Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Президент жаңа конституциялық органды елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге арналған маңызды институт ретінде атап өтті.

Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін атап өтті. Оның айтуынша, Қошанов ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек етіп, түрлі жауапты лауазымдарды атқарған. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға атсалысқан.

Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Халық Кеңесінің мүшелеріне жауапкершілік жүктелді

Қасым-Жомарт Тоқаев консультативтік орган құрамына кәсіби білімі мен тәжірибесі жоғары, абырой-беделі бар азаматтардың енгенін атап өтті.

Халық Кеңесінің құрамында тәжірибелі тұлғалармен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар бар.

Президент Кеңес мүшелеріне ел мүддесі үшін адал еңбек етіп, мемлекеттік басқаруға қоғамның қатысуын күшейтуге үлес қосу маңызды екенін айтты.

Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталатынын айтты.

Ерлан Қошанов Кеңес төрағасы болып сайланды

Президент ұсынған кандидатура бойынша Халық Кеңесінде дауыс беру өтті. Оның қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

Халық Кеңесінің төрағасы төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам бұл лауазымды екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Төраға Кеңестің жұмысына жалпы басшылық жасайды, оның сессияларын шақырады, күн тәртібін қалыптастырады және отырыстарға төрағалық етеді. Сонымен қатар Халық Кеңесінің атынан өкілдік етеді.

Төраға Кеңес мүшелерінің арасынан орынбасарларын тағайындайды. Орынбасарлар екі жыл мерзімге ротация қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Халық Кеңесі қандай орган?

Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның негізгі міндеті – қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысуын қамтамасыз ету. Кеңес құрамына 126 адам кірді. Оның ішінде:

  • 42 адам – этномәдени бірлестіктердің өкілдері;
  • 42 адам – қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері;
  • 42 адам – Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің өкілдері.

Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Олар өз міндеттерін қоғамдық негізде атқарады.

Халық Кеңесі ішкі саясат бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлей алады. Сонымен қатар заң жобаларын Құрылтайға енгізу туралы шешім қабылдауға, жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтеруге, қоғамдық талқылаулар мен тыңдаулар өткізуге және қоғамдық бақылауға қатысуға құқылы.

Сондай-ақ Кеңес Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыруға қатысады.

Ерлан Қошанов деген кім?

Ерлан Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген.

Қарағанды политехникалық институтын және Халық шаруашылығы академиясы жанындағы Жоғары коммерциялық мектепті тәмамдаған. Мамандығы – инженер-механик және экономист.

Әр жылдары Үкімет аппаратында және Президент Әкімшілігінде қызмет атқарды. Көлік және коммуникациялар вице-министрі болды, Азаматтық авиация комитетін басқарды.

2012-2017 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы қызметін атқарды. 2017-2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі болды.

2019 жылдың қыркүйегінде Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

2022 жылдың ақпанынан 2026 жылдың шілдесіне дейін Мәжіліс Төрағасы қызметін атқарды. Сонымен қатар Amanat партиясының төрағасы болды.

Жаңа институттың жұмысы маңызды кезеңге қадам басты

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғам өкілдерінің мемлекеттік саясатты талқылауға қатысуына арналған жаңа институционалдық алаң қалыптастырды.

Енді Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық бастамаларын жинақтап, оларды мемлекеттік саясатпен байланыстыру. Ал Ерлан Қошановтың төраға ретінде атқаратын жұмысы жаңа институттың алғашқы кезеңдегі қызметімен тікелей байланысты болмақ. Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы оның өкілеттіктері мен алдағы жұмыс бағыттарын нақтылауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Кеңестің басты міндеттерінің бірі – қоғамдық келісімді нығайтып, мемлекет пен азаматтар арасындағы тұрақты әріптестікті дамыту.

Оқи отырыңыз