Жаңалықтар

Ермек Маржықпаев Шавқат Рахмоновты кезекті жеңісімен құттықтады

Ермек Маржықпаев Шавқат Рахмоновты кезекті жеңісімен құттықтады
Фото: © Тұрар ҚАЗАНҒАПОВ 18.12.2023 06:29 1091

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавқат Рахмонов кезекті кездесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Даңқты жерлесіміз мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев атақты спортшыны құттықтап, алдағы турнирлерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі.

Еліміздің Тәуелсіздік күнінде таң азанымен АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Аралас жекпе-жектегі ел мақтанышы Шавқат Рахмонов бүгін UFC-де кезекті айқасын өткізіп, қазақ елін тағы бір жарқын жеңісімен қуантты. Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын, - деп жазды министр Telegram каналында.

Айта кетейік, 40 жастағы америкалық спортшы Стивен Томпсон бүгінге дейін спорттық карьерасында 24 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлаған.

Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 29 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында 17 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекені айқын басымдықпен аяқтады. 8 қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірген.

Бұл – жерлесіміздің 18-ші жеңісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға