Енді кез келген QR-мен төлем жасауға болады: жаңа жүйе қашан іске қосылады?

 ЖИ арқылы жасалды
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда көптен бері талқыланып жүрген бірыңғай QR-төлем жүйесі жақын арада толық іске қосылады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, 19 шілдеден бастап елде банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі жұмысын бастайды.

Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін азаматтар қай банктің клиенті екеніне қарамастан, кез келген банктің QR-кодын өз қосымшасы арқылы сканерлеп, төлем жасай алады.

Қазір көптеген қазақстандықтың смартфонында бірнеше банк қосымшасы орнатылған. Себебі дүкендер мен қызмет көрсету орындарында әртүрлі банктердің терминалдары қолданылады. Кей жағдайда сатып алушының қосымшасы сатушының төлем жүйесімен сәйкес келмей, қолма-қол ақша іздеуге немесе басқа банк картасын пайдалануға тура келеді.

Бірыңғай QR жүйесі дәл осы мәселені шешуді көздейді. Яғни төлем жасау үшін терминалдың қай банкке тиесілі екені маңызды болмайды.

Жобаны іске қосу неге ұзаққа созылды?

Сенаттың жалпы отырысында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай ауқымды жобаны іске асыру оңай болмағанын айтты.

Биыл 19 шілдеден бастап банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында биылғы 1 мамырдан бастап экономиканың жаңа бағытын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды – деді ол.

Ұлттық банк бұл жобаны бірнеше жылдан бері әзірлеп келеді. Бастапқы жоспар бойынша жүйе 2026 жылдың алғашқы тоқсанының соңына дейін толық іске қосылуы тиіс болған. Алайда банктердің ақпараттық инфрақұрылымын біріктіру және қауіпсіздік мәселелерін шешу қосымша уақытты қажет етті.

Сүлейменовтің айтуынша, негізгі міндет әр банктің өз ішінде қалыптасқан төлем экожүйесін қауіпсіз түрде ортақ платформаға біріктіру болған.

Бірыңғай QR жобасы нөлден басталған жоқ. Оның алғашқы кезеңі 2025 жылғы 13 қарашадан бастап іске қосылып, дүкендер мен қызмет көрсету орындарында банкаралық QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі пайда болған еді.

Енді жоба толыққанды режимде жұмыс істеп, барлық қатысушы банктер үшін ортақ төлем алаңына айналмақ.

Қазақстандықтар шетелде де QR арқылы төлей алады

Ұлттық банк жобаны тек Қазақстан аумағымен шектеуді жоспарлап отырған жоқ. Реттеуші орган қазақстандықтардың шетелде жүрген кезде де өз банк қосымшалары арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұл туралы бұған дейін Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жәленов мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, алдымен барлық қазақстандық банктер бірыңғай жүйеге толық қосылуы тиіс. Одан кейін халықаралық интеграция кезеңі басталады.

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдерімен, Түркиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алғашқы пилоттық жобаларды келесі жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланған.

Егер жоба жүзеге асса, қазақстандықтар шетелдегі дүкендерде немесе қызмет көрсету орындарында өздерінің банк қосымшалары арқылы QR-кодты сканерлеп төлем жасай алады.

Қандай банктер қосылып үлгерді?

Қазір бірыңғай QR жүйесіне бірнеше ірі банк толық қосылған.

Олардың қатарында:

  • Halyk Bank;
  • Bank CenterCredit;
  • Home Credit Bank;
  • Freedom Bank;
  • Bank RBK;
  • Altyn Bank бар.

Ұлттық банктің мәліметінше, қалған қаржы ұйымдары жүйеге кезең-кезеңімен қосылып жатыр.

Сондай-ақ Kaspi Bank те жаңа жүйеге қосылуға ниет білдірген. Алайда техникалық интеграция үшін бірнеше ай уақыт қажет болуы мүмкін.

Телефон нөмірі арқылы аударымдар да кеңейеді

Бірыңғай QR жүйесімен қатар, телефон нөмірі арқылы банкаралық ақша аудару қызметі де дамып келеді.

Қазіргі уақытта бұл сервиске тоғыз банк қосылған. Ұлттық банк алдағы кезеңде еліміздегі барлық банкті осы жүйеге қосуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз