Енді сабақтан тыс уақытта оқушы бұзықтық жасаса, мұғалім жауап бермейді

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Енді педагогтер оқушылардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өз лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім саласына енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Жаңа норма педагогті қалай қорғайды

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл өзгеріс – қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан мәселенің шешімі болмақ. Бұған дейін мектептен тыс уақытта, демалыс күндері немесе каникул кезінде болған оқиғалар үшін де мұғалімдер жауапқа тартылып келген. Тіпті кей жағдайда мектеп басшылығы мен ұстаздар жұмыстан шығарылған.

Жазда кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар түрлі құқық бұзушылыққа барып жатады. Ол кезде мұғалімдер жанында болмайды, өйткені бұл – олардың жұмыс уақыты емес. Соған қарамастан педагогтер жазаланды. Бұл – әділетсіздік, – деді Мәжіліс депутаты.

Жаңа нормаға сәйкес, жазғы демалыс, түнгі уақыт немесе сабақтан тыс кезеңде балаға толық жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Осылайша, педагогтердің құқықтық қорғалуы күшейіп, олардың жауапкершілік шеңбері нақты белгіленбек.

Бала құқық бұзбас үшін ата-ана не істеуі керек?

Мамандардың пікірінше, баланың бос уақыты – оның мінез-құлқы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды кезең. Егер бұл уақыт бақылаусыз қалса, жасөспірім түрлі теріс әрекеттерге бейім болуы мүмкін.

Ең алдымен, ата-ана баламен тұрақты байланыс орнатуы қажет. Ашық әңгіме, сенімге негізделген қарым-қатынас баланың ішкі күйін түсінуге мүмкіндік береді. Бала өзін тыңдайтын, қолдайтын орта барын сезінуі керек.

Сонымен қатар, баланы пайдалы істерге бағыттау маңызды. Спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер, тіл курстары немесе еріктілік жобалар – оның уақытын тиімді өткізуге көмектеседі. Мұндай ортада бала жауапкершілікке, тәртіпке үйренеді және өзін дамытуға мүмкіндік алады.

Тағы бір маңызды фактор – үлгі көрсету. Балалар көбіне ата-анасының іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан отбасындағы тәртіп, мәдениет, қарым-қатынас деңгейі баланың мінезіне тікелей әсер етеді.

Сарапшылардың айтуынша, шектен тыс бақылау да, толық еркіндік те қауіп тудыруы мүмкін. Ал дұрыс бағытталған тәрбие баланы құқық бұзушылықтан сақтап, оның тұлға болып қалыптасуына жол ашады.

Оқи отырыңыз