Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі, композитор әрі продюсер Қанат Айтбаев ұлының шығармашылықтағы ұстанымы мен жетістігінің сырына тоқталды.
Khabar News YouTube арнасындағы Azamat Live бағдарламасында ол Димаштың әлемдік сахнаны бала кезінен армандағанын еске алып, баланың арманына сенудің маңызын атап өтті.
Димаш кішкентайынан бастап масштабы да, сұранысы да, көкжиегі де, әлемі басқа болды. Сурет салғанда үнемі үлкен сахнаны, музыкалық аспаптарды салып, ортасына өзін кішкентай қылып бейнелейтін. «Мен әлемдік сахналарда ән айтамын, дүниежүзін аралаймын» деп айтатын. Кішкентайынан өзі сенді, біз де оған сендік. Жалпы баланың арманына сеніп, оның қанатын қақпау керек, – деді ол.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаштың мінезіндегі табандылық пен шығармашылық еркіндік оның өнердегі басты ерекшеліктерінің бірі.
Димаш өте алған бетінен қайтпайтын жігіт. Мінезі жұмсақ, мейірімді болғанымен, бір нәрсені ойлады ма, соны міндетті түрде іске асырады, – деді ол.
Сондай-ақ ол Димаштың шығармашылығына қатысты көпшілік арасында айтылатын пікірлерге де тоқталды. Оның сөзінше, әнші барлық шығармашылық шешімді өзі қабылдайды.
Кейбір адамдар Димашқа біреу жасап береді, соның айтқанымен жүреді деп ойлайды. Ондай емес. Ол қандай ән айтатынын өзі таңдайды. Аранжировкасының басы-қасында өзі болады, құрылымын өзі жасайды. Сахналық қойылымнан бастап, әр музыкалық аспаптың орындалуына, режиссурасына дейін өзі араласады. Ол басқа рамкаға сыймайды, – деді Қанат Айтбаев.
Әкесі олардың арасында шығармашылық мәселелер бойынша пікір алмасу болатынын, алайда соңғы шешімді балалардың өздері қабылдайтынын айтты.
Мен көбінесе балаларға «осылай болуы керек» деп кесіп айтпаймын. Жас буынның көзқарасы бізден әлдеқайда озық екенін сеземін. Бала әкеден асып тууы керек, – деді танымал әнші.
Сұхбат барысында жүргізуші кезінде қоғамда айтылған «Димаштан әнші шыға ма?» деген пікірді де еске салды. Бұған қатысты Қанат Айтбаев мұндай көзқарастарды қалыпты жағдай деп санайтынын жеткізді.
Бұл – әркімнің пікірі. Жүре келе өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Елдің бәріне ұнау мүмкін емес әрі міндетті де емес. Өзіңді жақсы көретін, өнеріңді бағалайтын адамдар үшін жұмыс істей бересің, – деді ол.
Біз бұған дейін Мексикада Димаш Құдайбергеннің 4,5 метрлік мүсіні жасалғаны туралы жазған едік.