Жаңалықтар

Ертіс өңірінің ақсақалдары бата беруден алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа түсті

Ертіс өңірінің ақсақалдары бата беруден алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа түсті
21.02.2019 04:35 2633

Павлодар қаласындағы жастар бастамаларын дамыту орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батаменен ел көгерер» байқауы өтті.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, байқаудың мақсаты бата беру дәстүрін қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі ету, халық шығармашылығын насихаттау болып табылады.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев байқауды ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

«Бата беру дәстүрінің тәрбиелік маңызы өте зор. Бүгінгі іс-шара халқымыздың ұлттық сана-сезімінің жаңғыруына үлкен көмек көрсетеді. Құрметті қариялар, сіздердің берген баталарыңыз Жастар жылы аясында өте маңызды, жастар сіздерден үлгі-өнеге алулары керек. Берген баталарыңыз қабыл болсын».

Іс-шараны ұйымдастырушы ұйым – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абылай Жантөриннің айтуынша, байқау тұңғыш рет өткізіліп отыр және бұл республикалық сайысқа іріктеу кезеңі болып табылады.

«Бүгін өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан 20 батагөй ақсақал қатысуда. Қазылар алқасына өңіріміздің белгілі ақын-жазушы, журналистер мен қоғам қайраткерлерін шақырдық. Сол кісілердің көмегімен анықталған байқау жеңімпаздары наурызда Астанада өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Сонымен бірге, бүгінгі жүлдегерлерімізге сыйлықтарымыз да бар», – деді Абылай Жантөрин.

Қазылар алқасына енген Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлының сөзінше, жасы үлкен адамдардан бата алу - салт-дәстүрімізге, шариғатқа сай ұғым. Бата көптеген халықтарда бар болғанымен, қазақ халқында ерекше орынға ие болған.

Конкурс нәтижесі бойынша бас жүлдені павлодарлық Балтабай Сыздықов ұтып алды. Бірінші орын екібастұздық Сайлау Байбосынға бұйырса, екінші орынды Бейсенбі Мұқажанов пен Бақытжамал Елеукенова өзара бөлісті. Қалған қатысушылар арнаулы жүлдеге ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға