Ерлан Қарин: Қазақстан тарихының көптомдығы – ұлттық жобаға пара-пар үлкен еңбек

Ерлан Қарин: Қазақстан тарихының көптомдығы – ұлттық жобаға пара-пар үлкен еңбек
Фото: ҚР Президенті Әкімшілігі

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның қорытынды отырысында отандық тарихшылардың ортақ жұмысын ұлттық жобаға пара-пар үлкен еңбек деп бағалады.

Үш тілде қатар шығатын академиялық басылым – қатардағы зерттеу жұмысы емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық жобаға пара-пар үлкен еңбек. Ал халқымыздың жылнамасын жазу – ұлтқа, ұлт мүддесіне қызмет етудің жарқын бір көрінісі. Академиялық басылымды әзірлеу барысында ұлттық тарих ғылымы өзінің әлеуеті зор екенін анық көрсетті. Тарихшыларымыз ортақ мүдде жолында ынтымақтаса алатынын анық аңғартты. Сондай-ақ тарихшы ғалымдарымыздың бәрі кәсіби біліктіліктерінің жоғары екенін дәлелдеді, – деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.

Еске сала кетейік, көптомдықты жазуға 350-ден астам ғалым атсалысты. Олардың қатарында шетелдің жетекші мамандары да бар. Атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Түркия, Жапония, Польша, Италия, Болгария, Украина, Аустралия, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан секілді 12 елдің 56 авторы өз еңбектерін ұсынды.

Көптомдықты әзірлеу барысында 90 архив пен музейдің материалдары пайдаланылды. Оның 35-і – шетелдік архив. Жалпы 9 мемлекеттен 5 мыңнан астам архивтік құжат әкелінді. Бұрын-соңды беймәлім болған тың деректер ғылыми айналымға енгізілді. Айталық, Қытай, Ватикан мұрағаттарынан жаңа деректер табылды.

Оқи отырыңыз