Жаңалықтар

Ермұрат Бәпи банкроттыққа ұшыраған шаруалардың жанайқайын жеткізді

Ермұрат Бәпи банкроттыққа ұшыраған шаруалардың жанайқайын жеткізді
Фото: parlam.kz 12.06.2024 16:18 374

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи бас прокурорға бес жыл бұрын банкроттыққа ұшыраған шаруалардың жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің айтуынша, «Алиби» агрохолдингінің басшылығы жердің пай үлесіне ие Солтүстік Қазақстан облысының қарапайым фермерлеріне тиесілі жер учаскелерін пайшылардың рұқсатынсыз алаяқтық жолмен, олардың қолдарын қою арқылы әртүрлі қаржы институттарына, оның ішінде «Халық банк» АҚ-на кепілге қойып, несиелер алған. Ал алынған қарыздар бірден шетелге шығарылып отырған.

Соттың шешіміммен «Халық банкінің» пайдасына 4,3 млрд теңге көлемінде қарыз өндірілген.

Сонымен бірге банк тарапынан 12 шаруашылықтың берешегін өндіріп алу шаралары қолға алынады. Осылайша, 2020-2021 жылдары 5 кепіл беруші шаруашылықтың жер учаскелері электрондық сауда-саттық өткізу арқылы 2,9 млрд. теңгеге сатылады. Яғни 12 шаруашылықтың 5 жер телімін сату арқылы Холдингтің «Халық банк» АҚ алдындағы қарызының үштен екісі өтеледі, - дейді Бәпи. 

Ал қалған жерді одан әрі сату қарызды мерзімінен бұрын өтеуге және жердің бір бөлігін кепіл берушілерге қайтаруға алып келетін еді.

Алайда құны қарыз сомасынан асатын кепіл заттың бір бөлігін пайшыларға қайтарудың орнына, «қарыз қалдығынан артылған жер телімін нарықтық құнынан төмен бағада Коллекторға беріп жібереді, - дейді ол.

Осылайша, аталған банктің кесірінен Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы «Новосветловка-Алиби» ЖШС-нің 357 пайшысы жапа шегіп, 18 мың гектар жерінен айрылғалы отыр.

Депутаттың сөзінше, пайшылар өздерінің активтерін қайтару үшін банк алдындағы қарызды өтеуге де дайын. Осы орайда ол бұл мәселені арнайы келісім комиссиясын құрып, пайшылармен біріге отырып барынша тез әрі әділ шешуді сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға