Әлеуметтік желіде ашумен жазылған бір пікір немесе мессенджердегі балағат сөз сотқа дейін апаруы мүмкін. Қазақстанда интернет кеңістігіндегі қорлау мен адамның ар-намысына тиетін әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған. Статистика қазақстандықтардың желідегі тіл тигізу фактілері бойынша сотқа жиі жүгінетінін көрсетеді. Алайда түскен шағымдардың барлығы бірдей айыптау үкімімен аяқталмайды.
Жыл сайын мыңдаған шағым түседі
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 131-бабындағы «Қорлау» бойынша жыл сайын соттарға шамамен 5,8 мыңнан 6,9 мыңға дейін шағым түседі.
Дегенмен олардың аз бөлігі ғана сотта қарауға қабылданады. Өтініштердің шамамен 15-16 пайызы өндіріске алынса, бірқатар шағым құжаттарды дұрыс рәсімдемеу немесе заңда белгіленген рәсімдерді сақтамау салдарынан кері қайтарылады.
Сотқа жеткен істердің де барлығы айыптау үкімімен аяқталмайды. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, жария түрде қорлау фактілері бойынша қаралған істердің шамамен төрттен бірінде айыптау үкімі шығады. Қалған жағдайларда тараптар татуласуы немесе айыптауды дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз болуы мүмкін.
Желіде қорлағаны үшін қанша айыппұл салынады?
Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдаланып жасалған қорлау үшін жауапкершілік күшейтілген.
Мұндай жағдайда кінәлі адамға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту көзделуі мүмкін.
Бұған қоса, жәбірленуші ар-намысына келтірілген зиян үшін моральдық өтемақы талап етуге құқылы. Келтірілген статистика бойынша, өткен жылы Қазақстанда желідегі қорлау фактілеріне байланысты өндірілген моральдық зиян өтемақысының жалпы сомасы 29,3 млн теңгеге жеткен. Яғни эмоцияға беріліп жазылған бірнеше сөз тек парақшаның бұғатталуымен немесе пікірдің өшірілуімен шектелмеуі мүмкін.
Фейк аккаунт жауапкершіліктен құтқара ма?
Кейбір қолданушылар әлеуметтік желіде жалған есіммен тіркелу немесе парақшаны жабық ұстау жауапкершіліктен қорғайды деп ойлайды. Алайда аккаунттың аноним болуы оның иесін анықтау мүмкін емес дегенді білдірмейді.
Құқық қорғау органдары заңда көзделген рәсімдер аясында цифрлық іздер мен техникалық деректерді пайдаланып, аккаунттың артында тұрған адамды анықтай алады. Сондықтан жалған есім немесе профильде жеке фотосуреттің болмауы автоматты түрде жауапкершіліктен босатпайды.
Қай кезде жаза қатаңдайды?
Интернеттегі кез келген дөрекі пікір ауыр қылмыс болып саналмайды. Алайда жарияланған ақпарат адамның жеке өміріне қол сұғу, көрінеу жалған ақпарат тарату, алауыздықты қоздыру немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығына қарсы әрекеттермен байланысты болса, мәселе Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қаралуы мүмкін.
Мәселен, жеке өмірге қол сұғу және заңмен қорғалатын дербес мәліметтерді заңсыз тарату белгілі бір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Көрінеу жалған ақпарат таратуға да жеке жауапкершілік көзделген.
Ал әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру әлдеқайда ауыр құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін. Мұндай істерде жазаның түрі мен мерзімі әрекеттің сипатына, салдарына және Қылмыстық кодексте көрсетілген саралаушы белгілерге байланысты белгіленеді.
Сол сияқты Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған жария үндеулер де жай ғана «интернеттегі пікір» ретінде қарастырылмайды.
Пікір мен қорлаудың айырмашылығы бар
Әлеуметтік желіде біреудің әрекетін сынау мен адамды қорлау – бір ұғым емес. Пайдаланушы белгілі бір оқиғаға, қызметке немесе адамның іс-әрекетіне қатысты өз пікірін білдіре алады. Ал адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту құқықтық жауапкершілік мәселесін туындатуы мүмкін.
Сондықтан даулы жағдайда жазбаның нақты мазмұны, қандай сөздер қолданылғаны, оның кімге бағытталғаны, қай жерде және қандай аудиторияға жарияланғаны ескеріледі.
Интернеттегі сөз үшін жауапкершілік Қазақстанда ғана емес
Онлайн кеңістіктегі қорлау, қоқан-лоқы, кибербуллинг және өшпенділік тудыратын контентке қарсы шаралар әлемнің көптеген елінде қолданылады. Германия мен Ұлыбританияда интернет арқылы қорқыту немесе өшпенділікке үндейтін жазбалар қылмыстық тергеуге негіз болуы мүмкін. АҚШ-та да кибербуллинг, қоқан-лоқы және интернеттегі басқа да заңсыз әрекеттерге қатысты жауапкершілік федералдық және штаттық заңнамаға қарай ерекшеленеді.
Әлеуметтік желідегі жазба виртуалды кеңістікте қалғанымен, оның құқықтық салдары нақты өмірге әсер етуі мүмкін. Сондықтан пікір жазбас бұрын оның өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмейтініне және заңмен белгіленген шектен шықпайтынына назар аударған жөн. Бірнеше секундта жазылған эмоциялық пікір кейін сот дауына, айыппұлға немесе басқа да құқықтық жауапкершілікке ұласуы ықтимал.