Францияда аптап ыстықтың күшеюіне байланысты Париждің басты символы – Эйфель мұнарасы уақытша ерте жабылды. Қауіпсіздік мақсатында қабылданған бұл шешім мыңдаған туристің жоспарын өзгертсе, мамандар мұндай жағдайлардың климаттың өзгеруіне байланысты алдағы жылдары жиілеуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кіре алмаған туристердің ақшасы қайтарылды
Қауіпсіздік мақсатында мұнара бірнеше күн қатарынан әдеттегіден ерте жабылып, мыңдаған туристің жоспары бұзылды. Мұнара әкімшілігінің мәліметінше, 23-26 маусым аралығында нысан жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де жабылады. Баспалдақпен көтерілуге арналған соңғы кіру уақыты – 12:15, ал лифт арқылы кіру 12:30-ға дейін ғана рұқсат етілді. Алдын ала билет сатып алған, бірақ кіре алмаған келушілердің қаражаты автоматты түрде қайтарылады.
Лувр музейі де жұмыс уақытын қысқартты
Францияның көптеген өңірінде ауа температурасы 40-44°C-қа дейін көтеріліп, ондаған департаментте ең жоғары – қызыл деңгейдегі қауіп жарияланды. Билік тұрғындар мен туристерге күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға, көбірек су ішуге және тікелей күн сәулесінен сақтануға кеңес берді.
Аптап ыстық салдарынан Париждегі әйгілі Лувр музейі де жұмыс уақытын қысқартты. Музей басшылығы тарихи ғимараттың қазіргі климаттық өзгерістерге толық бейімделмегенін айтып, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін бірінші орынға қойғанын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Еуропада соңғы жылдары экстремалды ыстық толқындары жиілеп, климаттың өзгеруі туристік инфрақұрылым жұмысына да елеулі ықпал ете бастады.