Жаңалықтар

Ережесіз жекпе-жекке шығатын қазақстандық спортшылар

Еліміздегі ережесіз жекпе-жек өнері жылдан жылға артып, аса жылдам қарқынмен дамуда
Ережесіз жекпе-жекке шығатын қазақстандық спортшылар
Фото: prosports.kz 22.01.2023 17:00 3106

«Ережесіз жекпе-жекке» қатысты түрлі көзқарастар бар екендігі белгілі. Спортты гуманизациялауға  ұмтылғандар боксты олимпиалық бағадарламадан алып тастауға тырысқанымен іс жүзінде жалаң қолмен айқасатын «ХХІ-ғасырдың гладиаторларының» айқасы көрермендер үшін тым қызық.

1990 жылдардан бастап ерекше дамып, ережесіз жекпе-жектің түрлі  тұжырымдары пайда болғанымен олардың ішінде шоқтығы биігі мен беделдісі UFC болып табылады.

Ultimate Fighting Championship қазақша «Абсолютті жекпе-жек чемпионаты» деп аударылады. Офисі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан аралас жекпе-жек өткізетін әлемдегі ең беделді спорт ұйымы. 2001 жылы «Station Casinos» құмар ойын жүйесінің иелері компанияны сатып алып, президент лауазымына бұрынғы бокс жарыстарын ұйымдастырушы кәсіпкер Дэйн Уайтты қойды. Осы тұлғаның басшылығымен UFC әлем елдерінде тез танылды. 2007 жылы өзінің ең үлкен қарсыласы жапондық Pride Fighting Championships ұжымын сатып алғаннан кейін, UFC әлемдегі ережесіз жекпе-жек жарыстарының ең үлкен ұйымдастырушысына айналды.

Бүгінгі таңда UFC-де әлемдік рейтингтерде жетекші орын алатын жекпе-жек жауынгерлерінің көпшілігі өнер көрсетеді және  жекпе-жектер 130 елде 20 түрлі тілде таратылады.

Бұл жерде «Ережесіз жекпе-жек» деген қате атау, дұрысы «Аралас жекпе-жек өнері» екендігіне назар аударамын. Аралас деп бұл спорт түрінде ұру, ұстасу және күресу тәсілдері қатар қолданылатынын білдіреді.

«Аралас жекпе-жек өнерінің» нақты, қатаң ережелері бар. UFC жарыстарындағы әр раунд бес минутқа созылады. Титулдық кездесулерде (чемпиондық белбеу үшін) жекпе-жектің ұзақтығы бес раундты, ал титулдық емес матчтарда үш раундты құрайды. Раундтар арасында бір минуттық үзіліс бар. Еркектер 8, әйелдер 4 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Баспен ұру, көз шұқу, тістеу, шаштан тарту, саусақпен бетінен ұстау, бұтқа шабуыл, саусақты көз, мұрын, құлаққа тығу, қарсыласты тырнау, жарақат салу, желкеден, омыртқадан ұру, тік шынтақпен ұру, тамақтан ұру, тырнау, теріден тарту, бұғанадан ұстау, жатқан қарсыластың басынан тебу, тіземен тебу,  таптау, қарсыласты басымен жерге қадау, киімінен ұстау, қарсыласқа түкіру, қабырғадан ұстау, балағаттау, үзіліс кезінде шабуыл жасау ережені бұзу деп бағаланады.

Қазір UFC-де барлығы 600-ден аса жауынгер бар. Оның 301-і АҚШ-тан, 92-сі Бразилиядан, 34-і Ресейден (оның 17 дағыстандық), 20-сы Канададан жәнен 17-сі Англиядан. Қазақстаннан 5 жауынгер.

UFC-дегі қазақстандық спортшыларды атап айтпас бұрын бұл ұйымға алғаш аяқ басқан қазақ спортшысы атағы қытайлық қазақ Жұмабек Тұрсынға бұйырғанына назар аударамыз. Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысында 1986 жылы туған Жұмабек UFC-ге шыққан  тұңғыш қазақ жігіті. Ол «Аралас жекпе-жек өнерінің» 2 дүркін әлем чемпионы, Азияның 1 дүркін чемпионы. Жұмабек барлығы 56 жекпе-жек өткізіп, оның 46 кездесуінде жеңіске жеткен.  

Жұмабек Тұрсын UFC промоушенінде 3 кездесу өткізіп, барлығында жеңіліс тапты. Салмақты көп түсіруге тура келгендіктен айқасқа қарай қалпына келе алмады. Дей тұрғанмен, Жұмабек Тұрсын «Аралас жекпе-жек өнерінің» озық ұйымы UFC октаганына шыққан  тұңғыш қазақ жігіті ретінде өз атын қазақ жекпе-жек тарихына алтын әріппен жазды.

Кейін Жұмабек Тұрсын тарихи отанының азаматтығын алып, Алматы қаласында қоныс тепті. Бапкерлікпен айналысады. Спортшы ретіндегі мансабын одан әрі жалғастырып отыр.

Тәуелсіз Қазақстан атынан UFC-мен келісім шартқа қол қойған бірінші қазақстандық спортшы Шавқат Рахмонов болды. Шавқат туралы отандық мамандар да шетелдік сарапшылар да өте жоғары пікірде. Петр Янның жаттықтырушысы Қайрат Нұрмағанбетов Шавқат туралы: «Мені таң қалдырған бірінші нәрсе – оның соншалықты қатты ұратындығы. Ол өте қатты, фантастикалық қатты соққы жасай алады. Екінші таң қалдырған нәрсе – оның физикалық күші. Ол өте күшті, қарсыласын көтеріп кетеді, жұлып алады, лақтыра алады. Үшіншісі – оның ұстауы. Ол қарсыластарын тұншықтырғанда олардың көбісі қырылдай бастайды»,  –  дейді.

16 кездесуінің барлығында жеңіске уақытынан бұрын жеңіске жеткен Шавқат қарсыластарының көңілінде үрей туғызады.

Батыс мамандары да Шавқат туралы өте жоғары пікірде, ағымдағы жылдың ішінде не келесі жылдың басында өз салмағында чемпиондыққа таласатындығына сенім білдіріп отыр. Олар оны даңғазамен аты шыққан, бірақ талантты Чимаев деген швед жауынгерімен салыстырады. Шавқат қашан екені белгісіз түбінде онымен қолғап түйістіреді. Тегі шешен Чимаев қызуқандылыққа салынып: «Это кто еще за чурбан?» - деп, Шавқатқа тіл тигізіп үлгерді. «Батыр аңғал, ер көдек» деген Чимаев жазуын өшіргенімен айтылған сөз атылған оқпен бірдей оны қайтара алмады, тез тарап кетті.

Шавқат: «Ол менің бетімде айтсын. Мен оны, оның отбасын немесе елін қорламаймын. Біз жекпе-жекке шығып, қайсысымыз мықты екенін анықтаймыз. Торда немесе көшеде төбелесуге болады. Егер оның маған сұрақтары болса, шешеміз», – деп жауап берді.

Отандық БАҚ беттерінде Шавқат туралы жылы сөздер жазылады. Оны «Американы бағындырған батыр» деп те әспеттейді. Бұрынғы заман батырларына тән ұстамдылық, қарапайымдылық секілді қасиеттерді бойына сіңірген Шавқат ондай мақтауға лайықты және Шавқат ондай сенім мен мақтауды ақтайды деп ойлаймыз.

Шавқат Рахмонов Қазақстан атынан UFC-мен келісім шартқа қол қойған бірінші спортшы болғанымен еліміздің атынан октагонға бірінші болып Мария Агапова шықты.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға