Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңбаға (ЭЦҚ) қатысты алаяқтықтың жаңа тәсілі тарай бастады. Қаскөйлер өздерін eGov, ХҚКО немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректері мен SMS-кодтарын алуға тырысады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қазақстандықтарды мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырды.
Алаяқтар қандай тәсіл қолданады?
Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, азаматтың ЭЦҚ-сының жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын екенін айтады. Артынша электрондық қолтаңбаны телефон арқылы ұзартуды немесе қайта шығаруды ұсынып, SMS арқылы келген кодты атауды сұрайды.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін бір ғана SMS-код жеткіліксіз. Бұл рәсім кезінде пайдаланушының жеке басын растаудың бірнеше кезеңінен, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет.
Мамандардың айтуынша, алғашқы қоңырау күрделі алаяқтық схеманың бастамасы ғана болуы мүмкін. Алдымен қаскөйлер адамды алаңдатып, оның сеніміне кіруге тырысады. Кейін басқа адам қоңырау шалып, өзін қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстыруы ықтимал.
Ол азаматтың жеке деректеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, SMS-кодтарды, құпия ақпаратты сұрауы немесе телефонға белгілі бір қосымшаны орнатуды талап етуі мүмкін.
eGov, 1414 байланыс орталығы, ХҚКО және құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайды, ЭЦҚ кілтін немесе оның құпиясөзін беруді талап етпейді, – деп ескертті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Мамандар бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, ЭЦҚ кілтін және оның құпиясөзін бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау және оларға телефонды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін рұқсаттарды ұсынбау қажет.
ЭЦҚ-ның жарамдылық мерзімін де бөгде адамның нұсқауымен емес, ресми мемлекеттік сервистер арқылы өзіңіз тексерген жөн.
Егер eGov немесе мемлекеттік органның атын жамылған күмәнді қоңырау түссе, әңгімені жалғастырмай, ешқандай жеке мәлімет бермеу керек. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласқан дұрыс.
SMS-кодты айтып қойсаңыз не істеу керек?
Егер азамат алаяққа SMS-кодты айтып қойған болса, бұл автоматты түрде оның атынан жаңа ЭЦҚ шығарылды немесе несие рәсімделді дегенді білдірмейді.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ түсіндіруінше, бір ғана SMS-код арқылы ЭЦҚ-ны қайта шығару мүмкін емес. Маңызды операцияларды орындау кезінде пайдаланушының жеке басын қосымша растау, оның ішінде биометриялық сәйкестендіру талап етіледі.
Дегенмен мұндай жағдайда күмәнді әрекеттерді тоқтатып, жеке деректердің қауіпсіздігін тексеріп, қажет болса құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.
ЭЦҚ мерзімін қалай тексеруге болады?
Электрондық цифрлық қолтаңбаның жарамдылық мерзімін eGov Mobile қосымшасынан тексеруге болады. Ол үшін «Профиль» бөліміне кіріп, «Менің ЭЦҚ-ларым» бөліміне өту қажет.
Сондай-ақ ақпарат Ұлттық куәландырушы орталықтың ресми сайтында қолжетімді. Жүйеге кіргеннен кейін «Менің ЭЦҚ кілттерім» бөлімінен қолданыстағы кілттердің тізімін көруге болады.
Айта кетейік, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ цифрлық үкіметтің инфокоммуникациялық инфрақұрылымы мен мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының операторы саналады. Компания орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетумен де айналысады.