Жаңалықтар

Есірткі тасымалдайтын курьерлерді OLX.kz арқылы іздеген

Есірткі тасымалдайтын курьерлерді OLX.kz арқылы іздеген
Фото: © iStock 19.10.2023 09:01 503

OLX.kz агрегаторынан есірткі сатушыларды жалдау туралы үш мың “жасырын” хабарландыру өшірілді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілер мен интернет-сервистерде курьерлік жұмыс ұсынып немесе жалдамалы жұмысшылар қызметін қажет ететін хабарландырулардың артында кей жағдайда есірткі бизнесі тұратыны белгілі. Мұндай хабарландырулардың құрбаны ересек азаматтар ғана емес, кәмелетке толмағандар да болуы мүмкін.

Есірткі тасымалдайтын курьерлерді OLX.kz арқылы іздеген
© Polisia.kz

– Есірткі жасырушыларды жалдау туралы жарнамаларды анықтау үшін ведомство ең ірі хабарландыру сервистерінің бірі OLX-пен тікелей жұмыс істейді.

Жыл басынан бері ІІМ бастамасы бойынша компания полиция мен сервис қызметкерлері анықтаған үш мыңнан астам “жасырын” хабарландыруды алып тастады. Олардың артында есірткі жасырушыларды жұмысқа тарту ұсынысы болған.

ІІМ мемлекеттік органдардың, “OLX Group” өкілдерінің және еріктілердің қатысуымен арнайы чат құрды, онда күдікті хабарландыруларға сілтемелер жіберіліп отырады, жан-жақты тексеруден кейін расталған жағдайда олар дереу жойылады, – деп түсіндірді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Жыл басынан бері осындай 2700-ден астам интернет-ресурс анықталды. Олар туралы ақпарат бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға