Жаңалықтар

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл
29.11.2021 12:11 5189

Биыл көрнекті сахна жұлдызы және киноактриса, халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың иегері Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл толып отыр. Актрисаның замандастары, әріптестері белгілі суреткерлер мен өнертанушылар, журналистерден жинақталған сондай-ақ актрисаның өз мұрағатынан әрі М.Әуезов театр музейі қорынан алынған фотосуреттер мен естеліктер топтастырылған «Фарида Шәріпова» атты еңбекке сүйене отырып, сахна жұлдызы туралы естеліктерді ұсынып отырмыз.

Хас шебер

Аталмыш жобаның авторы және кітапты баспаға дайындаған Бөпежанова Әлия Қахарманқызы әуелі «Кітаптың құрылымы туралы әлемі біртұтас сөз болып, қарастырылған, театр өнеріндегі парасаттық бастау қатарынан табылатын хас шебердің рухани-эстетикалық және әдеби әлемін зерделеуге, сол арқылы Тұлғалық болмысын тануға бастайтын алғашқы толымды еңбек, ұжымдық еңбек. Кітап өнерсүйер қауымға, өнертанушы жастарға, сондай-ақ қалың оқырманға арналған. Жинаққа осы кезге дейін жарық көрген көп материалдың, қолда барының маңызды дегендері топтастырылды»,- деп жазады.

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл

Кітапқа енген актриса туралы алғашқы естеліктің авторы Әлия Қахарманқызы. Сыншы, мадениетанушы Әлия Бөпежанова актриса туралы естелігінде: «Оның жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында сомдаған көркем бейнелері, сондай-ақ киноэкранда жасаған кейіпкерлері де миллиондаған көрерменге жақсы таныс.

...Еңлік, Жәмилә, Қарлыға, Ажар, Толғанай, Ақбала, Донна Анна, Миранда, Елена Андреевна, Медея, Иокаста, Фарида... Осы және өзге де көптеген бейнелерді сомдаған актриса халқының сүйіктісіне айналды. Фарида Шәріпова менің де сүйікті актрисам. Оны алғаш рет 1974 жылы театрдың Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы гастрөлінде О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасы бойынша режиссер Қадыр Жетпісбаев сахналаған қойылымдағы спектаклінде Анар бейнесінде көргенмін. Содан бері Шәріпованың әрбір жаңа рөлін және ол қатысатын спектакльдердің бірін де қалдырмай көргендер, көретіндер қатарынанмын. Кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәріпова туралы бірнеше мақала жариялаған жайым бар. Ал, 1993--1998 жылдар аралығында М.Әуезов театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткенімде театр өмірін, ұжымын, актерлердің болмыс ерекшеліктерін, рөл жасау процестерін, тіпті мінез-құлықтарын да іштей көріп білгендеймін. Сонда Фарида Шәріпованың сахнада ғана емес, дайындық кезінде де монументальдығын, көзге онша түсе бермейтін, мейлінше елеусіздеу жүруге тырысқанымен өнерге келгенде жанкештілігін, лидер-көшбасшылығын көрдім. Ол орындаған әрбір рөл үлкенді-кішілігіне қарамай зорайып, кеңістікті толтырып, мағына алып шыға келетініне көз жеткіздім. Қай ортада болсын, өзінің бар екенімен, рухани күш-қуатымен, болмыс тазалығымен, түйіп айтқанда бекзаттығымен мағына тудыратын, белгілі бір өлшемдер қалыптастыратын жандар болады. Суреткер Шәріпова осы санаттан. Өмір - өнер ұстанымы толық үндес актрисаның ойын өрнегі кәсіби сахнамыздың биігін танытады. Табиғат берген таланты өз алдына бүкіл шығармашылық ғұмыры рухани ізденіс, өзін-өзі жетілдірумен, өнерге деген саф адалдықпен күн кешіп келе жатқан актриса, жарты ғасырлық биіктен көз салсаңыз, сахна өнерінің сапалық деңгейін көтерген, өз қырынан дамытқан, рухани-көркемдік ізденістердің көкжиегін кеңейткен Тұлға»,- деп жазады.

Автор осы жазбасында жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Фарида Шәріпова туралы аз жазылмағанын, оның өнері туралы белгілі суреткерлер, өнертанушылар, сыншылар, журналистер, сондай-ақ өз әріптестері, сахнадағы серіктестері қалам тартқанын жазады.

«Суреткер Шәріпованың өнері кезінде Кеңес Одағы көлемінде жақсы таныс болды. Актриса шығармашылығы туралы орыс өнертанушылары кітаптарында, сондай-ақ адалдық және республикалық басылым, баспасөз беттерінде талданды»,- деп жазады 2006 жылы жарық көрген «Фарида Шәріпова» атты кітапты меңзеп.

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл

Аталмыш еңбекті суреткер Шәріпованың ұжымдық портретін жасау жолындағы қарекет деп көрсетеді сыншы.

«Мұндағы әрбір пікір, талдау, тіпті бейнелі сөз жинақтала келе актрисаның рухани әлемін түзеді. Сондай-ақ бұл кітап ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бүгінге дейінгі қоғам өмірінің, оның өмір кешу формасының бір түрі сахна өнері жолының, демек, М.Әуезов театры, актриса өнер ортасының да ұжымдық картинасы. Әрине, өзінің өнер-өмір портретін ең алдымен актрисаның өзі жасады. Сондықтан да бұл кітап оның Өз шындығы мен ол, яғни актриса туралы «екінші шындық» астасқан туынды деу керек. Және Фарида Шәріповадай суреткер шығармашылығын тұтас бір зерттеу обьектісі етіп алатын болашақ өнертанушылар үшін мағыналы да мықты түпнегіз бола алады деген сенім бар»,- деп жазады мадениетанушы Әлия Бөпежанова.

Өнері өнеге

Өнерді жүрегімен қалап келген жан оған біржола байланады. Өмірін өнерге, өнерін өмірге айналдырады. Мұндай құбылыс ендігі жерде бола ма, жоқ па білмеймін. Осыны бастан кеше отырып, осы құбылысты дүниеге әкелу бақытына, біздер, «60-жылғылар» аталатын ұрпақ ие болыппыз. Бұл ұрпақ өнердің әр саласында еңбек етті. Олармен бірге сахна өнеріне де қоғамдық, әлеуметтік, эстетикалық небір үлкен жаңалық келді, дегенді мен емес, сыншылар, мәдениеттанушылар, пәлсапашылар айтады. Өз өнер- өмір биігімнен көз сала отырып менің олармен келіспеуге әддім жоқ. Осы биіктен мен өнердегі әріптес-серіктестерімді, достарымды көремін. Театрымды көремін. Әрине, әңгіме ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы қара шаңырақ театр туралы. Өнердегі әріптес-серіктес, достарым дегенде, әрине, үлкен буын ағалар мен апаларымды, сонсоң, сөз жоқ, өзіммен қатарлас та, жасы шамалы кішілеу де әріптестерімді айтамын. Театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан, қара нар ғана шыдар ауыр жүгін менімен бірге көтеріскен достарымды айтамын. Ыдырыс, Әнуар, Асанәлі, Сәбитті айтамын. Сонсоң Фариданы. Фарида Шәріпованы айтамын. Фарида театрға оқуын бітірісімен келді. Режиссерлік мамандықтың ерекшелігі – актердің әлеуетін бірден танитыны. Фарида өзіне ғана тән тартымдылығымен, табиғи таланты, соншалықты алғырлығы, сергектігі, ізденімпаздығымен көзге түсті. Күрделі спектакльдерімде небір күрделі бейнелерді Фаридаға сеніп тапсырдым. Бірерін ғана атасам, Қарлыға, Толғанай, Ақбала, Елена Андреевна... Сенімім үнемі артығымен ақталып отырды. Фарида қойылымдарыма ерекше бір шарм берді. Парасатымен, сосын психологиялық терең ойынымен, партнерін соншалықты бір сезінуімен - қай спектакльдің де негізгі арқауын ұстай білді. Әдеби шығармаларды сахналаған кездері де Фариданың маған көмегі аз болған жоқ. Досым, әріптесім Ыдырыс екеуі жарасқан жұп еді. Олжастың «Из эпоса джигиты мчат, опаздывая лет на триста» дегеніне лайық еді Ыдырыс. Өмірде де, өнерде де бірге жүретіндер болады. Бірақ, шын мәніндегі жарастық, бақыт осы екеуінің отбасында болды. Ал, Фариданың өнері, өзіндік мектебі кейінгі жастарға тәлім. Уақыт өтер, қоғам әлі де өсер, сонда, мүмкін, «60-жылғылар» өнерінен дәріс оқылар. Мақтанғаным емес, «Мәмбетовтану» курсы жүрер әлі. Ал, осындай санаулы дәрістердің бірі «Фаридатану» болатынына да еш күмәнім жоқ.

Әзірбайжан МӘМБЕТОВ

Наурыз, 2006 ж 

Шамшырақ

Әмір жолы әр алуан. Өз басым сахна өнерінің қуанышымен бірге қым-қуыт қиындықтарын да аз көрмеген секілдімін. Алдыңғы буын ағалар тобынан Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Шәкең, Рақия, Сәбира, Шолпан, Хадиша, Сейфолла, Камал тәрізді аса дарынды өнер шеберлерімен көптеген қойылымдардың жүгін бірге көтердім. Көп нәрсеге қанықпын. Бұлардан кейінгі толқын актерлардан Ыдырыс, Нұрмұхан, Асанәлі, Сәбит, Таңат, Зәмзәгүл, Торғын, Нүкетай, Гүлжан, Рахиялармен бірге ойнап, бірге жасасып келе жатырмын әлі. Бұл жағынан армансызбын деуге болады. Сахнада бірге ойнайтын серіктесіңнің талантты болуы деген бір ғанибет! Спектакльді әзірлей бастағаннан іргетасын қатар қоян-қолтық қаласып, бірге іздесіп, бірге толғасқан серіктестің орны тіптен ерекше бөлек. Өстіп тынбай еңбектеніп, ішкі жан-дүниені терең сезініп отырып ойнау дегеннің өзі - актер шеберлігінің шыңдалуына орасан зор ықпал жасайтын асулар. Ұғысып-табысқан серіктесіңмен ойнау жанға да жайлы, ондайда сахнада кешкен өмірің шын болғандай, нақтылы тірлішікке тән нәрседей әсер етеді. Жаныңа жақын да ыстық сезім жүрекке шабады. Өйткені сахнада ол сен ол үшін ғұмыр көшуге тура келеді. Біріңді-бірің қуаттап, біріңді-бірің толықтыра өмір кешесің. Әлдеқандай себептермен әлгі ұғысып табысқан серігіңмен қайбірде табыспай, оның арнына басқа актер ойнаса, қанша ойламаймын, кем-кетігін білдірмейін дегенмен де орны толмай, спектакль әдеттегісінен төмен түсіп, кемеліне келмей жатады.

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл

Фарида Шәріпова – менің соңғы отыз жыл ішінде өте жақсы ұғынысып жақын табысқан талантты әріптесім, талантты серігім. «Жәмилә», «Ана-Жер-ана», «Дон-Жуанның думаны», «Белгісіз бір бейбақ», «Вьетнам жұлдызы» сияқты қойылымдардың қай-қайсысы да қиындығына төзген, рахатына бөленген күндерімізді еске түсірмей қоймайды.

Әлі есімде, 1959 жылдың жазы. Жаңа маусымның ашылар алды. Группамыз түгелдей жазғы демалыстан оралып, театрға келсек, сахнада Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклінің дайындығы жүріп жатыр екен. Театрға жаңадан ғана келген жастардың репетициясына қызыға қарап біраз тұрдық. Алғаш театр табалдырығын аттаған балғын, балауса кезімізді еске түсіріп тұрғандай. Спектакльді қоюшы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің де қылшылдаған жас кезі. Үстінде соңғы үлгімен тігілген көк костюмі бар. Қара терге түсіп твист билеп жүр. Басты кейіпкерлердің бірі Арыстанды ойнайтын да өзі. Ыдырыс Данияр рөлінде, ал оның сүйген қызы Жәмилә рөлінде – Фарида. Фариданы мен бұдан бұрын Өнер институтында оқып жүрген кезімнен білетінмін.Тәңіртауының арғы бетінен бір ғажап талантты қыз келіпті деген жақсы аты қалаға түгел тараған. Қытайда түсірілген «Хасен мен Жәмилә» фильмінде көргенбіз.

Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» спектаклін әзірлеген тұстан бастап тіптен жақын араласып, жақсы білісе бастадық. Мен Жәмиләның адуын мінезді, шайпау тілді енесі Жаңыл кемпірді ойнайтынмын. Бұған дейін жас кейіпкерлер мен жас келіншектерді ойнаған да едім. Ал, енді жасы келген кемпір бейнесіне тәуекел жасап тұрмын. Ол кезде тақа қартайып та тұрған кезім емес. Бірақ әйтеуір реті солай келіп қалды. Әдепкіде қорқып та жүрдім. Байқасам, бұл шешімнің зияны да болмапты. Жәмилә, шынын айтқанда, Фариданың біздің сахнамызда орайын тауып сәтті бейнеленген рөлі еді. Фарида мен Ыдырыстың бірі Жәмилә, бірі Данияр болып ойнаған кездері сондай бір әдемі, жарасымды болушы еді. Сахнадағы тым-тырыс тыныштық есте тұр. Тамыз айының жұлдызы жымыңдаған түндерінің бірі. Астық тиеген ат арбаны доғарып қойып Есболған - Сейіт үшеуі от жағып, әзіл айтып ойнап- күліп отыратын. Жәмилә мен Данияр кезектесіп, сол жолда ән салатын. Фарида қырғыздың «Есімде» деген әнін ғажап, әдемі мұңды сазбен айтушы еді. Данияр ән салғанда, соғыс жайын айтқанда, Фарида екі көзі мөлтілдеп жасқа толып отырып тыңдайтын. Аз сөйлеп, көп тындыратын тұйық мінезді жігіт Даниярдың еркіне қоймай жүріп күлдіретін, сөйлететін еді. Сондағы Жәмилә, Фариданың сыңғырлаған үні, ерке назды күлкісі,жайдары жылы жүзі, ақша бұлттай желбіреген ақ көйлегі, қара мақпал белдемше камзолы, бір шекесіне қисайта байлаған қызыл орамалы бәрі- бәрі күні бүгінге дейін көз алдымда. Өзіне сондай жарасып, көріктендіріп тұратын. Жәмилә рөлі Фариданың орындауында сәтті шығумен қатар, бақытының бастауы десек те болғандай.1964 жылы біздің театрдың Москваға үшінші рет барған сапарында, қазанның аяғында айтулы театр мамандары мен сыншылары бас қосқан қорытынды мәжілісте біздің апарған спектакльдеріміз жайында талқылау өтті. Мәжілісті белгілі театртанушы Марков ашып, өз спектакльдеріміздің қай жағынан да кең ауқыммен келгендігін айтып, жақсы баға берген еді. О.Н.Олидор Москваға үшінші рет келіп отырған театрымыздың осы жылдар аралығындағы өсу жолдары мен табыстарына тоқталып, труппамыздың Хадиша, Сәбира, Шолпан, Зәмзәгүлдермен қатар Фарида, Торғын, Сабит, Нүкетай сияқты жастармен толыққаны ерекше сүйсінерлік екенін атап айтты. Әсіресе, Фариданың жан-дүниесі толы драматизм екендігін баса айтып, ерекше бағалады.

