«Есірткіге – жоқ, спортқа – иә!»: Семейде жастар арасында спорттық акция өтті

«Есірткіге – жоқ, спортқа – иә!»: Семейде жастар арасында спорттық акция өтті
Фото: gov.kz

Есірткіге – жоқ, спортқа – иә! Абай облысының орталық алаңында бұқаралық спорттық жарыс өтіп, 500-ден аса жадынама таратылды.

Семей қаласының орталық алаңында салауатты өмір салтын насихаттауға, өскелең ұрпақ арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және жастарды спортқа баулуға бағытталған «Спорт – есірткіге қарсы! Денсаулықты таңда!»  атты спорттық-сауықтыру акциясы өтті.

Іс-шараны Абай облысы Полиция департаментіінң Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен  «Арлан» спорт клубы және  «СОЦ КЗ» еріктілері бірлесіп ұйымдастырды.

Акцияның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, спортты бос уақытты тиімді өткізудің және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызды құралы ретінде дәріптеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жасөспірімдер мен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтеді.

Іс-шара барысында қатысушылар өздерінің күш-жігері мен ептілігін сынап, қол күресі және гір көтеру спорт түрлерінен бақ сынады. Спорттық сайысқа қала тұрғындарымен қатар, белсенді жастар қатысып, алаңға жиналған көрермендер спортшыларға қолдау көрсетті. Жалпы, акцияны тамашалап, жарысқа қатысып, өз бағын сынағандардың саны 100-ден асты.

Жарыс барысында қатысушылар үшін бәсекелестікпен қатар, достық пен өзара қолдауға негізделген ерекше көңіл-күй қалыптасты. Спорттық дода жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етіліп, олардың белсенділігі мен салауатты өмір салтын таңдағаны атап өтілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі – есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары болды. «СОЦ КЗ» еріктілері  орталық алаңда тұрғындармен кездесіп, есірткі заттарының адам денсаулығына және болашағына тигізетін кері әсері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жастар мен қала тұрғындарына 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды.

Абай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов  акцияның маңыздылығына тоқталып:

Есірткі қылмысының алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық пайдалы іске тартудың маңызы зор. Бүгінгі акцияның негізгі идеясы да осы – жастарға есірткіден бас тартудың ең дұрыс жолы денсаулықты, спортты және белсенді өмір салтын таңдау екенін көрсету. Біз профилактикалық жұмыстарды тек түсіндірумен шектемей, жастардың өздері қызығушылықпен қатысатын осындай қоғамдық және спорттық бастамаларды тұрақты түрде қолдаймыз. Әрбір жас өз болашағына жауапкершілікпен қарап, «Денсаулықты таңдаймын!» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырса, бұл – есірткі қылмысының алдын алудағы үлкен жетістік, – деді Думан Үкіжанов.

Акция барысында спорт пен құқықтық профилактика өзара сабақтасып, жастарға маңызды қоғамдық үндеу жеткізілді. Себебі спорт – тек дене шынықтырудың ғана емес, тәртіптің, табандылықтың, жігердің және өз-өзіне деген жауапкершіліктің мектебі.

Оқи отырыңыз