Енді МӘМС-тегі ақшаның қалай және қайда жұмсалғаны жарияланады

Медициналық ұйымдар МӘМС жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты жариялауға міндетті болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында бірыңғай мемлекеттік медициналық көмек пакетін әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл пакет кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмекті нақтылап, МӘМС пен ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) арасындағы қайталануды болдырмауға бағытталған.
Жаңа заң жобасындағы негізгі өзгерістер:
Біртұтас пакет енгізіледі
Енді азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтер нақты әрі түсінікті болады. Бұл жүйе медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қаржыландыру шектері қайта қаралды – МӘМС жарналарын есептеу кезінде:
-
жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы),
-
жұмыскерлер үшін – 20 ЕТЖ шегі белгіленді.
Сақтандыру мәртебесі 6 айға сақталады
Өз бетінше 5 жыл бойы үздіксіз жарна төлеген азаматтар табыссыз қалған жағдайда 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады (бұрын – 3 ай).
ТМККК пакеті сақталады – Сақтандырылу мәртебесіне қарамастан:
-
вакцинация,
-
онкоскрининг,
-
әлеуметтік маңызды және инфекциялық ауруларды диагностикалау мен емдеу,
-
шұғыл, паллиативтік және мейіргерлік көмек түрлері көрсетіледі.
Бақылау тетіктері күшейеді
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне рұқсатсыз қызмет көрсету фактілерін анықтау құзыреті беріледі.
Медициналық көмектің қолжетімділігі артады
Енді көздің мөлдір қабығын және гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда қолжетімді болады.
Әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейеді
Жергілікті атқарушы органдар МӘМС жүйесіне осал топтарды қосу үшін жауапты болады, бұл жұмыс жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