Ал, театр зерттеушісі В.Д.Голубовский «коллективтеріңіздің күштілігіне қызыға қарадым» деп өзін сүйсіндірген біраз жайларды айта келіп, «Бұл жолы »Ана -Жер-ана» мен «Жәмилә» спектакльдерін әкелгендеріңіз өте дұрыс болған. Жасырмай айту керек, жас актриса Фарида Шәріпова «Потрясла временами, и за это стоило привхать» дегендері әлі есімде. Оның бұл сөздері менің күнделік дәптерімде жазулы да екен. Сол сапарда өзім ойнауға қорқасоқтап жүрген Жаңыл рөлін орындаған мен де абыройсыз болған жоқпын. Біздің қазақ театрының бірінші тарихи кітабының авторы А.Львовтың «Бикен жасы келген рөлдерге дер кезінде ауысқан бақытты актриса» деген жақсы лебіздерін естіп қайттым. Сонымен «Жәмиләдән» бастап Фаридамен бірнеше спектакльдерде бірге ойнап, талай-талай рөлдерді сахнаға бірге шығардық. Атап айтсақ: «Ана-Жер-анада» ол –Толғанай, мен -Жер-ана, «Вьетнам жұлдызында» ол -Тхен, мен - Брет, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» ол - Мақпал, мен - Күнікей, «Белгісіз бір бейбақта» ол – Нуно бике, мен - Сэйдзу хануым, «Қан мен терде» ол - Ақбала, мен - Қарақатын, «Дон-Жуанның думанында» ол - Анна, мен -Эльвира болып, сол сияқты «Медеяда» ол -Медея, мен - Сүтана, «Елеусіз қалған есіл өрде», т.б. спектакльдерде бірге ойнадық. Фариданың талантына таңырқай отырып, оның өнердегі батылдығы мен образдарын бейнелеудегі іскерлігіне, тапқырлығына, сезімталдығына қызығасың, еңбекқорлығын көріп сүйсінесің. Шіркін, барлық жас осылай еңбектенсе ғой дейтін кезіміз де жоқ емес.

Бір кезде Вахтангов: «Актер өз рөлінің режиссері болу керек»- деген екен. Бұл бір ұлағатты сөз. Қазір де өз рөлінің қожасы, автормен, режиссермен бірдей түсетін ойшыл, білімдар болу керек дейміз. Сол талаптарға лайықты Фарида материалды игеруде, режиссер ойынан шыға отырып образға кірудің және де оны қалыптастырудың өзінше бір тың жолдарын іздейді. Рөліне деген өз көзқарасын, тұжырымын режиссер шешімімен байланыстыра отырып, анықтап алғаннан кейін, сонысына лайықты өзін қоршаған өмірден, айналасынан, оқыған-тоқығандарынан өзіне керегін таңдай біледі. Және де сол таңдап-талғап тапқандарын өзінің қажетіне жарата білетін өте іскер, алғыр актриса. Өмір құбылыстарын терең түсініп айыра білу, таба білу, өнерпаздықтың өсуіне апарар жол болса керек, ол да оңайлықпен келмейді, бірден қолға түсе қоймайды. Жаңылмасам, 1963 жылдың қараша айының аяғы, желтоқсанның бас кезі болу керек. Мәскеуден К.Станиславский театрының бас режиссері Л.Анохиннің Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша жасалған «Ана-Жер-ана» инсценировкасын алдырып, бір кеште ұжым болып ұйысып оқыдық. Бір ауыздан ұнатып қабылдадық. Көп ұзамай-ақ Қ.Мұхамеджановтың аудармасы да әзір болды, рөл бөлінді, қаулы алынды. Іске кірісіп кеттік. Спектакльдің бас кейіпкері Толғанай рөлі тәжірибелі сахна саңлағы Сәбира Майқановамен қатар екінші құрамада Фаридаға берілді. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Небәрі жиырма сегізге жаңа шыққан жас актрисаға алпыстан асқан кейіпкердің рөлін ойнау тосын уақиғадай көрінді. Әзірбайжан өзі бас режиссер болып келгенге дейін театрдың бас кейіпкерлерін ойнап келген актрисаларға бұл оңай тимейтінін біле тұра тәуекелге барды. Сонымен режиссер арқасында Фариданың таланты ашылып, шеберлігі қалыптасты десек, артық айтқан болмаспыз деймін. Оның өзі де әр тұста зор ілтипат-ықыласпен айтып жүреді. Енді бір себебі, сахнамызда Фарида бейнелеген ана-әйелдер мен ару қыздардың дені қазақ әдебиеті мен орыс және Батыс классикалық шығармаларындағы образдар мен драмаларының басты-басты кейіпкерлері болып келуінде. Актрисаның шығармашылық өмір жолында әр тұста, әр кезеңдерге арналып қойылған спектакльдеріміздегі бейнелерін түгелдей шолып қарасақ, бір байқайтын жәйт, ол негізінен, әйел-аналардың, ару қыздардың көбіне ұнамды кейіпкерлерін бейнелеуге көп еңбек сіңіргенін байқаймыз. М.Ульянов бір сөзінде актердің тұлғалылығын да ойлау керектігі туралы айтқан. Ульяновтың бұл сөзі қай-қайсымызды болса да ойландыруға тиісті. Бұл тұрғыдан қарағанда Фарида осының екі жағынан бірдей өскен актриса, яғни, адамдық тұлғасымен де, актерлік тұлғалылығымен де өзі теңдес қатар-құрбы әріптестерінен анағұрлым үздік, ілгері өскен, өте саналы, білімдар актриса.

Айталық, «Ана -Жер-анадағы» Толғанайдың ой-санасының биіктігі, табиғи интуициясының зерделілігі, тапқырлығы, адамгершілігінің молдығы, мейір- бандылығы, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, ойға алған мақсатын тындырмай қоймайтын табандылығы, төзімділігі, шешендігі, қараңызшы, бір өзінің басында қаншалықты қадір-қасиет бар, қаншалықты қыры, сыры бар!

Және де бұл қасиеттерінің дені бар әйел тағдырына ортақ қадір-қасиеттер. Әсіресе, Отан соғысы тұсындағы аналар басынан өткен трагедиялық халдер. Ал енді кейіпкердің басындағы осы бір асыл қасиеттерді, Жер-анамен сөйлескендегі алуан сырларын Фарида терең тебіреніспен, толқынды сезімдермен, шынайы қарапайым табиғи нанымдылықпен өте шебер бейнелейді. Осы рөлін бірте-бірте қырлаумен, жетілдірумен тынымсыз еңбектенгеніне міне, биыл отыз жыл. Актрисаның мұрат-мақсатына айналған бұл жолда оның жұмсаған күш-жігері, қажыр-қайраты, еткен еңбегі, төккен тері, аққан көз жасы текке кеткен жоқ, айтарлықтай жемісін берді де. Фариданың келуімен сахнамызда тың тұлғалар туды, әйел образдары жаңарып, тың қырларынан көріне бастады. Театрдың сәтті-сәтсіз кезеңдері мен сәтті-сәтсіз туындыларының тағдырына тұтастай алғанда барлығымыз да ортақпыз. Әйтсе де, Фариданың қосқан үлесі өз алдына бір төбе.

Біздің Фарида өзі ойнайтын рөлінің сыртқы көрінісінен гөрі ішкі жан дүниесінің тереңіне көбірек зер салатын актриса. Актер адам зейін қойса, бір рөлді қатар дайындап жүріп те, бірін-бірі көріп, үйреніп өседі. Тіпті қатар жасасып жүрген әріптесіңнің қателігінен де үйренуге болады. Мен өзім бірге жасасқан творчестволық өмірімде Фаридадан көп нәрсе үйрендім. Зейін қойса, қадіріне жете білсе, біздің жастарға Фаридадан үйренерлік дүние баршылық.

«Ана-Жер-ана» мен «Қан мен тер» спектаклі, оның ішінде Толғанай мен Ақбала тұлғалары әр кезеңде, әр тұста ерекше туып, ерекше жарып шыққан, актер мен режиссердің де, театрдың да мерейіне айналған туындылар. Бұлар біздің Әуезов театрының абыройын арттырып, даңқын Қазан, (Уфа),

Ташкент, Нүкіс, Бішкектен асырып, Мәскеу, Иранға жеткізген, соңғы отыз жыл ішінде Ә.М.Мәмбетовтің режиссерлігімен біздің театр сахнасында туған өзгеше құбылыстар еді. Бұл тек біздің ғана емес, бүкіл театр өнерін зерттеуші маман, ғалым, сыншылардың да, барша өнер сүйгіш көрермен қауымның да, қалың жұртшылықтың да мойындаған шындығы. «Менің сахнада жыламайтын рөл ойнайтын күнім болар ма екен?» деп күледі ол кейде. Айталық, Ақбаланың Еламанды ұнатуын, бір сәт көңіл-күйінің Тәңірбергенге ауытқып, іштей толқыған ой арпалысын, аталы ауылдың ортасына түскенде көрген қысымы, олардан жиреніп, жан түршігуін, жек көріп түңілуін, сезім иірімдерін, көңіл-күйінің, лебізінің әр түрлі құбылыстарын әр көріністің өзіне лайықты мөлшерден аспай, терең тебіреніспен шебер бейнелейді. Ордалы бай манаптар ауылының ортасында Тәңірбергеннің қиянатшыл қатігездігін көргеннен кейін барып, Еламанның қадіріне жетеді. Өзінің өтеуі жоқ трагедиялық мүшкіл халін сезеді. Адам басына түскен қайғы-қасірет оның өмірге деген көзқарасын өзгертеді, қанша мықтымын десе де, өзін-өзі қанша тежеп, ұстап, төзімділік етсе де бір ашылып, шер тарқатпай тұра алмайды. Не көзден жас болып, не шерлі сәз болып төгілері хақ қой. Сондай-ақ Ақбаланың басына түскен тосын оқиғаларға, небір қасіретті сәттерде шыққан жан дауысы мен шырқыраған үніне залда отырған көрермен қоса егіледі. Өмір толқынының қиыр-шиырына көп түскен Ақбала тағдыры аянышты-ақ. Толғанай, Ақбала, Жәмилә, образдарын Фарида барынша шынайы, қарапайым табиғи нанымдылықпен шебер бейнеледі.

Фаридамен бірге ойнаған ендігі бір спектаклім жапон драматургы Моримота Карудың Мән Дон-Ук қойған “Белгісіз бір бейбағы”. Фарида спектакльдің бас кейіпкері Нуно бике Кейді, мен Суцулидің сауда сарайының қожасы Сейдзу ханымды ойнадым. Біздің бұл кездесуіміз де сәтсіз болған жоқ, талантты режиссер Мен Дон-Укпен шығармашылық бірлікте жақсы тіл табысып, ұғысып жұмыс істедік. Ол алғыр да тапқыр, талантты режиссер болатын. Біздің актерлер де қамшы салдыртқан жоқ. Ол кісімен жұмыс істеген уақыттың қалай өткенін де білмей қалатынбыз, репетицияны қызу да қызықты өткізетінбіз. Жәмилә, Толғанай, Ақбала сияқты барынша реалистік жарқын бояулармен жазылған образдарды Фарида шынайы, табиғи, қарапайым нанымдылықпен бейнелеген болса, романтикалық планда өлеңмен жазылған эпикалық спектакльдің кейіпкері Қарлыға – Фариданың орындауында өр мінезді, қаталдығы да бар, оның кейде бір сәл қырылмен шығатын зілді суық үнді күлкісі, сұсты келбеті, жас батырдың бейнесін танытады. Сайыста қылышкер, қимыл-қозғалыстары шапшаң да сымбатты. Қобыландыға деген махаббаттың әке мен ағаға семсер сілтеткен күшін, еркіндік іздеген арманшыл ойлар толқынын,жастық жалынымен, отты ұтқыр сезімталдықпен көрініс сайын әсерлендіріп, құлпыртып үлкен шабытпен ойнайды. Соңғы көріністе Құртқаның сұлулығын, Қобыландыға деген мөлдір таза махаббатын көріп, жар қадірін қасиет тұтып, өз махаббатын өз ішінде тұншықтыру батырлығына қоса кемел кемеңгерлігін де танытады. 1946 жылы қойылған «Қобыланды» спектаклі идеялық бағыты мен тақырыбы тарихтың ерлік беттеріне, халықтың тәуелсіздігі үшін күресіне арналған. Оны С.Штейн мен Қ.Бадыров М.Әуезов драмасының негізіне сай қаһарман романтикалық поэма ретінде қойған болатын. Қобыландының қарындасы Қарлығаш пен жас батыр Шуақтың тойында сахна толған халық, алқақотан отыра қалып би биленетін, жыр толғанып, халық ойындары өтетін. Өнердің ұлттық бояулары басым болатын. Зұлымдық иесі мыстан кемпір Көклан майталман сахна шебері Сәбираның сахнамызда сәтті шыққан рөлдерінің бірі еді. Бірінші көріністе Қобыланды мен Құртқаның алғаш кездескен сәтінде Көклан қол көтеріп, әмір етсе болды, ертегі аңыздарындағыдай биік қақпа жартас қақ айрыла кетіп, ортасынан ақ жүзі айдай әмбеге бірдей болып Шолпан-Құртқа шығатын. Бұл – Қобыландыны ойнаған Шәкеннің де, Қапанның да, Қарлығашты ойнаған Хадишаның да творчестволық өсіп-өрлеп, нағыз бабындағы кездері, соғыс жылдарының ауыртпалығын кешкен халықтың еңсесін бір көтеріп, қуанышқа бөлеген туындылары мен тұлғалары еді.

Бұл пьесаны бірнеше режиссер қойса, әрқайсысы өзінше түсініп оқиды, өзінше көреді, өзінше шешеді. Бір театрда сәтсіздікке ұшыраған пьесаның енді бір театрда ғажайып өнер туындысы болып керемет табыспен жүруі мүмкін. Ал, кейде бір театрдың өзінде бірнеше жылдан кейін қайта қойылып, басқаша бір тың шешіммен жаңа қырынан көрінуі мүмкін. Бұрынғысынан төмен, нашар қойылуы да мүмкін. Драматургиясында қанша керемет болғанымен, әр образ суреткерлікпен ашылып, шешімін таппаса, характерлері дараланып тұрмаса, эстетикалық ләззаты да, идеясы да құрдымға кете барады. Шынайы өнер туындысы талантты режиссердің қолына түссе, қандай да болмасын бір жаңалық әкелері хақ.

Кезінде Ғазиза музыкасын тез әкеле қоймай, біраз уақыт «Электраның» музыкасымен репетиция өткіздік. Ә.Мәмбетов бұл қойылымда актерлардың салқынқандылықпен баяу басып, “жаяу жүріп” ойнауға болмайтынын қатты ескерткен. Шамырқанған ыстық сөзімдермен ойнауды талап етті. Ең жоғарғы “градуста” тірлік етуге үйретті. Әзірбайжанның бұл талабын Қобыландыны ойнаған Ыдырыс пен Әнуар да, Фарида да ақтады. Фарида ойнаған Елена Андреева (“Ваня ағай”) Чехов шығармаларының ішіндегі көп қырлы, жұмбақ сырлы әйелдерінің бірі. Тал бойының бір міні жоқ. Сымбатты сұлулығына қоса бойында ыстық шоқтай жанып жалындап тұрған оттылық та бар. Өзін жұрттың бәрі сүйеді, бәрі ұнатады, бәрі қадір тұтады. Қалтқысыз беріле құлап сүйеді. Тіпті, өмір бойына сүйіп табынып өтулеріне бар, анда-санда алыстан болса да көріп жүрсе болғаны. Және де тек оның тал бойындағы сырт сұлулығы үшін ғана емес, оның ішкі жан сарайында басқаға бітпеген бір ерекше жылылық, ізеттілік, мейірімділік тәрізді адамды еріксіз өзіне баурап әкететін ізгі қасиеттері үшін табынатын сияқты. Оны біз Ваняның «Бақытым да, жастығым да, әмі де бір өзіңізсіз, тек жүзіңізге осылай қарап, үніңізді естіп жүруге рұқсат етсеңіз болғаны», - деп қиылып айтқан сөздерінен байқаймыз. Еленаның рөлі, былайша бір қарағанда онша керемет те емес сияқты көрінеді. Ал енді тереңірек үңілсек, тіпті де олай емес екен. Кезінде Петербург консерваториясын бітірген сүйкімді, сұлу бикеш орта жасқа келген атақты ғалым, профессорды сүйіпті. Бүкіл студент жастар мен жоғары төрелер, ақсүйектер қауымын түгелдей аузына қаратқан адамның бірте-бірте бірге тұра келе, зайыбының көз алдында жағымсыз нашар жақтары ашыла бастайды. Алдамшы бақтың баянсыздығы байқалады. Серебряковтың рухани күйреуі, кәріліктің өзімшілдігі, қызғанышпен дамылсыз қыжырта беретін қазымырлығы Еленаның көз алдында ерінің бұған дейінгі бар жақсылықтарын жуып-шайып бара жатқан тәрізді. Сонысына ерегіскенде оған тұрмысын өзгертіп айрылысып кетпесе де, біреуді сүйіп-ұнатуына ешнәрсенің бөгеті жоқ еді ғой. Бірақ Елена – Фарида оған бармайды. Ар-инабаты жібермейді, сол үшін де күйзелісте. Ал Ваня ағай болса, Еленаны осы кесімі үшін де есі кете өлердей сүйіп қалады. Астровтың да бұл үйге бар жұмысын, қара орманын тастап, күн құрғатпай келгіштеп жүргеніне айдан асқан екен.

Спектакльдің бірінші бөлімінде өз күнәсін, борышын сезумен қатар, бір сәт Астровты көргісі, тыңдай түскісі келіп те қалады. Астров туралы Соняға: «Ол талант қой, сен талант дегеннің не екенін білесің бе? Талант деген батылдық, еркін ойлайтын ақылды бас, кеңге құлаш сермей алатын қарымдылық», -деген сөздерінен байқаймыз. Бірінші көріністің соңында түнгі шырақ түбінде жылап тұрған Фарида – Еленаның есіне нелер өкінішті ойлар түспей тұр дейсіз? Іштегі буырқанған шері жас болып төгіліп тұрған жоқ па?! Ол Астровты көрсе болды, өз-өзінен мазасы кетіп, дегбірсіздене бастайды, сол бір өзін іштей қинап жүрген азаптан, мазасыздықтан арылу үшін де Соняға махаббатын қимақшы болады. Ал, түптеп келгенде, оның аты өзін-өзі алдау ғана. Соня үшін махаббатымды қидым деп өзін-өзі алдаусыратады. Соняға өзінше қайырымдылық жасамақшы, Әнуардың Ваня ағайы кегі бар, ызалы, айналасындағы кереметпін деп жүргендерден өресі биік тұрған тұлға. Бар мүмкіндігі, бар таланты орнымен пайдаланылмай, еңбегі зая кеткен адам.

