Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында медаль қорын толықтырып жатыр. Аралас жекпе-жек шеберлері Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев ел қоржынына екі алтын медаль салды.
Еркінғали Бүркіталин – Азия ойындарының чемпионы
Нагоя қаласындағы Инаэ спорт орталығында аралас жекпе-жектен Азия ойындарының финалдық кездесулері өтті.
Қазақстандық спортшы Еркінғали Бүркіталин дәстүрлі стильдегі бәсекеде 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында бахрейндік Мұхаммед Нәбиевпен кездесті. Отандасымыз жекпе-жекті 3:0 есебімен жеңіп, XX жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, аралас жекпе-жек биыл Жапонияда алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Осылайша Еркінғали Бүркіталин ММА тарихында Азия ойындарының алғашқы чемпиондарының бірі ретінде есімін жазды.
Қадырбек Шынбаев да чемпион атанды
Қазақстан құрамасына ММА-дан екінші алтын медальді 22 жастағы Қадырбек Шынбаев әкелді. Ұлттық құрама спортшысы ММА-ның modern дисциплинасында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Бұл – қазақстандық спортшының биылғы ірі халықаралық жарыстардағы кезекті жетістігі. Қаңтар айында Қадырбек Шынбаев ересектер арасында ММА-дан Азия чемпионы атанған болатын.
Құрлық чемпионатында ол Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан спортшыларын жеңген. Осылайша, 22 жастағы спортшы бір жылдың ішінде Азия чемпионаты мен Азия ойындарында топ жарды.
Жарыстан кейінгі әсерімен бөліскен жерлесіміз Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алуды осыдан бір жыл бұрын алдына мақсат етіп қойғанын айтты.
Отбасым мен туған-туыстарымның бәрі мен үшін алаңдап, қолдау көрсетіп, күтіп отыр. Қолдау білдірген барша жанға көп-көп рақмет. Финалдағы қарсыласыммен бұған дейін де кездескенмін. 2025 жылғы Азия чемпионатында екеуміз финалда жолығып, негізгі уақыт тең есеппен аяқталған еді. Қосымша уақытта жеңісті суырып алғанмын. Бұл жолы да жекпе-жекке алдын ала жоспар құрдық. Сол жоспарды толық орындауға тырыстым. Негізінен бірінші нөмірмен жұмыс істеу керек болды. Нәтижесінде жеңіске жеттім. Еркінғали Бүркіталин ағам екеуміз осыдан бір жыл бұрын Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алуды мақсат еткен едік. Міне, бүгін жеңімпаз атанып отырмыз. Бір арманым орындалды, - деді жауынгер.
Айта кетейік, Қадырбек Шынбаев 71 келіге дейінгі салмақтың финалында тәжікстандық Бехруз Хуршедзодадан 3:0 есебімен басым түсті.
Нұрқанат Әжіқановта қола медаль
Қазақстан құрамасының қоржынына каратэден тағы бір медаль түсті.
WKF каратэден кумитэ бағдарламасында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрқанат Әжіқанов үшінші орын үшін өткен кездесуде Филиппин спортшысы А. Батиканды 10:1 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының қазіргі Азия ойындарындағы каратэден алған екінші қоласы және жалпы бесінші жүлдесі.
Қазір қазақстандық каратэшілердің еншісінде екі алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.
Қазақстан құрамасы жүлде үшін күресті жалғастырады
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында 558 спортшы бар. Отандастарымыз жарыс бағдарламасындағы 35 спорт түрінен жүлдеге таласады.
Қазақстан құрамасы үшін Азия ойындарының алғашқы күндері нәтижелі өтіп жатыр. ММА-ның құрлықтық дода бағдарламасына алғаш рет енуі отандық спортшыларға жаңа тарихи жетістіктерге жол ашса, Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев осы мүмкіндікті алтын медальмен бастады.
Алдағы жарыс күндерінде қазақстандық спортшылардың қоржыны жаңа жүлделермен толыға бермек.