Францияда соңғы кездері саясатта жүрген жас буын билікте белсенділік таныта бастады. Бұрын ел басқару ісі өмірлік тәжірибесі мол, жасы үлкен адамдардың еншісінде сияқты көрінетін. Ал қазір жергілікті билікке жиырмаға да толмаған жастар келіп, жұрттың назарын өзіне аударып жатыр. Соның бірі – 19 жастағы Ян Трэтёр. Ол Номекси коммунасының әкімі болып сайланып, Франция тарихындағы ең жас әкім атанды.
Бұл жаңалық француз қоғамында ерекше талқыланды. Себебі студент жасындағы жігіттің елдегі тәжірибелі саясаткерлермен бәсекеге түсіп, жеңіске жетуі көпшілік үшін тосын жағдай болды. Францияда 18 жасқа толған азамат жергілікті сайлауға түсіп, мемлекеттік қызметке үміткер бола алады. Соның арқасында саясатқа жаңа буын ертерек араласып, өз көзқарасын ашық білдіре бастады.
Жеңісті шешкен бес дауыс
2026 жылдың наурызында өткен муниципалдық сайлауда Ян қарсыласынан санаулы ғана дауыспен озып шыққан. Ол сайлаушылардың 50,23 пайыз қолдауына ие болған. Ал оның басты қарсыласы – осыған дейін әкім қызметін атқарып келген 62 жастағы Мартин Буллиат. Екеуінің арасын бар болғаны бес дауыс қана бөліп тұрған. Аз ғана айырмашылық болғанымен, бұл жеңіс жас саясаткер үшін үлкен қадам болды.
Саясатқа мектеп жасынан келген
Ян саясатқа кеше келген адам емес. Ол бұл салаға жасөспірім кезінен қызыққан. Партия жұмысына 15 жасынан араласып, кейін депутаттың көмекшісі ретінде тәжірибе жинаған. Әкім болып сайланған сәтте Саяси ғылым факультетінде білім алып жүрген. Жас болғанымен, ол өзіне сенім артып, қоғамға жаңаша көзқарас ұсынуға тырысқан.
Ол команда жасақтағанда да тек жастарды ғана емес, тәжірибелі адамдарды жинап, тепе-теңдік сақтауға мән берген. Сайлау тізіміндегі адамдардың орташа жасы 47 шамасында болған. Осы арқылы жас әкім өзінің жігерін аға буынның тәжірибесімен ұштастыруды көздеген.
Бұл тек бастамасы болуы мүмкін
Әкім болғаннан кейін де ол саясаттағы белсенділігін тоқтатпады. Біраз уақыттан соң өңірлік деңгейдегі қызметке де үміткер болып көрді. Бұл жолы жеңіске жете алмағанымен, оның саясаттағы жолы мұнымен аяқталмайтыны анық еді. Көпшілік оның алдағы уақытта бұдан да жоғары қызметтерден көрінуі мүмкін екенін айта бастады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жастар саясатқа жаңа тыныс әкеліп жатыр
Мамандардың айтуынша, бүгінгі зумер саясаткерлердің өзгешелігі – олардың халықпен сөйлесу тәсілінде. Олар әлеуметтік желіні жақсы пайдаланады, тұрғындардың мәселесіне жылдам назар аударады және ресми тілден гөрі қарапайым сөйлегенді жөн көреді. Сол себепті жастардың саясатқа келуі қоғам үшін тосын емес, уақыттың өзі талап етіп отырған өзгеріс сияқты қабылданып жатыр.
Ян Трэтёрдің жеңісі бір ғана шағын қаланың жаңалығы емес. Бұл саясатқа жаңа буынның келе бастағанын көрсеткен оқиға болды. Бұрын жастар саясатқа қызықпайды деген пікір айтылатын. Ал бүгін сол жастардың өзі билікке келіп, қоғамды өзгерткісі келетінін байқатып отыр.