Threads әлеуметтік желісінде Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде болған оқиға жұртты тәнті етті. Бөлім командирі 91 жастағы әжесінің халін сұрауға сұранған сарбаздың сағын сындырмай, еліне жіберген.
Көпшілік әскери өмірді қатаң тәртіп пен бұзылмас ереженің ортасы деп түсінеді. Алайда мұнда да адами қасиет, ар-ождан, мейірім бірінші орында тұрады. Мәселен павлодарлық Асқар Шаиков 2025 жылдың желтоқсанында отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөліміне қабылданады.
Арада алты ай өткенде Асқардың 91 жастағы әжесінің денсаулығы сыр беріп, шөбересін көргісі келетінін айтады. Осылайша, Шаиков отбасы 5518 әскери бөлімінің командиріне хат-хабарын жеткізеді. Командир көп ойланбастан Асқарды Павлодарға жібереді.
Посмотреть в Threads
Мамыр айында әжеміз төсек тартып қалды. Шөбересін көргісі келетінін айтып, өтініш жасады. Біз командиріне хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Командирі билетін сатып әперіп, Асқарды үйге жіберді. Әжеміз басында шөбересін танымай, артынан бас сала құшақтап, жібергісі келмеді. Бұл шөбересін соңғы рет көргені екен. Тамыз айында 91 жасында дүние салды, – дейді сарбаздың әпкесі Мадина Каирденова.
Кейін Асқардың командирі қатардағы сарбазының үйінде қайғылы оқиға болғанын біліп, Шаиковтар отбасына хабарласқан. Өлім туралы куәлікті жіберуін, сонда Асқарды Павлодарға жіберетінін айтқан.
Біз мамыр айында жібергені үшін рақметімізді айтып, жерлеуіне жібермесе де ренжімейтінімізді айттық. Бірақ командирі тиісті құжатты жіберуімізді сұрап, артынша Асқарды үйге жіберді. Осындай азаматтығы үшін командирге алғысымызды білдіреміз, – деді Мадина Каирденова.
Айта кетерлігі, Өскемендегі 5518 әскери бөлімі әлеуметтік желіні белсенді түрде жүргізеді. Шығыстағы қарулы күштердің тыныс-тіршілігімен таныстырады. Бұдан бұрын дәл осы бөлім Абайдың 180 жылдығын тойлау кезінде жұрттың ықыласына бөленіп, алғыс арқалап қайтқан.