Жаңалықтар

Ескірген жүйеден енді қайран жоқ: «Орташа кіріс тұзағынан» қалай шығамыз?

Ескірген жүйеден енді қайран жоқ: «Орташа кіріс тұзағынан» қалай шығамыз?
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 16.05.2023 13:40 912

Осы жылдың 19 сәуірінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізгені есімізде. Осы жиында Президенттің аузынан «орташа кіріс тұзағы» деген тіркесті естідік. «Орташа кіріс тұзағы» нені білдіреді? Одан қалай шығамыз? Осы сұрақтарға El.kz ақпараттық агенттігі жауап іздеп көрді.

Ескірген жүйеден енді қайран жоқ

Алдымен Президенттің сөзіне назар аударайық. «Былтырғы жылы экономикамыз небәрі 3,2 пайызға өсті. Жаман көрсеткіш емес. Ал осы жылдың 3 айында 4,9 пайыздық өсім көрсетті. Цифрлар жақсы-ақ. Алайда бұған тоқмейілсуге болмайды. Қосымша өсу көздерін іздеу керек. Үкімет экономикалық өсуді қамтамасыз етуге келгенде өршіл болуға тиіс. Бұл – уақыт талабы. Соңғы 10 жылдағы экономиканың инерциялық өсу қарқынынан біздің ел «орташа табыс тұзағына» түсіп қалды. Егер қазір сапалы экономикалық өсу үшін берік іргетас қаламасақ, онда халық табысы тоқырайтын кезең де алыс емес. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстан табыс деңгейі жоғары елдердің санатына қосылуы үшін жыл сайынғы өсім 6 пайыз деңгейінде, яғни қазіргі қарқыннан бір жарым есе жоғары болуы керек», - деді мемлекет басшысы.

Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, «орташа кіріс тұзағы» – өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Сондықтан «тұзақтың» қандай да бір стандартты түрі бар деп айту қиын.

Еліміздің бұл тұзаққа түскеніне аз болған жоқ. Шамамен осыдан он жыл бұрын елімізде алғашқы ресурстар пайда болғанын түсінген биліктегілер мемлекеттің күшін сезіне бастады. Олар жаңа жағдайда қоғамдағы кез келген мәселені мемлекет қаржысы арқылы шешуге болады деп ойлады. Міне, осы сәттен бастап кейінгі он жылда ел Үкіметі экономиканың көптеген саласында бағаны реттеуге араласа бастады, – дейді ол.

Ескірген жүйеден енді қайран жоқ: «Орташа кіріс тұзағынан» қалай шығамыз?

Экономист коммуналдық қызмет тарифтері, жанар-жағармай бағасы, осы секілді басқа да қызмет түрлері мемлекет тарапынан реттелуге көшті. Мұның дұрыс үрдіс еместігі қазір дәлелдеуді қажет етпейді. Біз бағаны қадағалай аламыз, бай мемлекетке айналдық деп өзімізді бүгінге дейін алдап келдік деп отыр.

Оның пікірінше, Президент айтқан «тұзақтан» шығамыз десек, алдымен ескірген жүйені бұзуымыз қажет. Алайда бұл халық үшін де, ел үшін де қиындығы көп қадам. Тіпті әлеуметтік наразылық тудыруы да мүмкін.

Бірақ батыл шешімдерден қорқып, «тұзақтан шығуға» талпынбасақ, ешқашан қуатты елге айналмаймыз. Себебі Үкімет бағаны реттеу арқылы нарықтық ортаға көбірек араласқан сайын бизнестің «тынысы» тарылып, экономикаға тартылатын инвестицияның көлемі азаяды. Ал инвестицияның өсу қарқынының баяулауы қосымша жұмыс орындарының ашылмауына, өндірістің жаңа салаларының дамымауына әкеп соғады, – дейді экономист.

Ол ел экономикасы кейінгі он шақты жылда осындай «тұзақтан» шыға алмай отыр. Даму әлеуетіміздің тұралап қалуының бірден-бір себебі де осында жатыр деп айтты.

Кедейге көмектес, байға емес

Жақсыбек Құлекеев сөзі дәлелді болуы үшін нақты мысал да келтірді. Оның айтуынша, елімізде электр энергиясы Ресеймен салыстырғанда екі есе арзан. Бұл – бағаны реттеудің салдары. Қазақстанда электр энергиясының бағасы – 0,04 цент, Ресейде – 0,07 цент. Сондай-ақ бізде соңғы уақытқа дейін дизель отынының литрі 230 теңгеден болды, ал Ресейде – 450 теңге, Өзбекстанда – 570 теңге.

