Еңбек миграциясына ресми жол ашылды: Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қанша табыс таба алады?

Еңбек миграциясына ресми жол ашылды: Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда қанша табыс таба алады?
Фото: ЖИ

Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа жол ашылды. Еліміз еңбек мигранттарын қабылдауға арналған Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосылды. 

Қазақстандықтар Кореяға 2028 жылдан бастап бара алады

Қазақстан аталған бағдарламаға қатысушы 18-ел атанды. Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде EPS жүйесіне бұған дейін Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан қосылған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алғашқы қазақстандық жұмысшылар Оңтүстік Кореяға осы жүйе арқылы 2028 жылдан бастап бара алады. Оған дейін екі ел арасында бірқатар рәсім аяқталуы керек. Атап айтқанда, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, Қазақстанда корей тілінен емтихан қабылдайтын EPS-TOPIK орталығын ашу жоспарланып отыр.

Бағдарламаға қатысу үшін кандидаттар бірнеше кезеңнен өтеді. Оның ішінде корей тілінен тест тапсыру, кәсіби біліктілікті бағалау және медициналық тексеруден өту бар. Үміткерлерді іріктеу мемлекеттік жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ретте азаматтарға жұмыс тауып береміз деп ақша сұрайтын бейресми делдалдарға жүгінудің қажеті болмайды. Алайда EPS жүйесіне ену әрбір үміткер автоматты түрде Кореяға жұмысқа орналасады дегенді білдірмейді. Кандидат бағдарлама талаптарына сай келіп, белгіленген іріктеу кезеңдерінен өтуі тиіс.

Кореяда қанша ақша табуға болады?

Оңтүстік Кореядағы жалақы жұмыс саласына, еңбек өтіліне және жұмыс уақытына байланысты өзгереді. EPS жүйесі негізінен өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек мигранттарын қабылдауға мүмкіндік береді.

Кореяда ең төменгі жалақы мөлшері жыл сайын қайта қаралады. Бұған қоса, үстеме жұмыс, түнгі ауысым және демалыс күндеріндегі еңбек үшін қосымша төлем қарастырылуы мүмкін. Сондықтан нақты табыс жұмыс орны мен еңбек шартына байланысты болады.

Қазақстандықтар Кореяға бұрыннан барып жүр

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп баруы жаңалық емес. Соңғы жылдары көптеген қазақстандық елге еңбек ету мақсатында барған. Алайда олардың арасында заңсыз жұмыс істеп, елде рұқсатсыз жүрген азаматтар да болған.

2025 жылы кореялық биліктің деректеріне сілтеме жасаған ақпарат құралдары Оңтүстік Кореяда шамамен 15 мың Қазақстан азаматы болғанын жазған. Олардың едәуір бөлігі заңсыз еңбек қызметіне тартылған.

Енді Қазақстанның EPS жүйесіне қосылуы азаматтарға Кореяға заңды түрде барып, еңбек келісімшарты негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға және заңсыз делдалдық пен жұмысқа орналасу тәуекелдерін азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Оқи отырыңыз