2025 жылы Еуропалық одақ елдерінде шетелде туған мигранттар саны 64,2 миллион адамға жетті.
Кейінгі 15 жылда бұл көрсеткіш 60 пайыздан астам өскен. Мигранттар санының артуына демографиялық өзгерістер, еңбек нарығындағы сұраныс және геосаяси дағдарыстар әсер етіп отыр.
БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің (UN DESA) бағалауы бойынша, 2000 жылдан бері Еуропаның көптеген елінде тұратын мигранттар саны айтарлықтай артқан. Бұл өзгеріс өңірдің демографиялық құрылымына және еңбек нарығына ықпал етті.
Ал 2026 жылғы наурызда жарияланған RFBerlin институтының Еуропадағы көші-қонға арналған есебіне сәйкес, 2025 жылы Еуропалық одақта туған елі ЕО-дан тыс орналасқан мигранттар саны 64,2 миллионға жеткен. Бір жылдың ішінде олардың қатары 2,1 миллион адамға көбейген. 2010 жылы бұл көрсеткіш шамамен 40 миллион болған еді. Қазір мигранттар ЕО халқының 14,2 пайызын құрайды.
Мигранттар саны қай елдерде көп?
Мигранттар санының абсолютті өсімі бойынша Ұлыбритания, Испания және Германия алдыңғы қатарда. UN DESA деректеріне негізделген салыстыруда осы үш елге Еуропадағы мигранттар санының жалпы өсімінің жартысына жуығы тиесілі. Оларда аталған санаттағы тұрғындар саны жиынтығында 20,4 миллион адамға артқан. Дегенмен мигранттар санының салыстырмалы өсімі бойынша көрініс басқаша. 2000-2024 жылдар аралығында ең жоғары өсім Мальтада – 827 пайыз, Болгарияда – 590 пайыз, Исландияда 522 пайыз болған.
Испанияда мигранттар саны төрт еседен астам өскен. Бұған 2000-жылдардың басындағы құрылыс саласының қарқынды дамуы және 2005 жылы өткізілген заңдастыру бағдарламасы әсер еткен. Бағдарлама аясында шамамен 700 мың өтініш берілген.
Ұлыбританияда 2000-2024 жылдар аралығында мигранттар саны 149 пайыз артқан. Алайда кейінгі жылдары көші-қон үрдісі өзгерді. Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының (ONS) дерегінше, 2025 жылы таза көші-қон көрсеткіші визалық талаптардың қатаңдатылуынан кейін 171 мың адамға дейін төмендеген.
Сөйте тұра барлық елде өсім бар деп айтуға келмейді. UN DESA деректеріне сәйкес, Ресейде тұратын мигранттар саны шамамен 4,3 миллион адамға азайған. Сербияда, Украинада және Шығыс Еуропаның бірқатар елінде де төмендеу тіркелген.
Германия мен Испанияда жағдай қандай?
RFBerlin есебінде Германияда шетелде туған 18 миллионға жуық адам тұратыны көрсетілген. Олардың шамамен 72 пайызы еңбекке қабілетті жаста.
Ал Испания 2025 жылы мигранттар саны ең жылдам өскен елдердің бірі болды. Бір жыл ішінде шетелден келгендер саны шамамен 700 мыңға көбейіп, 9,5 миллионға жеткен. Бұл Еуропалық одақ бойынша тіркелген жалпы өсімнің үштен біріне жуық.
Шетелде туған тұрғындар саны бойынша Испаниядан кейін Франция (8,5 миллион), Италия (6,4 миллион) және Нидерланд (2,9 миллион) тұр.
Мигранттардың халық санына қатысты үлесі шағын мемлекеттерде айрықша жоғары. Есепке сәйкес, Люксембургте тұрғындардың 51,6 пайызы мигранттар санатына жатады. Мальта мен Кипрде олардың үлесі халықтың шамамен үштен бірін құрайды. Швеция, Бельгия және Австрияда бұл көрсеткіш 18-21 пайыз аралығында.
Ал Польша, Словакия және Болгарияда мигранттар үлесі 5 пайыздан аспайды. Чехияда ол шамамен 8,3 пайызға тең.
Баспана сұрағандар саны да өзгеріп жатыр
Еуропалық одақта баспана сұрауға берілетін өтініштердің басым бөлігі Испания, Италия, Франция және Германияға тиесілі. Бұл төрт ел барлық өтініштің шамамен төрттен үш бөлігін қабылдайды.
RFBerlin есебінде Германия 2,7 миллион босқынды қабылдаған ел ретінде көрсетілген. Ал халық санына шаққандағы босқындарды қабылдау жүктемесі Чехияда, Кипрде және Австрияда жоғары.
Сонымен бірге Германияда баспана сұрағандар саны азайып келеді. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында елде қорғаныш сұрап берілген өтініштер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23 пайыз төмендеп, 28,9 мыңға жеткен. Бұл – 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Осы өзгерістен кейін Германия ЕО елдері арасында баспана сұрау өтініштерінің саны бойынша бірінші орыннан төртінші орынға түскен. Алғашқы үштікке Франция (34,6 мың), Испания (32,6 мың) және Италия (32,6 мың) енген.
Көші-қонға қандай факторлар әсер етеді?
RFBerlin зерттеуінің авторлары, профессорлар Томмазо Фраттини мен Кристиан Дусманн Еуропадағы көші-қон үдерісіне демографиялық қысым, геосаяси дағдарыстар және еңбек нарығындағы сұраныс әсер ететінін атап өтеді.
Мигранттардың құрамы да әр елде әртүрлі. Мәселен, Германияға Сирия мен Ауғанстаннан келген босқындар көп қоныстанса, Испанияда Латын Америкасы елдерінен келген мигранттар басым.
Мұндай көші-қонның қабылдаушы елдер пайдасы да жоқ емес. Себебі мигранттар еңбек күші жетіспейтін салалардағы сұранысты өтеуге, салық түсімдерін арттыруға және халықтың қартаюына байланысты демографиялық қысымды азайтуға көмектеседі. Алайда халық санының жылдам өсуі тұрғын үйге, мектептерге және мемлекеттік қызметтерге түсетін салмақты да арттыруы мүмкін. Әсіресе инфрақұрылым жаңа тұрғындар санының өсуіне ілесе алмаса, бұл мәселе күрделене түседі.
Сондықтан көші-қон саясаты тек елге жаңа тұрғындарды қабылдаумен шектелмейді. Мигранттардың еңбекке орналасуына жағдай жасау, баспанамен қамтамасыз ету, тіл үйрету және шетелде алған біліктілігін мойындау да маңызды.
Еуропа елдері үшін тағы бір өзекті мәселе – жергілікті халықтың эмиграциясы. Кейбір мемлекеттер бір мезгілде сырттан келетін мигранттарды қабылдап, өз азаматтарының шетелге көшуімен де бетпе-бет келіп отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Еуропадағы көші-қонның болашағы тек қанша адамның қоныс аударғанына емес, олардың жаңа қоғамға қаншалықты бейімделіп, еңбек нарығына араласа алатынына да байланысты.