Жаңалықтар

«Техаста бензин арамен болған қырғын»: Әлқисса

Осы аптада прокатқа шығатын картинаға шолу
«Техаста бензин арамен болған қырғын»: Әлқисса
19.09.2017 12:43 1286

Фото: «The Texas Chain Saw Massacre» фильмін түсіру барысы © Vortex/Bryanston Distributing Company/Photofest

Есімі елеусіз бір режиссер 1974 жылы «Техаста бензин арамен болған қырғын» («The Texas Chain Saw Massacre») деген аз бюджетті фильм түсіреді. Тоуб Хупер деген есім осыдан кейін ғана Голливудта танымал болды, ал оның алғашқы картинасы үрейлі фильмдер жанрына жаңа леп әкелді.

«Техаста бензин арамен болған қырғын» - қазір көп бөлімнен тұратын слэшер-франшиза. Бүгінгі таңда 8 кинокартина жасалды, соңғысы осы аптада прокатқа шығады. Өкінішке қарай осы киносериалдың бастаушысы Хупер сегізінші фильмнің премьерасына сәл жете алмады, режиссер биыл тамызда қайтыс болды.

Әр фильмде кейіпкерлер мен сюжет әр түрлі болғанымен, бәрін біріктіретін бір персонаж бар, ол – Тері бет. Осындай атпен белгілі маньяк айдалада жолдан адасып, пана іздеген жолаушыларды асқан қатыгездікпен өлтіреді. Режиссер фильмнің идеясы және кісі өлтірушінің образы Эд Гин есімді өмірде болған маньяктың оқиғаларынан алынғанын айтқаны бар еді.

Алғашқы картинаның түсірілімі 2 аптаға созылған. Бюджеті де шектеулі еді – 83 мың доллар. Жобаға режиссердің әріптестері мен студенттер қатысты. Бюджет тапшылығы өндіріске де біраз әсерін тигізді: түсірілім аптасына жеті күн, күніне 16 сағаттан тоқтамастан жүрген. Реквизиттер мен киім-кешекті ауыстыруға да ақша болмаған, сондықтан қолданылған бұйымдар уақыт өте келе иістеніп те кетіпті. Әсіресе Тері бетті ойнаған Гуннар Хансенге қиын соққан көрінеді.

Дегенмен экстремал жағдайда жұмыс істеген түсіру тобының еңбегі ақталды. Фильм тез танымал болып, Хуперге Голливудқа жол ашып берді. Фильм коммерциялық тұрғыдан да табысты болды, оның прокаттан жинаған табысы 30 млн долларға жеткен.

Араға қырық жылдан астам уақыт салып, «Тері бет» («Leatherface») деген жаңа бөлім шыққалы жатыр. Фильмде бүкіл франшизаның басты антагонисті, «Тері бет» атанған маньяктың осындай жолға неліктен түскені түсіндірілмек. Әлбетте, оқиғасы да 1974 жылғы «Техаста бензин арамен болған қырғынға» дейін өрбиді.

Анықтама үшін

Франшизаға кіретін фильмдер:

1. Техаста бензин арамен болған қырғын / The Texas Chain Saw Massacre; 1974 ж.

2. Техаста бензин арамен болған қырғын 2 / The Texas Chainsaw Massacre 2; 1986 ж.

3. Тері бет: Техаста бензин арамен болған қырғын 3 / Leatherface: The Texas Chainsaw Massacre III; 1990 ж.

4. Техаста бензин арамен болған қырғын: Келесі кезең / Texas Chainsaw Massacre: The Next Generation; 1994 ж.

5. Техаста бензин арамен болған қырғын / The Texas Chainsaw Massacre (ремейк); 2003 ж.

6. Техаста бензин арамен болған қырғын: Бастамасы / The Texas Chainsaw Massacre: The Beginning (ремейктің приквелі); 2006 ж.

7. Техастағы қырғыз 3D / Texas Chainsaw 3D (түпнұсқаның жалғасы); 2013 ж.

8. Тері бет / Leatherface (түпнұсқаның приквелі); 2017 ж.

және қысқаметраж: Америкалық қырғын / All American Massacre (шықпай қалды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға