Ертеде шаш жаю жын бейнесін бейнелеген бе?

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Қазақ халқының дәстүрлі танымында әйел шашына қатысты түсінік тек эстетикамен шектелмеген. Ертеде жайылған шаш жын мен тылсым әлемнің белгісі саналды ма? Бұл сұрақтың астарында тек сыртқы көрініс емес, көне мифологиялық түсініктер жатыр. Түркі дүниетанымында кейбір тылсым күштер, әсіресе әйел бейнесіндегі рухтар ұзын, тарқатылған шашпен сипатталуы кездейсоқ емес.

Жайылған шаш нені білдірген?

Көшпелі қазақ дүниетанымында шаш адам бойындағы өмірлік қуаттың, күштің, жаратылыс берген нұрдың белгісі ретінде қабылданған. Әсіресе әйел шашы нәзіктікпен қатар, ішкі қуаттың, ұрпақ жалғастығының, берекенің нышаны саналған. Сондықтан шашты бей-берекет жаю – күш-қуатты шашыратады, адамды әлсіретеді деген сенім болған.

Ежелгі түсінік бойынша адамның шашы мен тырнағы оның өзімен байланысты «ізі», яғни рухани бөлшегі саналған. Сол себепті шашқа ерекше ұқыптылықпен қараған. Жерге тастамаған, аяқасты етпеген, кез келген жерге шашып тастамаған.

Қазақ дәстүрінде әйел адамның шашын жаюы күнделікті қалыпты әрекет болмаған. Шашты өріп, жинап, күтіммен ұстау – әдептің, тәрбиенің белгісі саналған. Ал шаш жаю көбіне ерекше жағдайларда көрініс берген.

Мәселен жоқтау кезінде, үлкен қайғы түскенде әйелдер шашын жайып жылаған. Бұл – ішкі қасіреттің, жүрек жарасының белгісі. Сондықтан жайылған шаш бейнесі қазақ санасында мұңмен, зармен, күйзеліс күйімен астасып кеткен.

ЖИ

Түркі мифологиясында албасты, жын, пері секілді кейбір тылсым бейнелер көбіне әйел кейпінде сипатталған. Олардың ұзын, тарқатылған, жалбыраған шашпен бейнеленуі тегін емес.

Мұндай бейнелер халық санасында тәртіпсіз, бақылаусыз, тылсым күшпен байланысты образ ретінде орныққан. Мысалы, албасты туралы аңыздарда оның шашы тарқатылған, ұзын, қорқынышты кейіпте келетіні айтылады. Осы себепті шашын жайып жүру сол бейнемен ассоциацияланып, сақтану ұғымын тудырған.

Бауыржан Момышұлының мынадай нақыл сөзі жиі айтылады:

Өткен замандағы күнәһар әйелге берілетін ауыр жаза – бұрым шашын көпшілік алдында кесу болған, – деген.

Бұл сөз қазақ халқының әйел шашына, бұрымына, ары мен абыройына қаншалықты жоғары мән бергенін аңғартады. Бұрым – әйелдің көркі ғана емес, намысы мен мәртебесінің белгісі болған. Сондықтан шашқа қол сұғу – үлкен қорлық ретінде қабылданған.

Қазақ әйелдері ешқашан шашын жаймаған

Этнограф Тұрар Сәттарқызы шашқа қатысты халықтық түсініктерді былай тарқатады:

Әжелеріміз «Шаш – Тәңірдің сыйы» деп шашты ерекше құрметтеген. Әйелдің көркі – шаш деп, оны орынсыз кеспеген. Шашта кие бар деп сенген. Көз тимесін деп шашбау, шолпы таққан. Ұзын шашты себепсіз кесу қасірет шақырады деп ырымдаған, – дейді.

Бұл пікір қазақ қоғамында шаштың тек эстетикалық емес, сакралды мәнге ие болғанын көрсетеді. Көптеген шығыс ілімдерінде шаш адамның қуат жинайтын бөлігі ретінде қарастырылады. Кей зерттеулер шаш пен адамның жалпы жағдайы арасында байланыс бар екенін көрсетеді. Халық танымында да әйел шашы жұмсақтық, мейірім, байыптылық секілді қасиеттермен байланыстырылған.

Қазақ түсінігінде шашқа көз тиеді деген сенім болғандықтан, шашбау мен шолпы тағу кең тараған. Сондай-ақ ұзын шашты орынсыз кесу адамға қасірет әкеледі деген наным бар. Адам шашы мен денсаулығы арасында белгілі бір байланыс бар. Кей зерттеушілер әйел ағзасындағы энергияны Инь қуатымен байланыстырып, оның мінезге жұмсақтық, мейірім, байыптылық сияқты қасиеттер беретінін айтады, – дейді этнограф.

Шаштың энергия жинақтаушы қасиеті бар деген түсінік те бар. Бұл ұғым әртүрлі мәдениеттер мен шығыстық ілімдерде кездеседі. Тіпті криминалистика саласында да шаш арқылы адамның кейбір физиологиялық ерекшеліктері анықталатыны белгілі.

Қазақ әйелдері ешқашан шашын жайып жүрмеген. Шашты жаю – тек қайғы-қасірет, жоқтау кезінде ғана қолданылған. Ал күнделікті өмірде орамал тағу әйелдің ар-ұяты мен отбасының берекесін білдірген. Халық түсінігінде жамандық пен теріс әсер шаш арқылы таралуы мүмкін деген де ұғым кездеседі. Сондықтан орамал – тек әдеп емес, рухани қорғаныс құралы ретінде бағаланған, – деді Тұрар Сәттарқызы.

Сондықтан қазақ қоғамында әйелдің шашын жинап, өріп жүруі – тәртіп пен ибалықтың белгісі болса, ал шаш жаю көбіне қайғы, жоқтау немесе ерекше тылсым жағдайлармен ғана байланысты болған. Осылайша шашқа қатысты түсінік тек тұрмыстық әдет емес, миф, сенім және мәдени код деңгейінде қалыптасқан күрделі таным жүйесіне айналды.

Оқи отырыңыз