Еуропа лигасының жеңімпазы және 449 млн еуро: «Қайраттың» қарсыласы кім?

Еуропа лигасының жеңімпазы және 449 млн еуро: «Қайраттың» қарсыласы кім?
Фото: «Аталанта» ФК

Алматының «Қайрат» клубы 5 қарашада Конференция лигасының жалпы кезеңі аясында сырт алаңда Италияның «Аталанта» клубымен кездеседі. Бергамолық команда соңғы жылдары Еуропада өзін мойындатып үлгергенімен, биылғы маусымда тұрақты ойын көрсете алмай жүр. Жарақат алған футболшылардың көптігі де клубтың жағдайын қиындатып қойғандай.

«Аталанта» – 1907 жылы Бергамо қаласында құрылған италиялық клуб. Команда өз тарихында А сериясының чемпионы атанған емес. Ел ішіндегі ең айтулы трофейіне 1962/63 жылғы маусымда Италия кубогын жеңіп алған кезде қол жеткізді. Дегенмен кейінгі жылдары бергамолықтардың еуропалық футболдағы беделі едәуір артты. Әсіресе 2023/24 жылғы маусымда Еуропа лигасының жеңімпазы атанып, клуб тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді. Джан Пьеро Гасперини жаттықтырған команда финалда сол маусымда бірде-бір рет жеңілмеген «Байерді» 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Бұл «Аталантаның» Еуропа додаларындағы алғашқы жүлдесі еді. Содан бері клуб халықаралық турнирлердің тұрақты қатысушысына айналды.

«Аталанта» ФК
«Аталанта» ФК

Өткен маусымда «Аталанта» 59 ұпаймен жетінші орын алды. Ал одан бір маусым бұрын команда 74 ұпай жинап, А сериясының қола жүлдегері атанған еді. Сондықтан клубтың жетінші орыннан көрінгенін сәтсіз нәтиже деуге болады.

Чемпиондар лигасында италиялық клуб 1/8 финалға дейін жетіп, осы кезеңде Мюнхеннің «Бавариясына» жол берді. Италия кубогының жартылай финалында «Лациодан» жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Чемпионатта жетінші орын иеленген соң «Аталанта» Конференция лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Бұл кезеңде команда Израильдің «Хапоэль» клубымен кездесіп, өз алаңында 0:0 есебімен тең түссе, сырт алаңда 1:0 есебімен басым түсті.

Биылғы Конференция лигасында «Аталанта» «Аякс», «Монако» және «Трабзонспор» секілді танымал клубтардың қатарында турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады. Алайда алғашқы екі турда италиялықтар бірде жеңсе, бірде жеңіліп қалды. Әуелі Кипрдің «Пафосын» 3:1 есебімен ұтса, кейін Амстердамда «Аякстан» 0:2 есебімен жеңілді. Осылайша, екі турдан кейін үш ұпай жинаған «Аталанта» «Қайратпен» өтетін ойында турнирлік жағдайын жақсартуға тырысады. Әсіресе өз алаңындағы матчта жеңіске жету қажет екенін түсінеді.

Ал А сериясындағы жағдайы бұдан да күрделі. Он турдан кейін 11 ұпай жинаған команда турнир кестесінде 13-орында тұр. Әзірге небәрі үш ойында жеңіске жеткен. Оның үстіне «Қайратпен» кездесер алдында өз алаңында чемпионаттың төменгі бөлігінде жүрген «Пармаға» 0:3 есебімен ойсырай ұтылды. Соңғы төрт турда қарсыластары «Аталантаның» қақпасына 12 гол соққан. Бұл команданың қорғанысында күрделі мәселелер бар екенін аңғартады.

Мұндай нәтижелерге жарақат алған футболшылардың көптігі де әсер етіп отыр. Күз басталғалы бері «Аталантаның» бірнеше ойыншысы қатардан шығып қалды. Қазір Исак Хиен, Одилон Коссуну, Рауль Белланова, Томас Кристенсен, Джанлука Гаэтано, Джакомо Распадори, Джанлука Скамакка және Франк Кессье алаңға шыға алмайды. Сеад Колашинац та жарақатынан айығып жатыр. Ол «Қайратқа» қарсы кездесуге дейін сапқа қосылуы мүмкін. Ал ішкі чемпионат пен еурокубокта қатар өнер көрсету командаға қосымша салмақ.

«Аталантаны» 2026 жылдың маусымынан бері Италия футболындағы танымал маман Маурицио Сарри жаттықтырады. Ол бұған дейін «Наполи», «Челси», «Ювентус» және «Лацио» клубтарында жұмыс істеген. 67 жастағы бапкер «Челсимен» Еуропа лигасын, «Ювентуспен» Италия чемпионатын жеңіп алған. Алайда Бергамодағы жұмысы әзірге ойдағыдай жүріп жатқан жоқ: команда тұрақты нәтиже көрсете алмай, қорғаныста жиі қателеседі.

Маурицио Сарри / «Аталанта» ФК
Маурицио Сарри / «Аталанта» ФК

Сарридің алдында тағы бір міндет бар: ол ұзақ жыл бойы Джан Пьеро Гасперини қалыптастырған ойын жүйесін өзгертуі керек. Гасперини тұсында «Аталанта» өзіндік мәнері бар, шабуылда батыл ойнайтын команда ретінде танылды. Енді жаңа бапкер сол деңгейге қайта оралу жолын іздеп жүр.

Құрамында әлемдік деңгейдегі аса танымал жұлдыздар болмаса да, «Аталантада» жоғары деңгейде тәжірибе жинаған футболшылар аз емес. Команданың ең қымбат ойыншысы – бразилиялық жартылай қорғаушы Эдерсон. Оның трансферлік құны 40 миллион еуроға бағаланады. Одан кейін 22 жастағы орталық қорғаушы Джорджо Скальвини (38 миллион еуро) мен бельгиялық Шарль Де Кетеларе (35 миллион еуро) тұр.

Сондай-ақ команда сапында Италия құрамасының ойыншылары Джанлука Скамакка мен Давиде Дзаппакоста, хорватиялық Марио Пашалич және «Милан» мен «Барселонада» ойнаған Франк Кессье бар.

«Аталантаның» жалпы құрам құны шамамен 449 миллион еуроға бағаланады. Ал «Қайрат» ойыншыларының бағасы шамамен 50 есе төмен – 9,2 миллион еуро. Тіпті Эдерсонның жеке құны «Қайраттың» бүкіл құрамының бағасынан төрт еседен де жоғары. Дегенмен солардың бірқатары жарақатқа байланысты алаңға шыға алмауы мүмкін.

«Аталанта» бұған дейін еурокубок аясында Қазақстан клубтарымен кездескен емес. Ал «Қайрат» Италияда ойнап көрді. Осыдан тура бір жыл бұрын алматылықтар Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Миланда «Интерге» қарсы алаңға шыққан. Қазақстандық клуб Еуропаның алпауыт командаларының біріне лайықты қарсылық көрсетіп, тіпті екінші таймда есепті теңестірген еді. Алайда ойын соңында «Интер» 2:1 есебімен жеңіске жетті.

«Қайрат» ФК
«Қайрат» ФК

Осыдан екі жыл бұрын Еуропа лигасын жеңіп алып, Италия чемпионатында жүлделі орындарға таласып жүрген «Аталантаның» қазіргі жағдайы басқаша, сөйте тұра алматылық ұжыммен кездесуде фаворит саналады. Алайда үміт жоқ емес, италиялық клубтың биылғы маусымда тұрақсыз ойын өрнегін көрсетіп жүргенін, сонымен қатар жарақат алған футболшыларының көптігін ескерсек, мұның бәрі «Қайратқа» қолай болуы мүмкін. Алматылықтар да бабында деуге келмейді. Сондықтан ойынның қалай өрбитінін алдын ала кесіп айту қиын. Бірақ «Қайрат» қарсыласының қазіргі қиындықтарын тиімді пайдаланып, Италиядан ұпай алып қайту үшін барын салады деп үміттенеміз.

Оқи отырыңыз