Жаңалықтар

ЕҰУ ғалымдары өсімдіктерді вирустан қорғау үшін жаңа әдісті қолданады

ЕҰУ ғалымдары өсімдіктерді вирустан қорғау үшін жаңа әдісті қолданады
Фото: Видеодан кадр 22.01.2024 08:10 666

Ел ішінде «Ғылым – жаңа жұмбақтарды ашу арқылы дүниенің құпиясын ашудың жолы», - деген пәлсапа бар. Жаңа дәуір ғалымдары да бұл құпиялардың сырын ашуда тысқары қалмақ емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы сынды құпия табиғатты қорғау, аялау ісінде де көрініс беріп келеді. Осындай қамқорлықтың жаңа сипатын анықтауда ЕҰУ ғалымдары өсімдіктердің вирусқа қарсы қабілетін күшейтетін инновациялық шешім тапты.

Еуразия ұлттық университетінің биотехнологтары өсімдіктерді вирустардан қорғау үшін Қазақстанда бірінші рет CRISPR/Cas13 геномдық өңдеу технологиясын қолданды. ЖОО ғалымдарының инновациялық шешімі ауылшаруашылық дақылдардың иммунитетін күшейтуге, аурулар мен күйзеліске төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ЕҰУ биотехнологтары геномды өңдеу технологиясы арқылы өсімдіктердің вирустарға қарсы тұру қабілетін дамытады. Олар CRISPR/Cas13 жүйесін қолданып, оның белсенділігін ақуыз көмегімен арттырады. Университет ғалымдарының инновациялық шешімі тірі ағзаға экзогендік нуклеин қышқылдарын жеткізу мәселесін шешеді.

CRISPR/Cas – бұл әлемде өсімдіктерге де қолданылатын генді өңдеу технологиясы. Біз Қазақстанда CRISPR/Cas13 жүйесін алғаш рет қолданып отырмыз. Ол ДНҚ-ға емес, томбусвирустар тобы үшін РНҚ тізбегіне бағытталған. Тірі ағзаларды зақымдайтын барлық вирустар негізінен 95% РНҚ геномынан тұрады. Біз ДНҚ бағытталған CRISPR/Cas 9 немесе 12 қолданбаймыз. Себебі вирустар тез дамып, бұл жүйелерге қарсы тұруды үйренді, - деп түсіндірді ЕҰУ постдокторанты Нұргүл Иксат.

Ғалымдар вирустардың басқа тобы бойынша зерттеулер жүргізіп, оларға ұзақ мерзімді төзімділігі бар өсімдіктерді алуды жоспарлап отыр.

Бұл әдісті өсімдік вирусологиясы, биология және өсімдік биотехнологиясы саласында қолдануға болады. Сонымен бірге қызанақ, баклажан тәрізді алқатұқымдас өсімдіктер үшін де пайдалануға мүмкіндік бар.

Ғалымның сөзінше, әр ағзаның қорғаныс механизмі бар және бөгде нуклеин қышқылдары түссе, жасушалық иммунитет олардың таралуын тежеуге тырысады. Бұл мәселе P19 ақуызы арқылы шешіледі. Оның арқасында CRISPR жүйесінің тиімділігі артып, вирусқа төзімді тұқым да алуға жол ашылады.

Ғалымдар бұл бағыттағы ғылыми жобалармен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Рүстем Омаров атындағы Биотехнология зертханасының базасында жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға