Енді ұшақта орнынан ерте тұрып алатын жолаушыларға айыппұл салынады

Түркияда ұшақ қонған сәтте экипаж рұқсатын күтпестен орнынан тұрып, қозғалған жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл өзгеріс елдің Азаматтық авиация жөніндегі бас басқармасының (SHGM) жаңа циркулярында көрсетілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Неліктен айыппұл салынады?
Құжатта соңғы кездері жолаушылар тарапынан жазбаша және ауызша шағымдардың артқаны, сондай-ақ SHGM жүргізген тексерістер нәтижесінде мынадай бұзушылықтар жиілегені айтылған:
- Экипаждың ескертулеріне қарамастан жолаушылардың орнынан ерте тұрып, дәлізге шығуы;
- Багаж сөрелерін ашып, ұшақ толық тоқтамай жатып қозғалу;
- Бұл әрекеттер жолаушылардың өздерінің ғана емес, басқа адамдар мен мүлік қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
Енді авиакомпаниялардың барлығына рейс барысында темекі шегуге тыйым салу және қауіпсіздік белдігін тағу туралы хабарландыру жасау міндеттеледі. Ал бұл талаптарды бұзған жолаушыларға қатысты айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылады.
Turkish Airlines әуе компаниясы өз бортсеріктерін бұл өзгерістер туралы алдын ала ескерткен.
Әзірге айыппұлдың нақты мөлшері белгіленбегенімен, авиакомпания баспасөз қызметі бұл шаралардың барлығы заң аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.
Неліктен ерте орнынан тұруға болмайды?
Кенеттен тежелу жолаушының құлауына себеп болуы мүмкін. Одан қалды орнынан ерте тұрып алған жолаушылар дәлізде бөгет жасап, төтенше жағдай бола қалған жағдайда, шығатын есіктерге қолжетімділікті шектейді.
Адамдар сөмкелерін сөрелерден асығып алып жатқанда, ұшақтың тежелуі салдарынан сөмкелер отырған жолаушылардың басына түсіп кетуі мүмкін.
