Энрике Иглесиас Қазақстанда: оның концерттері туралы қызықты деректер

Энрике Иглесиас Қазақстанда: оның концерттері туралы қызықты деректер
Фото: Энрике Иглесиас баспасөз орталығы

Әнші Энрике Иглесиас қыркүйек айында Қазақстанда екі концерт өткізеді. 3 қыркүйекте ол Астанадағы Astana Arena-да, 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді.

Иглесиастың Қазақстандағы концерттеріне дейін екі аптадай уақыт қалды. Әншінің бағдарламасында оның әр жылдары әлемге танылған Hero, Bailando, Escape, Ring My Bells, Tonight және Súbeme La Radio сияқты шығармалары орындалуы мүмкін.

Концерт несімен ерекшеленеді?

Иглесиастың концерттерін ерекшелендіретін нәрсенің бірі – оның көрерменмен тікелей байланыс орнатуы. Әнші кейде негізгі сахнадан түсіп, жанкүйерлерге жақындайды, трибуналарға жақын орналасқан қосымша алаңдарда өнер көрсетеді және көрермендермен сөйлеседі. Кей концерттерінде жанкүйерлерін сахнаға шақырған кездері де болған.

Фото: Энрике Иглесиас баспасөз орталығы
Фото: Энрике Иглесиас баспасөз орталығы

Оның концерттік қойылымдарында залдың ортасына орналастырылатын шағын қосымша сахна да бар. Ол негізгі сахнамен арнайы подиум арқылы жалғасады. Бұл формат әншінің стадионның ортасына дейін барып, көрермендерге барынша жақын жерде өнер көрсетуіне мүмкіндік береді.

Қосымша сахна идеясы да кездейсоқ пайда болмаған. Бұған дейінгі концерттердің бірінде Иглесиас жоспардан тыс сахнадан түсіп, әнін көрермендердің арасында жалғастырған. Кейін бұл тәсіл оның концерттік бағдарламасының бір бөлігіне айналған.

Энрике Иглесиас жайлы

Энрике Иглесиас – латын музыкасының әлемдегі ең танымал орындаушыларының бірі. Оның музыкалық релиздерінің сатылымы 180 миллионнан асады. Әндері халықаралық чарттарда бірнеше рет жоғары орындарға көтерілген. Billboard басылымы оны Top Latin Artist of All Time атағына лайық деп таныған.

Иглесиастың мансабы бірнеше онжылдықты қамтиды. Осы уақыт ішінде ол әлемнің ірі концерт алаңдарында өнер көрсетіп, латын поп-музыкасының халықаралық деңгейде танымал болуына ықпал еткен орындаушылардың біріне айналды.

Қазақстандағы концерттері де әншінің ауқымды гастрольдік бағдарламасының бір бөлігі болмақ. Билеттердің бағасы 45 мың теңгеден басталады.

Оқи отырыңыз