Бағаны осындай орынсыз реттеудің салдарынан көп нәрседен ұтылып жатырмыз. Өйткені арзан баға экономиканың біраз секторына инвестиция тартуға жол бермейді. Ал мемлекет қаражаты барлық мәселені шешуге жетпейді. Салдарынан экономиканың көптеген инфрақұрылымы тозып, оның тұрақты дамуына қауіп төне бастады, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, мысалы, соңғы кезде электр қуатының, газдың немесе мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалып, халықты жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген мәселе туындап жатыр. Елге мол инвестиция тартып, экономиканың үдемелі дамуын қамтамасыз етеміз десек, тауарлардың бағасы мен қызмет көрсету тарифтерін реттеуден дәйекті түрде бас тартуымыз керек. Алайда бұл қадам алғашында халыққа, соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтарға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан ең алдымен, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау шараларын естен шығармай, бағаны біртіндеп босату маңызды.

Елді сауықтыруға, бизнесті дамытуға мұндай қадамның пайдасы көл-көсір. Біз субсидия арқылы байға да, кедейге де қолдау көрсетіп, мемлекет байлығын оңды-солды орынсыз жаратып жүрміз. Экономиканы дұрыс жолға қоямыз десек, кедейлер, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері ғана мемлекет қамқорлығында болып, ал тұрмысы түзу азаматтар тұтынатын тауарлар мен қызметтерінің толық құнын төлегені абзал. Тек осындай жүйе қалыптасқан жағдайда ғана экономика айтып отырған «тұзақтан» біртіндеп шыға бастайды, – деп нақтылады экономист.

Революциялық дамуға революциялық қадамдар керек

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің де пікіріне құлақ астық. Ол «орташа кіріс тұзағын» қарапайым адамдардың мысалымен түсіндіруге тырысты. Мысалы, Ербол есімді азамат елдегі кедей адамдардан әлдеқайда көп табыс табады делік. Бірақ осының өзі оның одан әрі өсуіне, жетілуіне мүмкіндік бермей отыр. Былайша айтқанда, Ерболда бәрі бар, тұрмысы да жақсы-ақ. Сөйте тұра «тұзақтың» ішінде отыр. Міне, Ерболдың орнына кез келген мемлекетті қойып та мәселені түсіндіруге болады.

Президент айтқан «орташа кіріс тұзағынан» шығу үшін экономикалық өсімді барынша арттыру аздық етеді. Біз мұндай өсімге мұнай арқылы ертең-ақ қол жеткізе аламыз. Айталық, ертең мұнайдың баррелі 140 долларға дейін көтерілсе, экономикалық өсіміміз әп сәтте-ақ 6-7 пайыздық межеге жетеді. Бірақ бұдан ештеңе өзгермейді. Ал «тұзақтан» шығу үшін экономиканы әртараптандыру қажет. Яғни, шикізаттық сектордан іргені аулақ салуымыз керек.– дейді қаржы сарапшысы.

Оның айтуынша,  бұл үшін экономикалық реформаларды жүргізу қажет. Мәселен, жаңа Салық кодексін әзірлеп, қабылдауға болады. Сонда ішкі жалпы өнімнің өсімін өңдеу секторынсыз-ақ қамтамасыз ететін күнге жетеміз. Міне, сол кезде шамамен 5-7 жылдың ішінде Қазақстан «орташа кіріс тұзағынан» құтылуы мүмкін, бұл бағытта тиісті қадамдар жасалып жатыр. Алайда бұл да аздық етеді.

 Мәселен, пандемия кезінде Қазақстан тарихында алғаш рет өңдеуші сектор тау-кен секторымен салыстырғанда көп өнім берді. Қазір де тау-кен секторы өңдеуші сектордан сәл болса да жоғары тұр. Бірақ өсім өте баяу. Революциялық дамуға революциялық қадамдар жетіспей тұр. Айталық, жердің ашық нарығы агроөнеркәсіптік кешенде айтарлықтай төңкеріс жасай алады. Бірақ бұған біздегі көп адам әлі дайын емес, – дейді Андрей Чеботарев.

Ескірген жүйеден енді қайран жоқ: «Орташа кіріс тұзағынан» қалай шығамыз?

Ол Үкімет әртараптандыруды қалағанымен, мұны бизнес орындап отыр. Нарықтық экономика жағдайында Үкімет зауыттарды аша алмайды, электр стансаларын да сала алмайды. Мұның бәрін бизнес жасауға тиіс. Биліктің міндеті – ойынның айқын әрі ашық ережесін жасау, сондай-ақ инвестор әкеліп, жоба мен кепілдік ұсыну. Қазақстан инвестицияны жақсы қарқынмен тартса да, бұл революциялық секіріс жасауға әлі жеткіліксіз. Революциялық секірістің тағы бір жолы – осында жасалып, өзімізде қалатын инновациялық өнертабыстар. Бірақ бұл жағынан әлі әлсіз екенімізді мойындауымыз керек деп отыр.

«Орташа кіріс тұзағы» терминін 2006 жылы Дүниежүзілік банк қолданысқа енгізген екен. Қарапайым тілмен тәпсірлесек, бұл – орташа табыс деңгейіне жеткен елдердегі әл-ауқат деңгейінің өсу қарқының баяулауы. Ал орташа табыс деңгейі дегеніміз – жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс. Орташа есеппен алғанда, бұл сома 6-12,5 мың АҚШ долларын құрайды. Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2022 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы 8,8 мың долларға тең.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға