); реж. Джеймс Кэмерон.

2. Күн сәулесі / Sunshine (2007); реж. Дэнни Бойл.

3. Тірі қалу / Alive (1992); реж. Фрэнк Маршалл.

4. «Посейдон» хикаясы / The Poseidon Adventure (1972); реж. Роналд Ним, Ирвин Аллен.

5. Кловерфилд / Cloverfield (2008); реж. Мэтт Ривз.

6. Экипаж (2016); реж. Николай Лебедев.

7. Тәуелсіздік күні / Independence Day (1996); реж. Роланд Эммерих.

8. Аспандағы тозақ / The Towering Inferno (1974); реж. Джон Гиллермин.

9. Сын сағаттар / The Finest Hours (2016); реж. Крэйг Гиллеспи.

10. Армагеддон / Armageddon (1998); реж. Майкл Бэй.

P.S. Қазақстан режиссері Талғат Жәнібеков те бұл тақырыпта жұмыс істеп көрмек болды. Тұңғышбай Жаманқұлов продюсер болған «Феникс» жобасы немен аяқталғанын өзіңіз білесіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға