Жаңалықтар

16 қараша кинопремьералары

Аптаның үздік кинопремьералары
16 қараша кинопремьералары
16.11.2017 12:47 2318

DC комиксіне негізделген «Әділет лигасы», «Джиперс Криперс» хоррор фильмдер сериясының үшінші бөлімі, Америка актерлері түскен испанның үрейлі драмасы, Джордж Клуни режиссерлік еткен және ағайынды Коэндер сценарий жазған «Субурбикон» картинасы, тәні алмасып кеткен көңілдестер туралы француз ромкомы, бет-әлпеті қалыптас тыс бала туралы америкалық драма және Ресей жұлдыздары бас қосқан «Мифы» комедиясы. Бүгін жарық көрген жаңа фильмдер осындай.

Екі режиссердің қолынан өткен, бір емес екі рет түсірілген азабы көп «Лига справедливости» прокатқа жол тартты. Фильм кино тарихындағы ең қымбат жоба деп те аталып қалуы мүмкін. Болжам бойынша өндірісіне 300 млн доллар жұмсалыпты. DC-дің «Әділет лигасы» - Marvel-дің «Кек алушыларына» бәсеке блокбастер ретінде қарастырылады. Фильмде Бэтмен, Супермен, Ғажап әйел, Аквамен, Киборг, Флэш деген суперқаһармандарды көреміз. Оларды ойнаған актерлер де Голливудтың «жоғарғы лигасынан»: Бен Аффлек, Генри Кавилл, Галь Гадот, Джейсон Момоа, Эзра Миллер, Рэй Фишер.

 «Әділет лигасы» туралы толығырақ алдыңғы материалымыздан оқыңыз

2001 және 2003 жылдары шыққан «Джиперс Криперс» үрейлі фильмдері қаржылық тұрғыдан жақсы нәтиже берді. Үшіншісінің шығуы заңдылық еді, тек араға көп жыл салып іске асып отыр. Үш бөлімді де үрейлі жанрдың шебері, жастайынан Фрэнсис Форд Копполаның тәлімінен өткен режиссер Виктор Сальва түсірді. Соңғы бөлімнің сюжеті бірінші сериядағы оқиғадан соң  23 жылдан кейін өрбиді. Әлгі тылсым құбыжық ұйқысынан оянып, кезекті құрбандарын іздеуге шықпақшы. Кезінде соның кесірінен бауырынан айырылған Триш бұл сұмдықтың түбіне жеткісі келеді.

Испан киномаманы түсірген «Обитель теней» хоррор драмасы ата-анасыз өмір сүретін Марроубоундар отбасы туралы баяндайды. Өзгелерден оқшау өмір сүретін олардың өз жасырғаны бар. Үйдің үлкені Джектің ғашық болған қызының кесірінен бұл тылсым сырдың мәні ашылмақшы.

Басты рөлдерде Голливудтың талантты актерлері: Джордж МакКэй – «Капитан фантастик» драмасында және «11.22.63» мини-сериалында көрінді, Аня Тейлор-Джой – былтыр «Сплит» триллеріндегі рөлімен танылды, Чарли Хитон «Очень странные дела» сериалынан белгілі, ал Миа Готты біз Ларс фон Триердің «Нимфоманка» порно-драмасынан, «Эверест» байопигінен, «Лекарство от здоровья» триллерінен көрдік.

«Субурбикон» - ағайынды Коэндер жазып шыққан комедия элементтері бар қылмыстық драма. Басты рөлде Мэтт Дэймон ойнайды. Фильмді түсірген белгілі актер Джордж Клуни. Субурбикон - Америка жүрегінде орналасқан тыныш, тамаша қалашық. Бұннан сіз бақытты отбасыларды, арзан да жайлы үйлерді, күтім көрген көгалды көресіз. Америка арманының бейнесі дерсіз. Бірде үлгілі отбасының үйіне әлдекімдер бұзып кіреді. Осыдан кейін отағасы бопса, сатқындық және кек алу әрекеттеріне баруға мәжбүр болады.

Бірінің жаны екіншісімен алмасып кететін фильмдер қаншама! Ресейде бұл тақырыпта Гоша Куценко мен Кристнина Орбакайте ойнайтын «Любовь-Морковь» атты тұтас трилогия бар. Сондықтан да шығар француздың «Біреуі екіншісінде» деген мағына беретін «L'un dans l'autre» комедиясын «Любовь-морковь по-французски» деп бейімдей салыпты. Сюжетте талай жылдан бері дос болып келе жатқан жұптар Пьер мен Эми, Эрик пен Пенелопа туралы айтылады. Бір қызығы Пьер мен Пенелопа жасырын көңілдес еді. Өзгенің ері мен зайыбы бола тұра бұндай әрекетке барғандары дұрыс болмайтынын түсініп, екеуі қарым-қатынасын үзбек болады. Олар соңғы рет бірге түн өткізеді. Бірақ таңертең тұрғанда екеуінің тәні бір-бірімен алмасып кеткенін біледі. Олар бұл құпияны ешкімге айтпай, мәселені өз күштерімен шешуі керек.

«Чудо» отбасылық драмасы Август есімді ерекше бала жайлы. Баланың ерекшелігі сол – Тричер Коллинз  синдромына шалдыққан. Сондықтан оның бет-әлпеті қалыпты адамдыкіндей емес. Сырқатының кесірінен мектепке бармай, үйден білім алған. Алайда күндердің күнінде өзге балалар секілді мектепте оқуына, өзі қатарлас балалармен араласуына тура келеді.

Фильмде ата-ана рөлінде Джулия Робертс пен Оуэн Уилсон ойнайды. Ал Август рөлінде жас талант Джейкоб Трамбле. Бұл бала әйгілі «Комната» (2015) драмасында ойнаған еді.

«Мифы» - Ресейдің белгілі тұлғалары Сергей Безруков, Иван Ургант және Фёдор Бондарчук түскен комедия. Сюжетте Фёдор есімді табысты продюсер және режиссер, рөлдердің барлығында ойнап шыққан Сергей есімді актер және әзілді орынды-орынсыз қолдана беретін тележүргізуші Иван туралы айтылады. Яғни, фильмдегі актерлер өмірдегі өздерін ойнап отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға