Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов құрметті профессор атанды

Ералы Лұқпанұлы халықтың денсаулығына ерекше көңіл бөледі
Ералы Тоғжанов құрметті профессор атанды
Фото: МУА "Астана" 05.12.2022 13:45 1639

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Лұқпанұлына "Астана медицина университетінің құрметті профессоры" дипломын ректор Камалжан Надыров табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Біз үшін Ералы Лұқпанұлына "құрметті профессор" атағын беру оның Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегін мойындау және университетіміздің дамуына тікелей қатысу нысаны болып табылады. Біз бәріміз Ералы Лұқпанұлын мемлекеттік қайраткер ретінде білеміз, бірақ оның көп жылдар бойы академиялық ортада жұмыс істегенін және жоғары оқу орындарының қызметімен жақсы таныс екенін көпшілік біле бермейді. Ол саясаттану ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, бірқатар ғылыми жарияланымдары бар. Е.Тоғжанов  Астана медицина университетін дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуге және ЖОО-ны зерттеу университетіне айналдыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге мүмкіндік берді", деп түсіндірді университет ректоры Камалжан Надыров. 

Биыл Ералы Тоғжановтың қолдауымен медицина қызметкерінің имиджін арттыру және мамандығын дәріптеу мақсатында алғаш рет Astana Opera-да Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өткізілді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымында Ералы Тоғжанов Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияны басқарды. Ел үшін ең дағдарысты кезеңде бұл комиссия жедел түрде жауапты шешімдер қабылдады және дәрігерлер мен басқа қызметтерге пандемияға тиімді қарсы тұруға атсалысты.

"Ералы Лұқпанұлы халықтың денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Кездесу барысында Біз Ақтөбе облысы тұрғындарының денсаулығын жақсартуға байланысты мәселелерді талқыладық. Облыс әкімі тәуекел факторларын, оның ішінде Ақтөбе облысы халқының денсаулығына әсер ететін экологиялық аспектілерді зерделеуге бағытталған зерттеулер жүргізуге келісім білдірді. Жақын арада біз облыстың денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды талқылауға кірісеміз", - деді Камалжан Надыров.

"Құрметті профессор" атағын тағайындау туралы шешім университеттің жоғары алқалы органы - Ғылыми кеңестің шешімімен қабылданады. "Астана медицина университетінің құрметті профессоры" атағы университеттің беделі мен танылуына үлес қосқан педагогтар мен ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдеріне, университетпен тығыз ғылыми және оқу-әдістемелік байланысы бар және білім-ғылымның,  денсаулық сақтаудың дамуына үлес қосқан қоғамдық және саяси қайраткерлерге де беріледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға