Ерасыл Қажыбаев Астанада Grand Slam турнирінде күміс жүлдегер атанды

Ерасыл Қажыбаев Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Отандасымыз соңғы жарыс күнінде аса ауыр салмақта сынға түсіп, финалға дейін сүрінбей жетті. Ол алғашқы белдесуінде Бельгия спортшысын жеңсе, ширек финалда Грузия өкілінен басым түсті. Ал жартылай финалда тағы бір грузин балуанын жеңіп, финалға шықты.
Өкінішке қарай семейлік дзюдошы Жапония балуаны Хуога Отаға қарсы белдесуде қарсы қауқар таныта алмады. Осылайша ол Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің күміс медальін тағынды.
Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің соңғы жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасынан 14 балуан татамиге шыққан болатын.
Бұған дейін қазақстандық дзюдошылар арасынан Ғұсман Қырғызбаев (-66 келі) пен Талғат Орынбасар (-60 келі) күміс, ал Мағжан Шамшадин (-60 келі), Аман Бақытжан (-60 келі), Есет Қуанов (-73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (-81 келі) қола жүлде иеленді.
