Ерлан Қарин: Құрылтай сайлауы елдегі жаңғыру үдерісіне жаңа серпін береді

Ерлан Қарин: Құрылтай сайлауы елдегі жаңғыру үдерісіне жаңа серпін береді
Фото: Ақорда

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай сайлауы елдегі саяси және қоғамдық жаңғыруға жаңа серпін беретінін айтты.

Оның сөзінше, Құрылтай бірқатар негізгі мемлекеттік-саяси институттарды қалыптастыруға қатысады. Сондықтан бүгінгі сайлаудың маңызы институттарды жаңартумен ғана шектелмейді. Ерлан Қарин Президент реформалары қоғамдық үдерістерге жаңа серпін беріп, қоғамдық-саяси алаңға жаңа адамдар мен жаңа күштердің келуіне жол ашқанын атап өтті.

Оның айтуынша, елдегі қоғамдық күн тәртібі де өзгеріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі сайлау Қазақстанда соңғы жылдары жүріп жатқан ауқымды трансформация мен жаңғыру үдерістеріне тың серпін береді.

Ерлан Қарин елдегі жаңғыру үдерістерін ауқымы, қарқыны мен динамикасы жағынан Қазақстан тарихындағы ең ірі өзгерістердің бірі деп бағалады. Оның пікірінше, бұл үдерістердің ауқымы Қазақстанмен ғана шектелмей, тұтас өңір үшін де маңызды.

Оның сөзінше, бұл – қатардағы сайлау емес, Қазақстанның жаңа саяси жүйеге өтуіндегі маңызды кезең.

Наурыз айында біз жаңа Конституцияға дауыс бердік. 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Ал бүгінгі сайлаудың нәтижесінде жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрамы анықталмақ. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда, бұл – жаңа дәуірдің басы, – деді Ерлан Қарин.

Ол Құрылтайдың маңызды мемлекеттік-саяси институттарды қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай бірқатар институттар мен лауазымды тұлғалардың өкілеттігін бекітуге қатысады.

Ерлан Қарин Құрылтайды жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бастау беретін маңызды орган деп атады. Оның пікірінше, бүгінгі сайлаудың басты маңызы да осында.

Оқи отырыңыз