Миллиондаған жанкүйердің назарын өзіне аударатын әлем чемпионатында әрбір шешімнің салмағы ауыр. Алаңдағы бір ысқырық, бір ескерту немесе бір пенальти матч тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан FIFA бұл турнирге ең тәжірибелі төрешілерді ғана іріктейді.
Биылғы әлем чемпионатында сол сенімге ие болғандардың арасында алты әйел арбитр де бар. Олар футболдағы қалыптасқан стереотиптерді бұзып қана қоймай, кәсібилік пен біліктіліктің жынысқа тәуелді емес екенін дәлелдеп келеді. Ерлер арасындағы басты футбол додасында қызмет ететін бұл мамандардың әрқайсысы өз елінде және халықаралық деңгейде тарих жазып үлгерген тұлғалар.
Тори Пенсо – америкалық футбол тарихындағы маңызды есім
39 жастағы америкалық Тори Пенсо әлем чемпионатында Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы кездесуге бас төреші болып тағайындалып, тарихқа енді. Бұл матчта оған Кэтрин Несбитт пен Брук Мэйо көмектесті. Пенсо еңбек жолын маркетинг саласында бастаған. Ол Coca-Cola мен Red Bull секілді халықаралық компанияларда жұмыс істеген. Кейін кәсіби қызметін түбегейлі өзгертіп, футбол төрешілігіне бет бұрды.
2023 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалын басқарған тәжірибелі маман ерлер арасындағы әлем чемпионатында бас төреші қызметін атқарған алғашқы америкалық әйелдердің біріне айналды. Өзінің бір сұхбатында ол:
75 мың жанкүйердің алдында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Кейбір қоғамдарда әйел адамның жетекшілік рөлін қабылдау әлі де оңай емес. Сондықтан маған артылған сенімнің салмағын жақсы түсінемін, – деген еді.
Катя Гарсия – Мексика футболындағы тарихи жетістік
33 жастағы Катя Ицель Гарсия да әлем чемпионатының тарихына өз есімін жазды. Ол ерлер арасындағы әлем чемпионатында матчқа төрелік еткен алғашқы мексикалық әйел болды. FIFA төрешісі мәртебесін 2019 жылы алған Гарсия әйелдер арасындағы әлем чемпионатында, сондай-ақ 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қызмет көрсетті. Соңғы жылдары халықаралық сарапшылар оны әлемдегі үздік төрешілер қатарына қосып жүр.
Бұл тек менің ғана емес, маған дейін жол ашқан көптеген әйел төрешілердің жеңісі, – деген Гарсия бұл жетістікті бүкіл әйел арбитрлер қауымының ортақ табысы деп бағалайды.
Ғылымнан футбол алаңына келген Кэтрин Несбитт
Кэтрин Несбитттің өмір жолы көпшілікке қызық көрінуі мүмкін. Ол кәсіби төреші ғана емес, химия ғылымдарының докторы. Питтсбург университетінде ғылыми дәреже алып, жоғары оқу орнында сабақ берген Несбитт кейін төрешілікті негізгі кәсібіне айналдырды. 2022 жылы ерлер арасындағы әлем чемпионатында қызмет атқарған алғашқы америкалық әйел қосалқы төреші атанса, биыл тағы да мундиаль матчтарына тағайындалды. Оның айтуынша, ғылым мен төрешіліктің ұқсас тұстары көп.
Екі салада да сынға төтеп беріп, қиындықтардан кейін тез қалпына келуді үйрену қажет, – дейді ол.
Брук Мэйоның бала күнгі арманы жүзеге асты
Брук Мэйо футбол ойнауды төрт жасында бастаған. Ал 13 жасында алғашқы матчтарына төрелік етіп көрген. Кейін бапкерлік лицензия алып, жаттықтырушылықпен де айналысқанымен, кәсіби жолын төрешілікпен байланыстырды. 2018 жылдан бері FIFA халықаралық төрешілер тізімінде бар.
2023 жылы Тори Пенсо және Кэтрин Несбиттпен бірге әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалында жұмыс істеп, америкалық толық әйелдер бригадасының тарихтағы алғашқы жетістіктерінің біріне үлес қосты. Футболдан тыс уақытта Мэйо мектеп мұғалімі ретінде де еңбек етеді.
Сандра Рамирес – хирургиядан халықаралық футболға дейін
Мексикалық Сандра Рамирес кәсіби төрешілік мансабын 2010 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде ол ел ішіндегі бірнеше кәсіби лигада және халықаралық жарыстарда жұмыс істеді. 2023 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қызмет көрсеткен тәжірибелі арбитрдің тағы бір ерекшелігі бар. Ол футболға толық келгенге дейін жақ-бет хирургиясы саласында жұмыс істеген.
Биыл Рамирес пен Катя Гарсия әлем чемпионатында қызмет еткен алғашқы мексикалық әйел төрешілер ретінде тарихқа енді.
VAR бөлмесіндегі Татьяна Гусман
Никарагуалық Татьяна Гусман әлем чемпионатында VAR төрешісі ретінде жұмыс істеді. Футболға дейін ол қоршаған орта сапасын бақылау және инфрақұрылым саласында еңбек еткен. Кейін төрешілікке ауысып, 2018 жылы Никарагуа чемпионатының финалында қызмет еткен алғашқы әйел ретінде танылды.
2023 жылы әлем чемпионатында жұмыс істеген алғашқы никарагуалық төреші атанған Гусман бүгінде өңірдегі ең тәжірибелі VAR мамандарының бірі саналады.
Әйел төрешілердің футболдағы рөлі артып келеді
Әйел төрешілердің саны әзірге аз болғанымен, олардың әлемдік футболдағы ықпалы артып келеді. Бір кездері ерлер футболында әйел арбитрді көру сирек жағдай саналса, бүгінде олар әлем чемпионаты сияқты ең беделді жарыстарда жұмыс істеп жүр.
2026 жылғы әлем чемпионатында қызмет еткен алты әйел төреші – осы өзгерістің айқын көрінісі. Олар кәсіби футболда төрешінің жынысы емес, білімі, тәжірибесі және біліктілігі маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.