«Менің сүйікті ағатайым» спектакліндегі әріптестеріміздің, оның ішінде Фарида мен Әнуардың кейіпкерлерін көріп отырып, Чехов шығармаларын ойнағанда, актер жаны түгелдей от алмаса, өз рөлі арқылы өмірге деген түсінігін, көзқарасын ашып анықтай алмаса, шынайы сезінбесе, әсіресе, психологиялық жанрдағы спектакльдерде образ жасау оңайлыққа түспейді екен-ау деген ойға келесің. Басқа авторларды ойнағанда, рөлінің характерін тауып, кәдімгі қарапайым өмір шындықтарымен бірдеңе ғып шығуға болатын сияқты еді. Ал енді Чехов шығармаларын ойнағанда анау-мынау тәсілдер мен жасанды қулықтарымыз өте бермейді екен. Бұл спектакльді біздің театр өнеріндегі бір үлкен жаңалық еді, кесек туынды еді деп айтуға толығынан хақылымыз. Егерде қанаттандырған өткір сөзім, ұшқыр қиял, терең ой Ә.Мәмбетов қойылымында режиссерлік өзіне лайық шешім таппаса, көрерменді еліктіріп, өзіне баурап әкететін Фарида, Әнуар, Ыдырыс, Сәбира, Хадиша, Шахан, Рақия, Тілектес, Тұңғышбайлар талантының қуат-күші болмаса, бұл мұндай дәрежедегі қойылым бола алмас та еді. Көптеген орыс театрларының өзінде небір майталман шебер режиссерлар, «мен – мынау» деген авторлардың өзі Чехов шығармаларынан құлап, сәтсіздікке ұшырап жатады. Соған қарамастан Ә.Мәмбетов қойған «Менің сүйікті ағатайым» спектаклі Мәскеу жұртшылығы мен театр мамандарының алдында жоғары бағаланды. Өзім өсіп-өнген театрымның, бірге жасасқан әріптестерімнің бұл өнерін қызықтай отырып, оны зор қуанышпен мақтан етемін. Бұл күнге дейін алуан түрлі әйел қауымының әмірінің, ой-арманын, мақсаты мен қуатты әрекетін жан сұлулықтарын сахна төрінде сан қырынан сомдап келген Фариданың әлі де талай образдар әкелетініне күмән жоқ. Төле би баба: «Әйел жақсы болмай ер оңбайды, ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел”, - деген. Біздің Ыдырыс жағасы кірлеп, үсті-басы тозыңқырай, жүдеулеу жүрген бір кезінде Фариданы тапты. Ыдырыс екеуі өнерде қатар түсетін, өнер жолының қызығы мен қиындығын бірге кешетін айнымас дос, адал жар болды. Ыдырыстың көзі, өмірінің жалғасы Шыңғыстай ұлының анасы. Дастарханы мол, қолы берекелі, үйдің берекесін келтіріп отыратын жары болды. Ерін ел сыйлайтын ер етті, абыройға кенелтті, атын шығарды. Фарида Ыдырыстың өнердегі жеңісіне қуанып, сәтсіздігіне бірге қайғырды. Кемшіліктерін көрсе, ренжітіп алмайын деп бабын тауып ақыл-кеңес беретін, жәрдем ететін, ел сыйлайтын талантты ердің бабын тапты, өзінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен, ақылдылығымен патшадай күтті. Ыдырыстың рөлсіз қалып, ой тұйығына тірелген сәттерінен алып шығатын да Фарида еді. Фарида далада ат ойнатып, үйде құрт қайнатқан нағыз іскер, батыр ана, актриса. Ыдырыстың бақытына келген әйел. Енді ол ерінің артын күтіп, ұлын оқытып, шаңырағын ұстап отыр. Ыдырыстың басына орнатылған белгіні де өз қаржысына орнатты. Ы.Ноғайбаевқа Талғардан мектеп аты берілді, қаладан көше берілмек, соның бәрі де Фариданың қадағалап, соңында жүруінің арқасы. Актрисалар жасы өнердегі өмірімен саналады. Өзі келген өрелі жасы мен торқалы тойы алдында әріптес сіңліміз Фаридаға зор денсаулық, творчестволық табыс тілейік.

Бикен РИМОВА

«Егемен Қазақстан»

12 қараша, 1996 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға