Жаңалықтар

Ерлан Қарин ойын бизнесі және лотерея қызметі туралы заңға қатысты пікір білдірді

Ерлан Қарин ойын бизнесі және лотерея қызметі туралы заңға қатысты пікір білдірді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 22.04.2024 22:47 310

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша Мәжіліс мақұлдаған заңнамалық түзетулерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамаларды нақты жүзеге асыру үрдісі жалғасуда.

Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасын қабылдады. Қазіргі қоғамның бес негізгі әлеуметтік мәселесін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы сөзінен кейін депутаттар аталған түзетулерді бастама ретінде көтерді, - деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында.

Атап айтқанда, Ұлттық құрылтайда Президент лудомания мыңдаған отбасыны бүлдіріп, көптеген адамды қылмысқа итермелеп, сансыз қиыншылықтарға соқтырып жатқанын баса атап өткен еді.

Сондықтан Мемлекет басшысы Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдауды және лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Заң жобасы талқысына Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері белсенді қатысып, бұл мәселені қоғамдық салада алғашқылардың бірі болып көтергенін еске сала кетейін, - деді Ерлан Қарин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға