Ер есімі – ел есінде: адамдарды өрттен құтқарып, өзі көз жұмған Асқар Забикулиннің ерлігіне тағзым

Ер есімі – ел есінде: адамдарды өрттен құтқарып, өзі көз жұмған Асқар Забикулиннің ерлігіне тағзым
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін еліміздің түпкір-түпкіріндегі өрт сөндіру бөлімшелері арнайы дабыл қағып, ерлік көрсетіп қаза тапқан әріптестері Асқар Забикулинді еске алды. Асқар Забикуллин 2022 жылы 20 қараша күні қайтыс болды.

2022 жылы 16 қарашада Астанадағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, азаматтық қорғау капитаны Асқар Забикулин бірнеше адамның өмірін құтқарады. Алайда денесін ауыр дәрежеде күйік шалып, төрт күннен кейін ауруханада көз жұмады. 

Қызметіне адал құтқарушы

Асқар Серікұлы Забикулин 1994 жылы Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының Қазгородок ауылында дүниеге келген. Ол азаматтық қорғау саласын таңдап, өмірін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнады.

Еңбек жолын Астанадағы «Қараөткел» өрт сөндіру бөлімінің №9 өрт сөндіру бекетінде қарауыл бастығы қызметінен бастаған. Кейін Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде еңбек етті.

Соңғы қызметі – жедел кезекшінің көмекшісі. Азаматтық қорғау капитаны шеніне дейін жеткен Асқар Забикулин әріптестері арасында жауапкершілігі мен кәсібилігі жоғары маман ретінде танылды. 

Жанқияр ерлік көрсетті

2022 жылы 16 қарашада сағат 10:43-те Астанадағы Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайындағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түседі. 15 қабатты ғимараттың 11-қабатындағы пәтер қызыл жалынға оранады. Өрт аумағы шамамен 50 шаршы метрді құрайды.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынмен қатар қою түтінге толы ғимараттағы тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Асқар Забикулин де құтқару жұмыстарына қатысып, көрші пәтерден 10 жастағы баланы алып шықты. Өрт кезінде  жалпы үш адамның өмірін сақтап қалады.

Алайда адамдарды құтқару кезінде өзі ауыр жарақат алады. Денесінің шамамен 80 пайызын термиялық күйік шалады. Асқар Забикулин шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түседі.

Төрт күн бойы өмір үшін күресті

Асқар Забикулиннің жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салды. Бірақ алған жарақаты тым күрделі еді.

2022 жылы 20 қарашада  өрт сөндіруші көз жұмады. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Қайғылы хабар құтқарушылар қауымын, жақындарын және ерлігіне куә болған елді есеңгіретті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Забикулиннің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оның өрт кезінде адамдарды құтқару үшін жасаған ерлігін атап өтті. Мемлекет басшысы батырдың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде тапсырмалар берді.

Ер есімі – ел есінде

Асқар Забикулин адамдарды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Астанадағы көшелердің біріне батырдың аты берілді. Сондай-ақ елордадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Асқар Забикулиннің есімімен аталды. Өрт сөндіру бөлімінің аумағында оның бюсті орнатылып, құтқарушылар саябағында естелік тақта ашылды.

2024 жылы Көкшетау қаласында да батыр өрт сөндірушіге арналған ескерткіш ашылды. Бұл – оның ерлігіне туған өңірі мен әріптестері көрсеткен құрметтің белгісі.

Асқар Забикулиннің өмірі мен қызметі өрт сөндіруші мамандығының қаншалықты қауіпті екенін ғана емес, адам өмірін арашалау үшін қандай қайсарлық қажет екенін көрсетті. Ол жалынға қарсы тұрып, өзгені құтқаруды таңдады. Қауіп төнген сәтте шегінбеді, қызметтік міндетін орындады.

Оқи отырыңыз