Өсіп-өнген Нұрсебеповтер отбасы

24 June 2019, 18:33 5170

El.kz  порталы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңін артқа тастаған отбасыларды таныстыруын жалғастырады. Бүгін біз маңғыстаулық өсіп-өнген әулет Нұрсебеповтер туралы әңгімелейтін боламыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын!» – деп, қазақ халқының демографиясы жақсы көрсеткішке жеткенін қалап, ақ тілегін жаудырған еді. Иә, отбасы жеке тұлғаның ар-ожданын, сана-сезімін, ақыл-ойы мен адамгершілігін, мәдениетін тәрбиелейтін алғашқы қадам боп саналады. Ал саналы жеке тұлға мемлекеттің басты капиталы екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар.

Өсіп-өнген Нұрсебеповтер отбасы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ұштаған ауылында тұрады. Нұрхан ата мен Айтбике әжеден алты ұл, алты қыз тараған. Бүгінде немере мен шөберенің балдай тәтті қылықтарына тоймай отырған қариялар өздерінің бақытты жандар екенін айтады.

Нұрхан Нұрсебепов 1939 жылдың 3 қазанында осы Ұштаған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келеді. Әкесі Әжібаев Нұрсебеп шаруашылықта шопан болып қызмет жасаған. Анасы да сол шаруашылықта аз-кем жұмыс жасайды да, балалар тәрбиесімен үйде отырады. Нұрхан атай әкеден тоғыз болыпты.

– Қара шаңырақты ұстап, әкем мен анамның қолында болдым. 1947-1957 жылдар аралығында Ұштаған ауылындағы Ленин атындағы 10 жылдық мектепте тәлім алдым.  Мектеп бітіргеннен кейін әкеме қолғабыс жасап, шаруашылықта жұмыс жасадым. 1959-1962 жылдары қазіргі Ресей Федерациясының Сверловск облысында әскери қызметте болып қайттым. Әскерден келгесін 1962-1994 жылдар аралығында Ұштаған ауылына қарасты Бірінші фермада Жұмажан Нұровтың қарамағында екінші шопан болып қызмет жасадым. Үйленген соң, отбасын асырау мақсатында күндіз-түні тынбай еңбек еттім. Соның жемісі болар, 1977-1978 жылдары «Әлеуметтік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерімен марапатталдым, – дейді қазыналы қарт.

Нұрхан атай мен Айтбике әже 1966 жылы отау құрады. Олардың достық қарым-қатынасы одан бір-екі жыл бұрын басталған екен.

– Біз шаңырақ көтергенде апаң 17 жастағы бойжеткен еді. Ал менің жасым 27-ге таяп қалған. Екеуміздің бір-екі жылдық таныстығымыз бар-тын. Ең қызығы мен апаңды түнде жаяу алып қашқанмын, – деп күледі Нұрхан Нұрсебепұлы.

Айтбике Нұрсебепова 1949 жылы осы 362 әулиелі мекен Маңғыстауда өмірге келген.

– Анам мен екі жасқа жетпей дүниеден өтіпті. Кейін әкем де қайтты. Мен ағам мен жеңгемнің қолында өстім. Солардың тәрбиесін алдым. Нұрхан атаңмен табысып, Алланың қалауымен алтын құрсақты ана атанып, 12 баланы өмірге әкелдім. 1992 жылы «Батыр ана» орденімен марапатталсам, 2004 жылы «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері болдым. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, 50 немере, 3 шөбере көріп отырған бақытты жандармыз, – дейді Айтбике әже.

Саналы ғұмырын шаруашылықта еңбек етумен өткерген Нұрхан Нұрсебепұлы 1994 жылдан бері еңбек демалысында екен. Көз ашқалы бейнет көрген қариялар бүгінде өз орындарын тапқан ұл мен қыздың, немере мен шөберенің ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеді.

– Біздің өміріміз шаруашылықпен тығыз байланысты. Кеңестік заманда малды ауылға тексеруші уәкілдер жиі келетін. Мал болған соң, оның ауырып не өліп  қалатындары болады, соған орай үйде екі жүз литрлік бөшкеге емдік көже ашытамыз. Бір еврей ұлтының уәкілі қойға деген көжені құмары қанғанша ішіп кеткенін көріп, әбден күлкіге қарық болғанымыз бар. Тағы бір қызықты оқиғамен бөлісейін, апам (енем) ауылға келе жатқанда, қасына Тұманбаев деген мал тексеретін уәкіл еріпті. Содан апам оны танымай, «Осы Тұманбаев деген бәле болды, келген сайын тиісіп кетуге құмар» деп әңгімені соғып келе жатпай ма? Қайын ағам «сен нақ сол адамның өзіне айтып келе жатқанын қызық екен» депті, – дейді Айтбике әжей.  

Бұл отбасыдан шыққан алты ұл мен алты қыз еңбексүйгіш, мейiрімді де аса қамқор  әке мен анасын мақтан тұтады.

Әкем отыз екі жыл бойы шопан болған жан. Анам да сол шаруашылыққа қолғабыс ете отырып, біздің тәрбиемізге аса мән берді. Ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығына бөленіп өстік. Еркелігімізді көтеріп, шалыс басқан қадамдарымыздың бәрін кешіріп келді. Әрқашан ақыл-кеңестерін айтып, өмірден өз жолымызды табуға барларын салды. Жақсылыққа итермелеп, қайырымдылыққа баулыды. Олардан алған тәрбиеміз өмір бойы азық болып келеді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген сөздің мән-мағынасын енді терең түсінгендейміз, – дейді балалары.

Oтбacының ең мaңызды қызметтеpiнiң бipi – тәpбиелеушiлiк мiндетi, oны қoғaмдық тәpбиенiң ең тиiмдi деген жүйеci де aлмacтыpa aлмaйды. Oның негiзгici – бaлaны өмipге келтipу ғaнa емеc, coнымен бipге oғaн әлеуметтiк-мәдени opтaның құндылығын қaбылдaттыpу, үлкен ұpпaқтың тәpбиеciн жac ұpпaққa жеткiзу, бoйынa ciңipту, яғни бaлaлapын өздеpiн қopшaғaн opтaғa және қoғaмғa пaйдaлы aзaмaт етiп өcipу әке-шешенiң ең мaңызды мiндетi. Aтa-aнaның, бacқa дa oтбacы мүшелеpiнiң өмip cүpу тәжipибеci, жүpic-тұpыcы, өз мiндеттеpiн тaзa aтқapу, бip-бipiн құpметтеп cыйлaуы – бәpi де үлкен мектеп, тәpбиелiк мәcеле. Нұрсебеповтер әулеті дәл осындай мектеп болған іспетті.

– Қыз баланың тәрбиесінде ананың рөлі басым. Біздің анамыз ең бірінші әкені сыйлауды үйретіп, оның қарғысына қалудан сақтануға тәрбиеледі.  Өзінің білетін барлық өнерін біздің бойымызға құйып, қазақы салт-дәстүрдің жоғалмауына аса мән берді, – дейді қыздары.

Нұрхан мен Айтбикеден тараған ұл-қыз бүгінде бір-бір үйдің тұтқасын ұстап, түтінін түтетіп отыр. Олардың қатарында мұғалім, мұнайшы, кәсіпкерлер бар.

Ұлым Дәурен «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы, технологиялық транспорт басқармасының жүргізуші болып жұмыс жасаса, Сәкен «Бозашы Транс Аймақ» мекемесінің автокран жүргізушісі. Қызым Марал Түгелова «ҚазМұнайГаз» компаниясында бақылаушы қызметінде, ал жолдасы Түгелов Жексембай «Қаламқас» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасайды. Сара деген қызым бүгінде үй шаруасында отыр, көп балалы ана. Ал жолдасы Нұрлан Құрманов ГПТУ-145 мекемесінде электрик қызметінде, дейді Айтбике ана.

Үйдің бесінші перзенті Жаңагүл жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Жолдасы Айдос Назаров екеуі бес баланы тәрбиелеп келеді. Ал Ақгүл Нұрсебепова үй шаруасындағы көп балалы ана, жолдасы Көбесов Нұрлан  «Қаражанбас»  мекемесінің жүргізуші екен. Ал Керек Нұрханұлы жеке кәсіптен өз нәсібін теріп жүр.

Тағы бір қызым Ажар көпбалалы ана, «Күміс алқаның» иегері. Жолдасы Бауыржан Жүгінісов бұрғылаушы көмекшісі болып қызмет етеді. Ұлым Бисенбек Маңғыстау ауданы, Ұштаған ауылы, А.Өтепбергенов атындағы орта мектебінің еңбек пәні мұғалімі, жұбайы Амандаулетова Ғалия осы мектептің жанынан ашылған интернат тәрбиешісі болып жұмыс жасайды. Ұлдарым Шынтас осы ауылдағы А.Өтепбергенов атындағы орта мектептің бағбаны болса, жұбайы Жадыра Онңғарбаева  мектеп тазалықшысы.. Көп балалы отбасы. Ұлдардың кенжесі Жетпісбай «SK PETROLEUM» ЖШС-да эскпедитор-жабдықтаушы, жұбайы  Айман Құрақбаева Жетібай ауылдық ауруханасының медбикелік қызметінде. Сүт кенжем Назгүл Нұрханқызы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Жетібай ауылының №4 орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, география пәні мұғалімі. Мектепті де, оқу орнын да үздік тәмамдады, дейді Нұрхан қарт.

Нұрсебеповтер отбасысы үшін басты мереке – көрісу күні болып есептеледі екен. 14 наурызда барлық отбасы мүшелері қара шаңырақта бас қосып, сыйлықтарын үлестіріп, мерекелік дастарханға отырады.

Біздің отбасыда қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі керемет сақталған. Ұл-қыздарымның барлығы да сол ата-баба салған ізбен үйленді, ұзатылды. Қазақылықтың қаймағын бұзбай немере мен шөберелерімізге жеткізуге тырысамыз. Ұлттың ұлт екені оның салт-санасынан білінеді емес пе? дейді асыл әже.

 «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген қазақ нақылын жиі айтатын Айтбике әжей ұлдарын әкесіне қарсы келмеуге тәрбиелеген.

Ал қыздарыма  «келін боп түскенде ене бетіне қарсы келуші болмаңдар» деуден жалыққан емеспін. Қазір, шүкір қыздарым барған жерінде бақтарын тауып, бала-шаға өрбітіп, отбасы ұйытқысы болып отыр. Өз келіндеріме де ешқандай өкпем жоқ, қолдарынан іс келетін жандар, – дейді ана.

Қыздарына 11-12 жастан бастап,  жүн сабатып, киіз бастырып, ши оратып, бау-басқұр тоқытып, киім тігуді үйреткен әже бүгінде немерелерін де қолөнерге баулып келеді.

– Ортаншы қызым тігін цехын ашты. Сол сияқты бір ұлым да ағаштан ою ойып, түрлі сәндік заттар жасап келеді.

Бисенбек Нұрханұлы ІІ топтағы мүгедектігіне қарамай, қазақ ұлттық ойындарын жаңғыртып, түрлі деңгейдегі жарыстарға белсене ат салысуда. Бүгінге дейін түрлі турнирлерге қатысқан оның асығы алшысынан тұрып, қоржыны жүлдеге толған.

– Үлкен немерем Дәуренұлы Айболды бокстан облыстық, респбуликалық, халықаралық жарыстарға белсене қатысып келеді. Жасөспірімдер арасындағы додаларда талай рет жеңіс тұғырынан көрінген. Ал Сәкенұлы Шапағат Орал қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін балалар мектеп-интернатының 12 сыныбында оқиды. Ол мектепте құрылған «Қанағат» триосының мүшесі. Түрлі өнер байқауларына қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Өткен жылы шығармашылық жолда жүргеніне бес жыл толуына орай, ауылда концерттік кеш өткізді. Сол сияқты Шапағат өзі секілді жарымжан балаларға әрқашан демеу көрсетіп, олардың алға жылжуына септігін тигізіп келеді, – дейді Нұрхан ақсақал.

«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұлы мен қызы» – деген сөзге толық қосылатын қариялар, бүгінде сол ұл-қыздарының арқасында шалқып өмір сүріп жатқандарын айтады.

– Мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деп сөзін аяқтады Нұрхан қарт.


Share: