Қазақстан оқушыларының білім көрсеткіші әлем елдері арасындағы рейтингте 58-орынға жайғасты. Зерттеуде отандық оқушылар 406,7 балл жинаған.
Канаданың Visual Capitalist платформасының сарапшылары ЮНЕСКО, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) PISA халықаралық зерттеу бағдарламасы, АҚШ-тағы NAEP білім жетістіктерін бағалау жобасы және Дүниежүзілік банк деректеріне сүйене отырып, әлем елдерінің білім беру жүйесіне талдау жасаған. Зерттеу мақсаты – оқушылардың білім деңгейін салыстырып, қай елдерде орта білім беру жүйесі тиімді жұмыс істейтінін анықтау.
Оқушылардың білімі қалай бағаланды?
Зерттеуде 15 жастағы оқушылардың білімі үш бағыт бойынша сараланған. Олар – жаратылыстану ғылымдары, математика және оқу сауаттылығы.
Жаратылыстану пәндеріне физика, химия, биология мен география кірген. Ал оқу сауаттылығы мәтінді түсініп оқу, ақпаратты қабылдау және талдау, сыни ойлау қабілеті арқылы бағаланған.
Әр бағыт бойынша оқушылардың білімі 100-ден 600 балға дейінгі шкаламен өлшеніп, алты деңгейге бөлінген. Бірінші деңгей – базалық білімді, алтыншы деңгей – жоғары дайындықты білдіреді. Кейін үш бағыттағы нәтижелердің орташа көрсеткіші есептелген.
Зерттеуге әлемнің 91 елі мен автономиялық әкімшілік аумағынан 760 мыңнан астам оқушы қатысқан.
Қазақстан оқушылары қай пәндерден жоғары нәтиже көрсетті?
Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан 406,7 балл жинап, әлемдік рейтингте 58-орынға орналасты.
Отандық оқушылардың көрсеткіші Болгариядан (404,3 балл), Малайзиядан (403 балл), Әзербайжаннан (401,7 балл), Кипрден (400,7 балл), Сауд Арабиясынан (396,7 балл), Армениядан (364,3 балл), Тәжікстаннан (361,3 балл) және Қырғызстаннан (357 балл) жоғары болған.
Қазақстандық оқушылар жаратылыстану ғылымдары мен математикадан жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл бағыттар бойынша тиісінше 420 және 414 балл жинаған. Ал оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіш 385 балды құраған. Зерттеуде дәл осы бағыт оқушыларымыздың әлсіз тұсы деп көрсетілген.
Сарапшылар пайымдауынша, бұған мәтінді түсінуге емес, оны мүмкіндігінше жылдам оқып шығуға басымдық беру әдеті әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда оқушы мәтіннің мәніне терең бойламай, сұрақтарға қате жауап беруі ықтимал.
Зерттеу авторлары оқу сауаттылығының төмендеу үрдісі тек Қазақстанға тән емес екенін атап өткен. Бұл мәселеге әлемнің көптеген еліндегі жасөспірімдер де тап болып отыр.
Сарапшылар мұның бірнеше себебін алға тартады. Олардың қатарында цифрландыру мен экранға телмірген өмір салтының оқу дағдысына әсері, кітапты қызығушылық үшін оқитындардың азаюы, сондай-ақ COVID-19 пандемиясынан кейін оқушылардың оқу мен мектепке деген көзқарасының өзгеруі бар.
Білім көрсеткіші ең жоғары елдер
Зерттеу нәтижесінде әлемдегі ең жоғары көрсеткіш Қытайдың Бейжің, Шанхай қалалары мен Цзянсу және Чжэцзян провинцияларындағы оқушыларға тиесілі болған. Олар үш бағыт бойынша орта есеппен 578,7 балл жинаған.
Екінші орында – Сингапур. Бұл елдің оқушылары 552,7 балл иеленген. Үздік үштікті 531,3 балмен Тайвань түйіндеген.
Алғашқы ондыққа Макао (530,3 балл), Жапония (522 балл), Оңтүстік Корея (516,3 балл), Эстония (511,3 балл), Гонконг (499,3 балл), Ұлыбритания (497,7 балл) және Жаңа Зеландия (495,3 балл) да енген.