Жаңалықтар

Есірткі бизнесі – ұлт болашағына балта шабады – депутат

Есірткі бизнесі – ұлт болашағына балта шабады  –  депутат
Фото: parlam.kz 11.09.2024 14:34 341

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке есірткі мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, синтетикалық есірткі – халқымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, экономикамызға, құқықтық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздігімізге үлкен қауіп-қатер төндіріп келеді.

«AMANAT» партиясы нашақорлыққа, әсіресе жастар арасында жағымсыз әдетке берік тосқауыл қоюға, жан-жақты қарсы тұруға мүдделі. 2023 жылы 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған. Жасырын есірткі зертханаларындағы қылмысты ашу, қылмыскерлерді ұстау бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілгенімен олардың саны артып барады. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарымен 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 68, 2023 жылы – 81 есірткі зертханасы жойылған, - деп атап өтті ол.

Оның сөзінше,  34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу канал жойылыпты. Тек ресми статистика бойынша соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен.

2021 жылы тәркілеу көлемі 100 килограмм болса, 2023 жылы 1 тоннаға дейін жеткен. Өкінішке орай, заңсыз есірткі бизнесі елді нашақор ету сыртында, жастарды қылмыс әлеміне жұмылдырып жатыр. Жастар мен оқушылар отыратын танымал онлайн платформаларда, мессенджерлерде оларға есірткі сатушылар шығып, «тез табыс табуды» ұсынуда. Осы қарқынмен есірткі бизнесі кете берсе, болашақ жастарымызды нашақор етіп, өлтіріп тынатын түрі бар. Өз кезегінде есірткі бизнесі ұлт болашағына балта шабады. Бір Түркістан облысының өзінде 2024 жылдың 6 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелді. Оның ішінде, 201-не қылмыстық іс тіркелсе, 222 жағдайда айыппұл салынған. Заңсыз айналымнан 200 килограмм есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 91 ақпараттық сайт бұғатталған. Ең өкініштісі, ессіз затқа құмар адамдардың көбі – жастар.  Экстразин, метамфетамин жастар арасында кең тараған психотроптық заттардың түрі, - деді депутат.

Ол тек Түркістан облысындағы жағдай ғана, басқа облыстарды қосып айтатын болсам, жағдай өте күрделі екенін көрсететінін айтты.

Маған өзім сайланған Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан ата-аналар шағымданып, құзырлы органдар тарапынан есірткі бизнесінің жолын кесу бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді сұрады. Осы бағытта жұмыс атқарып келетін сарапшылар ең алдымен шұғыл түрде оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтып, дабыл қағуда. Мектеп инспекторлары оқушыларға есірткіден тез табыс табудың соңы ұзақ жылдар бойы түрмеде отыратынын айтып, түсіндіре бермейді.  Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы
10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр, - деді ол.

Темір Қырықбаев жоғарыдағы деректерді ескере отырып, Үкіметке есірткіге қарсы іс-қимыл жүргізу үшін  мектептер мен колледждерде және жоғарғы оқу орындарындағы оқушылар мен студенттер арасында есірткіні таратудың жеңіл ақшаға ұмтылудың салдарын болдырмау мақсатында ата-аналар, оқушылар мен студенттерге түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, синтетикалық есірткіні сатуға қатысты сайттардағы жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларға заң аясында қатаң жаза қолдану қажет деп санайтынын мәлімдеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға